Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 19.11.2018

Гүлжан СЕЙДІҒАЗыМОВА
Серігім сен, домбыра
Сыр шертіп сан бөліскен арманымды,
Домбырам, демеу болдың, жанға мұңлы.
Серпілтіп сезімімді қайта оятып,                      
Өзіммен бірге атырдың таңдарымды.

Өзіңмен бірге әркез шарықтаймын,
Қос ішекті қанат етіп қалықтаймын.
Сырласып ақындардың жырларымен,             
Үніңе үн қосудан жалықпаймын.

Байқамасаң...
Байқамасаң, сырласатын адамды,
Күйдіреді олар талай жаныңды.
Байқамасаң, сөзді ертіп соңынан,
Түсіреді олар сенің сағыңды.
Байқамасаң, сүрініп сен құларсың,
Бармағыңды шайнап сонда жыларсың.
Байқамасаң, өз ісіңді әрқашан,
Басқалардың жанын қалай ұғарсың!?
Байқамасаң, құзға құлап кетерсің,
Басқаларға қалай көмек етерсің?
Бәрінен де, байқап өтсең өмірде,
Әйтеуір бір арманыңа жетерсің.

Анама
Сіз  Анасыз, ұрпағыңа анасыз,
Баланы ойлап, бауырды ойлап жанасыз.
Жас шағыңда бізге қамқор болғанмен,
Енді қазір, өзіңіз бізге баласыз.

Ойнаттыңыз, күлдіңіз де біздермен,
Сол мінезің болған еді  бізге – ем.
Тіршіліктің тауқыметі сызғылап,
Көрінеді бетіңдегі іздерден.

Туыстың да қас-қабағын бақтыңыз,
Өмір бойы солармен дәм таттыңыз.
Кіші-үлкеннің сәл мұңайған шағында,
Көңілдерін айтқызбай-ақ таптыңыз.

Гүл ұсынды
Гүл әкеліп, ұлым маған ұсынды,
Көңіл құсын көк аспанға ұшырды.
Сол бір сәттен қуаныштан жүрегім,
Түсініксіз күйге еніп қысылды.

Гүл мен ұлым секілденіп бір кескін,
Қатар қойып екеуімен тілдестім.
Қуанышты сезім тербеп қиялды,
Балалықпен келіп кетті тілдескім.

Ұлым маған гүл ұсынып қарады,
Осы бір сәт мәңгілікке қалады.
Хош иісті гүл мен көктем самалы,
Жанды баурап елжіретіп барады.

Жасырмайын
Ақыл айтар аға, апа табылады,
Жақындарым қаумалап сағынады.
Қайсар жүрек ешкімге бой бермейтін,
Анашымның алдында бағынады.

Артық сөзді басымнан асырмаймын,
Екі жүзді жандарға бас ұрмаймын.
Лайықсыз қылығын көріп қалсам,
Көзге айтатын дағдым бар, жасырмаймын.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 650
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1261
count 88x31px