Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 25.04.2018

Әйел құқығын қорғау – өзекті мәселе
Жер бетіндегі нәзік жаратылыс иелерінің өз құқығын қорғау бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Дүниеде зорлық-зомбылық көретіндердің басым бөлігі әйелдер екені белгілі.
2013 жылы Алматыда өткен «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік: Еуроатлантикалық, Еуразиялық аймақ­тардағы мемлекеттердің міндеттемелері және олардың  нәтижелі іске асырылуы» деп аталатын халықаралық жиында осы мәселелер талқыланды.
Конференцияға Қазақстаннан басқа Қырғыз Республикасы, Франция, Ауғанстан, Аустрия, Тәжікстан, Голландия, АҚШ, Грузия, Сербия, Швеция, Ресей, Украина, Босния мен Герцеговина мемлекеттерінің жоғары лауазымды өкілдері мен гендерлік теңдікті үйлестіретін ұйымдарының басшылары қатысты. Конференцияда қыз-келіншектердің ар-намысын аяққа таптау мәселесі ерекше аталып, талқыланды. Әйел құқығы БҰҰ қабылдаған «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» құжатында да атап көрсетілген. Бұлар — ана денсаулығын сақтау, әйелдердің білім мен денсаулық мекемелеріне қолжетімділігі және гендерлік теңдіктің қоғамдық деңгейде қолдау табуы. Бүгінде 139 мемлекеттің Ата Заңында әйел мен ер теңдігі заңдық түрде бекітілген. Бірақ, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, экономикасы дамыған мемлекеттердің өзінде әйел құқығының аяққа тапталуы жиі орын алады.
Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенция мен БҰҰ-ның бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде гендерлік теңдік мәселесінде біраз өрлеу бар. Әлемнің 173 мемлекетінде жүктілік кезінде демалыс ақысы төленеді, 139 мемлекеттің Ата Заңы ер мен әйел теңдігіне кепілдік береді, 125 елдің заңы отбасында ұрып-соғуға тыйым салады, 117 мемлекеттің заңында ер мен әйелге теңдей жалақы төлеу туралы жазылған. Оған қоса 115 елде әйелдерге ресми түрде мүлік құқы берілген. Мысалы, Непалда жерге салынатын салықты алып тастаған соң жекеменшік жылжымайтын мүлікке ие әйелдердің саны үш есеге көбейген. Бірақ, заң жүзіндегі осындай артықшылықтармен қатар кемшіліктер де азаймай отыр. Мысалы, 127 елде отбасында зорлық көрген әйел заң жүзінде қорғалмайды екен. Алматыда өткен конференцияда осы мәселе төңірегінде қызу пікірталас болды. Дүние жүзінде әйелдердің 53 пайызы жұмыс орнында қорғалмағанымен қоса, еркектердің жалақысы әйелдерге қарағанда 10-30 пайызға көп. Бұл мәселені шешуге алдымен кіріскен елдің бірі – Швеция. Бұл мемлекетте бала күтіміне байланысты еркектерге де демалыс беріледі. Соның арқасында әйелдер мен еркектердің жалақысы арасындағы алшақтық азайған.
Әйелдерге қатысты әлемді алаңдатып отырған тағы бір мәселе, қыз-келіншектерге жасалатын қылмыстардың жасырын күйінде қалуы. Сауалнамаға сүйенсек, 57 мемлекеттегі әйелдердің 10 пайызы сексуалды зорлықты бастан өткергенін растаған. Олардың ішінде тек 11 пайызы ғана құқық қорғау мекемелеріне шағым түсірген. Осы әйелдердің 8 пайызы ғана тонауға ұшырағанын айтқан. Оның ішінде тек 38 пайызы құқық қорғау мекемелеріне шағымданған.
Әйел құқығын қорғау дүниежүзілік деңгейдегі өзекті мәселеге айналуда. Заң шығару мекемелерінде әйелдердің санын көбейтуге мүдделі елдер жоқ емес. Мысалы, Африканың орталығындағы Руандада мұрагерлік құқығына ерлер мен әйелдердің теңдей ие болуы жөніндегі заң 1999 жылы күшіне еніпті. 2003 жылғы Руанда Ата Заңы лауазым иелерінің ең аз дегенде 30 пайызы әйелдер болуы керек деп көрсеткен. Бұл елде 2008 жылы гендерлік зорлықтың алдын алу жөніндегі заң қабылданады. 2009 жылдан бастап «Әйелді өз күйеуі зорласа да жауапқа тартылуы тиіс» деген заң шығарылады. 2011 жылы Парламент депутаттары мен Сот төрағаларының 51 пайызын әйелдер құраған. Непал, Коста-Рика, Испания сияқты мемлекеттер де заң шығару мекемелерінде әйелдердің санын көбейтті. Ұлттық Парламенттегі 30 пайыз орынды әйелдер алуы тиіс деген шарттарды әлемнің 28 мемлекеті орындады. Олардың ішінде Руанда әйел депутаттары ең көп мемлекет саналады. Жалпы дүние жүзінің 99 елінде құқық қорғау орындарындағы қызметкерлердің тек 10 пайызы ғана әйелдер.
Конференцияда талқыға түскен БҰҰ-ның «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» бағдарламасында 2015 жылға дейін ауыл-аймақтардағы әйелдердің тұрмыстық деңгейін жақсарту жоспарлары да енген. Ол үшін әйелдер мен қыздардың ақысыз медициналық қызметке қол жеткізуі, толықққанды білім алу мүмкіндіктерін арттырып, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету қажет.
Шәмшіддин Жолкенов,
Шахтинск қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1738
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1226
count 88x31px