510 шақырым жол жөнделеді - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

510 шақырым жол жөнделеді
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Отырыста көктемгі абаттандыру жұмыстары, жерасты суларын зерттеу және автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары талқыға салынды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Қайрат Бегімовтің айтуынша, 23 сәуір мен 14 мамыр аралығында облыс бойынша сенбіліктер мен абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Мұнда санитарлық тазалыққа да ерекше мән берілмек. Әлеуметтік нысандар мен коммерциялық мекемелер арасындағы тазалық жұмыстары бойынша өткізілетін «Үздік аула», «Үздік ПИК», «Таза шағын бизнес», «Таза аумақ» сияқты түрлі байқаулар да жалғасын табады. Мақсат – халық арасында экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастырып, қоршаған ортаға құрметпен қарауды дәріптеу.
Елді мекендердегі санитарлық тазалықты реттеу барысында жер­гілікті өзін-өзі басқарудың қоғам­дық комитеттері де маңызды рөл атқарады. Осыған орай, полиция қызмет­керлерінің, тұтынушылардың құқығын қорғаушы басқарма қызметкерлерінің және жергілікті өзін-өзі басқару инспек­торларының рейдтеріне жіті көңіл бөлінеді.
Қазіргі күні қалалар мен өзге де елді мекендерді абаттандырудың ер­ежесі бекітілген. Онда жеке және заңды тұлғалардың абаттандыру ісіндегі бір реттік және міндетті іс-шаралары айқындалған. Ереженің әкімшілік жауап­кершілікке тарту, айыппұл салу бойынша заңды күші бар.  
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне әр апта сайын облыстық энергетика және ТКШ басқармасына осы мәселелер бойынша есеп беруді міндеттеді.
Халықты сапалы ауызсумен қамту – қашанда өзекті. 2011 жылы іске қосылған «Ақ бұлақ» бағдарламасы былтырғы қаңтар айынан бері «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» кіріктірілген болатын. Бағдарлама арқылы жерас­ты суларының қорын бағалау бойынша геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Осылайша, өткен жылы облыстық энергетика және ТКШ басқармасы барлау-зерттеу жұмыстарын өткізуге арналған конкурстық процедуралар жүргізді. Мердігер ұйымдар анықталып, өзара келісім-шарттар жасалды.
Қайрат Бегімов атап көрсеткендей, жерасты суларының сапасы ауызсумен қамтудың нормативтік талаптарына сай зерттелді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, 53 ауыл мен 3 кен орнының маңайында барлау жұмыстары, геофизикалық зерттеулер және мерзімдік бақылаулар сияқты іс-шаралар жүргізілген.
Жалпы, облыстағы 421 селоның 109-ының жерасты су қоры бойынша есебі жасалған. Оның ішінде, 47 ауылда су құбырлары желісін қайта жабдықтау және салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. 62 ауылдық елді мекен бойынша жасалған жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткен.
Сондай-ақ, аталған басқарма 2017-2019 жылдарға арналған барлау-зерт­теу жұмыстарын жүргізудің өтінішін тиісті органға жолдаған.
Аппарат жиынында қаралған өзекті мәселенің бірі – автомобиль жолдарын салу, жөндеу жұмыстары. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Санаубаровтың айтуынша, облыстың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл 38,2 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Нәтижесінде, 510 шақырым жол жөндеу көреді. Оның ішінде, 231 шақырым – республикалық маңызы бар, 219 шақырым – облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бар. Қарағанды қаласында 28 шақырым жол жөнделеді. Осы жұмыстарды жүргізу барысында 2 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Қанат Шайминнің ақпарынша, қазіргі күні 149,8 шақырым жол қайта жабдықталып, күрделі жөндеуден өтуде. Жоспар бойынша, биыл 30,64 млрд. теңге бюджет қаражатын игеру көзделген. Жолдарды қайта жөндеуге – 26,174 млрд. теңге, күрделі жөндеуге – 1,866 млрд. теңге, орташа жөндеуге – 1,197 млрд. теңге және қалпында ұстауға 1,4 млрд. теңге қаржы жұмсалады.
Анар-Теміртау автожолының 4 учаскесінде қашықтығы 93 шақырымды қамтыған құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы учаскені қайта жабдықтау барысында көлік жолдарының 8 түйілісі, 9 көпір, 8 табынды айдап өту жолы, 9 ауыл шаруашылығы техникасының жолы, 1 жаяу жүргіншіге арналған жерасты жолы және 113 су өткізгіш құбыр салынады.
Теміртау қаласынан – Жамбыл об­лысының шекарасына дейінгі Орталық-Оңтүстік дәлізінің 14 учаскесін­дегі құрылыс жұмыс­тарын жүргізу­дің жобалық-сме­талық құжаттары дайындалуда. «Бастау-Ақтау-Теміртау» автожолын (42 шақырым) күрделі жөндеуден өткізу үшін биыл 899,47 млн. теңге игерілмек. Ал, «Астана-Рождественка-Киевка-Теміртау» жолы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар.
Жол қозғалысының қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің кешенді бағ­дар­ламасы арқылы да бірнеше жұмыстар қолға алынады. Бұл ретте, жол бойындағы белгілерді жаңарту, шұңқыр­ларды бітеу жұмыстары бар.
Бұған қоса, жол бойындағы талдар мен көшеттерді санитарлық нормаға сай келтіру де қолға алынады.
Өткен жылғы көктемгі су тасқыны­нан республикалық ма­ңызы бар автожолдар едәуір зардап шеккен. Мәселен, «Қызылорда-Павлодар» және «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» авто­жол­дарының бойы біразды әбігерге салды. Осыған орай, күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Жолдар пайдалануға берілді.
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапия­ұлы автомобиль жолдарын жөндеу, жол қауіпсіздігін жақсарту мақсатын­дағы жұмыс­тардың күн тәртібі­нен түспейтінін ескертті. Жауапты мекеме­лердің басшыларына бірнеше тапсыр­малар жүктеді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 179
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px