Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 16.06.2019

Іскер басшы
Жаһандану дәуірі – әлем елдерін бәсекелестік жағдайына алып келетін болса, осы аламанда білім жүйесі еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс. "Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз”, – деген Елбасы сөзі білім қызметкерлері үшін межеге жетер жолдағы бағдаршам болмақ.
XXI ғасыр инновациялық технологияларымен ерекшеленеді. Заман көшінен қалмай, ақпараттар ағынына төтеп беретін интеллектуалды, пайым-парасаты кемел, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу бүгінгі мұғалімнің міндетіне айналып отыр. Мақсатқа қол жеткізу үшін, алдымен, мұғалімінің өзі жаңашыл, әлемдік білім кеңістігінде еліміздің намысын қорғар білімдар ұрпақтың жолбасшысына айнала алу қабілеті бар тұлға болуы тиіс. Осы орайда ұрпақ тәрбиешілерінің кәсіби қалыптасуы жолында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қосып жатқан үлесін атап кетпеске болмайды. Аталмыш институтта педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Мұқанованың басшылығымен түрлі бағытта ауыз толтырып айтар игі істер жүзеге асу үстінде.
«Saatchi & Saatchi» жарнама агенттігінің жетекшісі Кевин Робертс іскер басшыға қажетті мынандай кеңестерді атап кетеді. Олар: мақсат қоя білу, көптеген ой-идеялардың болуы, өзгелерді шабыттандыру, ойдағыны іске асыру. Мұны бекер қозғап отырған жоқпын. Өйткені, бойында іскер басшыға қажетті осы қасиеттердің барлығына Сәулеш Дімкеш­қызының басшылығымен ат­қарылып жатқан істер бірден-бір дәлел болады.
Халқымызда адам бойынан жылт еткен жақсылықты танып қалса, оны шыққан тегімен байланыстыратын аталы дәстүр бар. Сәулеш Дімкешқызының да ұстаздар әулетінен шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Бір қызығы, біздің институтымыздың ашылғанына 66 жыл болатын болса, әр жылдары көптеген азаматтар басшылық қызметтер атқарды. Соның ішінде бір әулеттен шыққан үш бірдей ұрпақтың қызмет атқаруы сирек кездеседі. Ең алдымен, 1949 - 1951 жылдары Сәулеш Дімкешқызының нағашы атасы Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі Балқаш Әбиұлы директор болып басқарса, одан кейін 1985-1986 жылдар аралығында  Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі Сара Балқашқызы (анасы) мықты әдіскерлік қызмет атқарды.
Ал, 2012 жылдан бастап Сәулеш Дімкешқызының өзі басшылық жасайды. Міне, осындай әулеттен шыққан жанның да өзін ұстаздық жолға арнағаны кездейсоқтық емес екен.
Біздің педагогикалық ұжымда игі мақсаттарға ұмтылған адамдар жиналған. Ұжымда мамандарға артылған жауапкершілік зор. Жұдырықтай жұмылып қызмет ететін мамандарға бағыт-бағдар беріп, институтты алға сүйреуде, жетістіктерге жетуге басшымыздың да атқарып отырған жүгі ауқымды. Соңғы жылдары қазақстандық білім кеңістігіне енген елеулі жаңалықтар Сәулеш Дімкешқызының да назарынан тыс қалған емес. Мысалы, PISA бағдарламасын алайық. Шетелдік әріптестердің тәжірибесінде оқушылардың жай ғана білім алып қоймай, оны қолдана білуі басты назарда болады. PISA халықаралық зерттеулері оқушының білім сапасын зерделеу­ге бағытталған. Оны Еуропадағы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өткізеді. Оған мүше 65 ел осы зерттеуге қатысады. Бұған дейін де екі мәрте PISA бойынша сынақтан өткен Қазақстан 2015 жылы сәуірде өтетін зерттеуге үшінші рет қатыспақшы. Осы бағытта дайындық жұмыстары да бас­талып кетті. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалында Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ 2014 жылдың 8 қыркүйегінен бастап аймақтағы 8-9 сыныптардың 675 мұғалімін PISA бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді біліктілік арттыру курсынан өткізу қолға алынды.
Ұжымдағы педагог кадрлардың кәсіби тұрғыдан дамып жетілуін жандандыру мақсатында институтымызда шетелден тағлымдамадан өту және шетелдік әріптестермен ынтымақтастық байланыс орнату тәрізді мәселелер оң шешімін тауып отыр. Атап айтқанда, 2014 жылы 14-23 мамыр аралығында Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ төрт маманы Корей еліндегі Саншил Кибер университетінен «Smart Learning Programme for specialists of the Republic of Kazakhstan»  бағдарламасы бойынша машықтанудан өтсе, 2014 жылдың 15 мен 19 қыркүйегі аралығында Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ филиалында деңгейлік бағдарламалар орталығының тренерлеріне тәлімгерлік көмек көрсету мақсатында Кембридж Университеті білім беру факультетінің сарапшылары Дэвид Барнс пен Питер Каннингем дәріс оқып қайтты.
Сондай-ақ, институт мамандары Қазақстанның өзге облыстарында ұйымдастырылатын шараларға да атсалысып отырады. Сәуірде Атырау қаласында Атырау облысының әкім орынбасары, білім жүйесі басшылары қатысуымен «Педагогтардың біліктілігін арттырудың жаңа форматы: мәселелер мен келешегі» тақырыбында «Өрлеу» БАҰО» АҚ дөңгелек үстел ұйымдастырылды.Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директоры С.Мұқанова «Әлеуметтік серіктестік Қарағанды аймағы педагогтарының біліктілігін арттыру бағдарламасын табысты жүзеге асыру шарты ретінде» баяндамасымен отырыста сөз сөйлеп қайтты.
Біздің институтымызда мұғалім­дердің теориялық тұрғыдан біліктілігін жетілдіруге ғана емес, маманның рухани-адами қасиеттерінің дұрыс қалыптасып, бір арнаға түсуіне де ерекше мән беріледі. Мәселен, биылғы жылы Сәулеш Дімкешқызының басшылығымен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚБА институты қызметкерлері жыл сайынғы республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысты. Акция жұмысы барысында балаларын мектепке дайындай алмайтын, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек көрсетілді.
Биылғы жылдың қазан айының 21-23 аралығында Алматы қаласында әдіскерлердің инновациялық және кәсіби-маңызды тәжірибесін анықтау және тарату, олардың кәсібилігін арттыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның ұйымдастыруымен  өткен «Жылдың үздік әдіскері» республикалық байқауында Қарағанды облысының командасы аймағымыздың намысын қорғады. Облыстық кезеңнің жеңімпаздарынан тұратын Қарағанды облысының командасы республикалық байқауда жүлделі орындар саны бойынша байқау көшбасшысы болды. Бұл институт басшысы Сәулеш Мұқанованың қатаң талап қойып, нәтижеге бағытталған жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында болды десек, артық айтқандық емес.
Т.ТУҒАНБАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша  ПҚ БАИ жетекші маманы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 646
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px