Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.10.2018

МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН ЕРЛЕРІ
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойында жеңіске мылтық орнына күрек, қайла ұстап, ұрыс даласындағы әкесін, баласын, жарын, аға-бауырын сағына ойлап, жүрегі қан жылап жүріп, қарнының ашқанына, ұйқысының қанбағанына қарамастан, азаматтардың орнын жоқтатпай, қыстың аязында, жаздың аптабында күн-түн демей ерен еңбегімен жеңіс туының желбіреуіне ересен үлес қосқан аналарымызды да еске алған дұрыс болар.
Менің отбасым соғыс жылдарында Балықтыкөл селосына қарасты «Саумалкөл» колхозында тұрған. Сол кезде ондағы 36 түтіннен алғашқыда 20-дай азамат майданға аттанған. Соғыстың екінші жылында өз өтініштерімен 16 жастан енді ғана асқан 5 бозбала аттаныпты.
Мұрағат құжаттарында көрсетіл­гендей, сол кезде колхоз 400-500 гектардай егін салыпты және 10000 бас қой, 1200 бас сиыр, меншік малымен қоса алғанда 1000-нан аса  жылқы малы болыпты.
Колхоздың барлық шаруашылығы атап айтқанда, мемлекетке астық, ет, жүн, иленген мал терілерін, сиыр сүті, ешкі мен қойдан ірімшік, брынза өндіріп өткізу тапсырмасы қариялар мен әйелдер, жасөспірім балалардың мойнына түскен. Колхозда  бірде-бір трактор, машина болмаған. Техника атаулыдан 1 молотилка,3 лобогрейка, 9 соқа, 3 ат тырнауыш, 7 шөп машина, 16 арба, 13 шана болыпты. Ал, өзге қолға қажетті құрал-сайман – айыр, күрек, тырманы ұсталар қолдан жасаған.
Біздің колхозға қатысты мұрағат деректері былай деп сөйлейді: «Мемлекетке  аталған өнімді өткізудің жоспарын белгілеп, орындалысына ерекше қатаң бақылау жасайтын болған. Белгіленген міндеттеме, тапсырмаларды ешбір мінсіз мерзімінен бұрын орындайтынбыз, егінге март айында қар кетер кетпестен шығып, бірінші майда аяқтағанымыз туралы рапорт беретін. Егін салудағы ең маңызды жұмыстың түрі тұқымды біркелкі шашу еді, оған ұқыптылық пен шеберлік және жаяу жүріске жылдамдық керек. Сондықтан егін себуді жас әйелдер мен қыздарға тапсыратын. Мойынға ілетін дорба болады оған 9 килодай дән сияды, күндік норма 5-6 дорба. Сонда Күлзия Райысова, Дәнкен Жабағина, Мәйміна Сүтемгенова, Әсия Аданова, Катайын Шаймарданова сияқты қыз-келіншектер бір дәнді ысырап жасамай, норманы артығымен орындаушы еді. Жұмыс аяқталғанда шаршадық деген бір ауыз сөздерін естімедік. Жер құнарлы болды ма, егін бітік шығатын, жинау, бастыру да оңай болмайтын.  Оны да сол қыздар атқаратын»
Аналарымыз:  – Қандай жағдай болса да жұмыстан бір күн қалмайтынбыз, жұмыстан қалу Отанға қарсы әрекеттей бағаланған. Тіпті майданнан қара қағаз алып, қайғыдан көкірегі қас айырылып жатқанда да  бір күн жұмыстан қалған емеспіз, - деуші еді.
Шағын колхозда көпке үлгі болған аналар жетерлік. Олар: жары Қыдырбектің, ұлы Қайыржанның майдан даласында қаза болғанына, бірнеше жыл селолық кеңес төрайымы міндетін абыроймен атқарған Рымбала Ділдебаева, соғыстан ері оралмаған, 1948 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне Қу сайлау округінен депутат болып сайланған сауыншы Разия Үкікөзова, сұм соғыс өмір бойы жесір атандырған Рысбала Құсайынова, Рымбала Анафина, Шәкім Жүнісова, Қазина Көпеева, Үлпәт Махамбетшина және тағы басқалар еді.  Әрине, бүгінде олар өмірден өтті. Соғыстан кейінгі жылдарда елдің еңсесін көтеруіне  үлестерін қосты. Жұбайларын сұм соғыс жалмаған Рымбала, Рысбала, Разия, Шәкім аналарым тек еңбекте ғана қажырлық көрсеткен жоқ, шынайы махаббат пен адалдық символы бола білді. Әкесінен ерте айырылған жалғыздарын жеткізіп, қоғамға тамаша ұрпақ тәрбиелеп берді. Еңбектегі қажырлығынан өзге ауыл бірлігін  мықты ұстаған ұйымшыл болыпты. Соғыстан кейінгі ұрпақ – біздер аналарымыздың ишәй дескендерін естімедік, керісінше бірін-бірі әспеттеп, Бәкештің шығарып құйған шайын, Шәкімнің ақ бауырсағын, Ақбұзаудың сықпасын, Бақтыбаланың ашытқан қымызын насихаттап отыратын еді-ау.
Саумалкөл бәйбішелерінің тату сыйластықты жағдайы мен ас ұстау шеберлігі сол кезде елде лауазымды қызмет атқарған  ел ағаларына да мәлім екен. Беріректе елде басшы болған Сұңғат Нығметжанов ағай «Кімнің баласысың?» деп сұрағаны бар. «Жарықтың  қызымын» дедім. Сол – ақ екен «Еее, Саумалкөлдің ақиық  бәйбішесінің қызымын десейші», дегені бар. Бұл сөздің төркіні аналарымыздың ауызбіршілігі мен ас үй ұстаудағы шеберлігінде екен.
Соғыс тауқыметі менің отбасымды да айналып өтпеген. Ата-анамның тұңғышы Ілияс ағамда соғыстан оралмады, Украинаның Кировоград облысын мәңгіге мекен етіп қалды. Бұрынғы Егіндібұлақ аудандық «Ленин Туы» газетіне сол жылдарда отбасыммен ауылдас, партия совет қызметкері болған Нығметов Серік ағай менің әке-шешем жөнінде: «Жылқы фермасы Қарамола деген жерде болатын. Жылқыны жалғыз үй  Жарық Елібаев ақсақал бағатын, жылқыға шөп те, қора да жоқ, соған қарамастан өлім-жітім деген болмайтын. Ит-құсқа алғызбайтын. Жылқының сақау, қара тышқан сықылды ауруларын өзі емдеп, жаза беретін. Жақаң жылқының бабын білетін адам еді. Көктемде жылқы күзеп, қылын мемлекетке өткізетін. Бақтыбала шешей жаз бойы егіншілер мен шөпшілерді  қымыз сусынымен қамтамасыз ететін» деп, жазған болатын. Иә, менің де әке-шешемнің  Жеңіске тамшыдай үлес қосқанына қуанамын.
Сұрапыл соғыстың ауыр  жылдарында аталарымыз қан  майданда от кешсе, аналарымыз  тылда керемет еңбек үлгісін көрсетіп, от басының берекесін сақтай білген. Ендеше, жеңіске үлес қосқан саумалкөлдік аналарымыздың ерен еңбегі  ұмытыл­мақ емес.
Айтбала ЖАРЫҚҚЫЗЫ,
бұрынғы партия кеңес
қызметінің ардагері.
Қарқаралы ауданы.

 

 

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 660
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1251
count 88x31px