Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 27.04.2018


Қиындыққа қайыспаған
Соғыс жылдарында фермадан, егістік алқабынан кеш бата сүріне- қабына оралған аналар балаларына жоқтан бар жасап, астарын бергеннен кейін  сығырайған майшамның жарығымен іс тігіп, тоқыма тоқып, солдаттарға жылы киім дайындады. Жастары небары 6-16 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар ауыр жұмысқа ерте араласты. Олардың балалық шақтары ерте аяқталды. Міне, сол кездегі жасөспірімдер бүгінде 80-нен асып, еңбек ардагерлері аталып отыр. Ауылымыздағы күннен-күнге қатары сиреп қалған тыл ардагерлеріміз: Хамит ата, Күмісжан, Бәтима, Махбура апаларымыз Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Үкіметтің 2015.19.01. №992 жарлығы бойынша мерекелік медальмен марапатталып, ақшалай көмек алып, құрметке бөленуде. Ауыл атынан ардагерлерді құттықтай отырып, тірі болса осы ардагерлердің қатарында отырар еді деген оймен Рахима әже туралы ой толғағым келіп отыр.
Рахима әжеміз 1927 жылы Мыржық өңірінің Шолақбұлақ колхозында дүниеге келген. Қарашоқы елді мекенінде 4 сыныпты бітіреді. Соғыс басталған кезде бар жоғы 14 жасқа толар-толмас Рахима әженің Алпысбек, Машырбек есімді ағалары соғысқа аттанып, қайтып оралмайды. Рахима әже колхоздың шаруашылық жұмысына араласып, мектептен уақытша қол үзуге мәжбүр болады. Соғыс кезіндегі Үкіметтің саясатына байланысты 1942 жылы Рахима әже, Сыздықов Қабиден ата, Құлмақов Зәйтәй ата, Жәмәрия әже ФЗО- ға шақырылып, 400 шақырымдай жолды ат арбамен жүріп, Қарағанды қаласына еңбек майданына аттанады. Буыны қатпаған жасөспірім балалар цехта жұмыс істеп, екі аяқты арбамен саз балшықтар тасыса, қыздар жіп иіріп, майданға сыртқы киім тігетін тігін цехында көз майларын тауысып, іс тігеді. Осындай ауыр жұмыстарды атқара жүріп, бір-біріне бауыр басып, мөлшермен берілген (150-250гр) қара нан, тарыны бөлісіп жеп, ауыр күндерді бастан кешірді.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, осы адамдар бір-бірімен өле-өлгенше сыйласып өтті. ФЗО –дан қайтып келгеннен кейін Рахима әжеміз сауыншы, қоймашы болып жұмыс істеді. Осы кезде 1941 жылы алғашқы майдангерлердің бірі болып соғысқа аттанған  Жұмағұл Түсіпов 8 гвардиялық атқыштар полкінде елімізді қорғап, 1946 жылы жеңіл жарақат алып, елге оралды. Адам қолы жетіспей жатқан шаруашылықққа белсене кірісіп, бригадирлік қызмет атқарды. Бір колхозда еңбек етіп жүрген Жұмағұл ата мен Рахима әженің сезімдері жарасып, 1948 жылдың күзінде отбасын құрады. Колхоздың барлық ауыр жұмысын бірге атқарған бұл шаңырақта 10 бала дүниеге келіп, екеуі ертеректе шетінеп кетеді. Өсе келе Рымбек, Бағира, Қарлығаш, Қалқа, Алтынбек, Асылбек есімді балалары өздеріне көмекші, қолғанат болады. Егіндібұлақ өңірінде мал шаруашылығының өркендеуіне байланысты Жұмағұл ата бала-шағасымен Мыржық бөлімшесінің Мұстағұл қыстағында шопан болады. Осы жылдары Қытай елінен келген Валиевтар әулеті осы қыстаққа көмекші шопан ретінде жіберіледі. Қара жұмыстың не екенін білмей келген Бәтима әжеге Рахима апа көптеген шаруаны меңгеруге ақылшы болады. Сөйтіп, екі отбасы 4-5 жыл бойы бір қазандағы асты бөліп ішіп, сырлас болады. Сол күндерді осы күні 80-нен асқан Бәтима әже сағына еске алып отырады.
1970 жылы Жұмағұл ата қайтыс болғаннан кейін отбасылық ауыртпалық әженің иығына түсіп, совхоздың барлық маусымдық жұмыстарынан қалмай, басқа қыз-келіншектерге үлгі болады. 4 сыныптық біліммен қалған әже балаларын шамасы келгенше оқытып, елдің қатарынан қалдырған жоқ. Ертеректе «Социалистік Қазақстан», «Мәдениет және тұрмыс», «Ленин туы», басылымдарын үзбей оқыса, кейініректе «Ислам діні» газетін алып, оқып жүрді. Абай атамыз айтқандай «Көкірегі ояу адам басқаны жетелейді» дегендей, балаларына имандылығымен нұр шаша білді.
Артық сөзге жоқ асыл әже орнымен сын да айта білетін. Үлкен отырыстарда, қонақтарда шалбар киген қыз-келіншектерге ескерту жасаса, «малдың обалы жібермейді, сиырды неге кеш сауасыңдар» деп қыз-келіншектерді ұялтушы еді. Ардақты ананың тылдағы еңбегі ескеріліп, Жеңістің 30 жылдығына орай медальмен марапатталды. Сов­хоз тарапынан мерекелік сыйлықтар, Мақтау қағаздарын алды. Осындай құрметті көрген әжеміз отырған жерінде: «Барлығы Үкіметтің арқасы, Үкіметті құрметтеңдер, жалқау болмаңдар»- деп үнемі айтып отыратын.
Тәуелсіздіктің дәмін татқан ардагер ана сүт кенжесі Аман мен келіні Жанардың қолында тұрып, үлкен шаңырақтың ұйытқысы болып, балаларынан тараған 30 шақты немересінің қызық- қуанышына ортақтасты. Бүгінде Рахима әженің балаларының алды Рымбек 64 жаста болса, Бағира 60 жасқа келіп, ата - әже атануда. Ұрпақ жалғасы деген осы.  
Гүлжанат БІЛӘЛОВА.

Қарқаралы ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 505
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1227
count 88x31px