Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.10.2018

Жеңісті жақындатқан АНАЛАР

Ұлы Отан соғысы жылдары қаншама әйел - жесір, бала – жетім қалды. Бұл күнде жау шебінде қанды қырғынның куәсі болған ардагерлерге қарап, Ұлы Жеңіске қалай жеткенімізді бағамдаймыз. Ұлы Жеңіске күш, рух, батылдық та, батырлық та берген, жеңісті жақындатқан аяулы аналарымыз қаншама.
Тылдағы еңбек соғыстан кем болған жоқ. Таңның атуы, күннің батуы әйелдер – отбасы, жары, балалары, Отан үшін, Жеңіс үшін деп жанқиярлықпен еңбек етті. Егін де салды, шөп те шапты, мал да бақты. Өгіз айдады, соқамен жер жыртты, масақ жинады, келі түйіп, диірмен тартты. Оның үстіне май шамның жарығымен майдангерлерге шұлық пен қолғап тоқыды. Сондай аналардың бірі  де бірегейі – Жұбаныш Шыныбекқызы болатын.
Жұбаныш апам Шет ауданы «Алғабас» колхозында жастайынан аянбай еңбек етті. 1941 жылы жолдасы Жолғұтты соғысқа кетті. Ұрыс майданынан жараланып келгеннен соң көп ұзамай қайтыс болған. Апамыз шиеттей бес баламен аңырап қала берді. Колхозда сауыншы  болып жұмыс істеді. Күндіз баласын арқалап жүріп, қой сауды, брынза жасады, мал бақты. Соғыстың ауыртпалығын бір кісідей көріп, көтерді. Түнде соғыстағы  солдаттарға шұлық, қолғап, тоқумен таңды атқызды. Сөйтіп жүргенде үлкен қызы Гүлбарам қайтыс болады. Одан кейінгі баласын оқытуға мұршасы келмегендіктен оқуға «Қо­нырат»  ауданындағы  нағашысы Төлеуқұл Отыншиннің үйіне  жібереді. Ол кісі қанша соғыстың азабын  көрсе де мойымаған.
Колхоздың жағдайы да оңып тұрған жоқ болатын. Ақша жоқ, еңбек күнге азғантай бидай беретін. Өзі ширақ, жастайынан жұмыс істеп, пісіп қатқан апай колхоздағы он шақты әйелді ұйымдастырып, брынза жасайтын бригада құрады. Брынзаны майданға  жібереді. Кешке олар бір үйге жиналып, шұлық, қолғап, күртеше тоқып, солдаттарға жіберіп отырған. Соғыс кезіндегі қажырлы  еңбегі үшін алған Алғыс хаттары мен Еңбектегі ерлігі үшін медальдары бар.
Мұнымен қоса бала тәрбиесі, әке орның жоқтатпау, шаңырақты құлатпай, ұстап отыру, адал еңбекті дәріптеу сияқты ұрпақ жалғастығын ісімен де, жеке басының үлгісімен де  көрсете білген аяулы ана.
"Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады" дегендей Жұбаныш апамыз – текті жерден шыққан Шыныбек қажының қызы. Жақсы Жанғұттыдан кейін Меккеге барып, сонда жерленген. Әулиелігі  де бар адам болған  дейді қариялар.
Соғыс аяқталған соң 1950  жылы колхоздан зорға дегенде шығып, балаларын оқыту үшін Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыға көшіп келеді.Мұнда да қарап отырмай, ауданның тұтыну қоғамында әр түрлі  жұмыстар істейді.
Аудандық дайындау мекемесінде жүн-терілерді сұрыптау, қанарлау сияқты жұмыстарда қажырлы еңбек етті. Балаларын оқытты, оларды еңбекке, адалдыққа, мейірімділікке,  адамгершілікке тәрбиеледі. Балаларының ең кенжесі Тілеукеш Тәттібаев қажырлы еңбегінің нәтижиесінде ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Құрметті көлік жүргізушісі атағын иеленді. Көп жылдар Орджоникидзе  атындағы  совхозда, транспорт базасында жүргізуші болып жұмыс істеді. Шет ауданның Құрметті  азаматы атағын алды. Ауданның спорт саңлақтарына мәдениет саласына және өрт қауіпсіздігі  шараларына демеуші болып, көп көмек берген, өз автобусымен тегін тасыған.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіс үшін жан аямай еңбек еткен тыл ардагерлері, аяулы апаларымызға әрқашан басымызды иіп, тағзым етеміз. Олардың ерлік еңбектері  ел есінде мәнгі сақталады.

Марс ТӨЛЕУҚҰЛОВ,
Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденнің иегері.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 831
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1251
count 88x31px