Абзал жандарға – кіршіксіз пейіл - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Абзал жандарға – кіршіксіз пейіл
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»


Тәнге – қуат, дертке – дәру сыйлаған дәрігерлер қауымының төл мерекесін аймақ жұрты ауқыммен атап өтуде. Кеше облыс орталығындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өткен салтанатты кеште ақ желеңді жандар төрден орын алды. Медицина қызметкерлері күні қарсаңындағы рәсімде жүрекжарды лебіздер легі аталған мамандық иелеріне арналды.

Салтанатты кешке аймақ бас­шысы Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысты. Осы жерде облыс әкімінің медицина қызметкерлеріне тағайын­даған арнайы сыйлығы табысталды.
Жиын барысында Нұрмұхамбет Қанапияұлы дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Бұл сыйлық – сіздердің аймақ­тың денсаулық сақтау саласындағы орасан еңбектеріңізге көрсетілген құрмет белгісі ғана емес, сондай-ақ, өлім аузынан құтқарылған жүздеген өмірлер үшін емделушілер тарапынан білдірілген тағзым деп қабылдаңыздар. Біз жаңа жаб­дықтарды орната отырып, заманауи емханаларды сала тұра, адам емдеу барысындағы 90 пайыз жетістіктің емханалар мен ауруханаларда, «жедел жәрдем» қызметтерінде жұмыс істейтін жандардың шеберлігіне, кәсібилігіне байланысты екендігін анық білеміз. Сіздердің табанды да тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында өңірдегі денсаулық сақтау саласы күннен-күнге жақсарып келеді, – деді облыс әкімі.
Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, адам жанының арашашысына айналған ақ желеңділер әкім қолынан марапатқа ие болды. Сөйтіп, тәулік бойы денсаулық күзетінде жүрген сала үздіктерінің төгілген өлшеусіз тері бір еленді.
«Үздік акушер-гинеколог» – Серік Бейсенов, Шет аудандық орталық ауруханасының дәрігері;
«Үздік педиатр» – Лидия Муртазалиева, Балқаш қалалық орталық ауруханасының дәрігері;
«Үздік жалпы практика дәрігері» – Василий Батищев, Осакаров ауданы, Сұңқар ауылының дәрігері;
«Үздік терапевт» – Ольга Каравай, Қарағанды қаласы, №3 емханасының дәрігері;
«Үздік хирург» – Азамат Жашкеев, облыстық кардиохирургиялық орталық дәрігері;
«Үздік медбике» – Марина Астрейка, Қарағанды қалалық №1 емхана медбикесі;
«Үздік денсаулық сақтау ұйымдас­тырушысы» – Есентай Мұсағұлов, Жезқазған қалалық орталық аурухана­сы­ның директоры.
«Мамандығына адалдығы үшін» аталымында Мугутдин Чомаев марапатталды. Жартығасырлық еңбек өтілі бар онкохирург облыстағы денсаулық сақтау саласының өркендеуіне елеулі үлес қосты. Өзінің еңбек жолының көп бөлігін облыстық онкологиялық диспансерде өткізген дәрігер науқас жандардың дертіне дауа сыйлаумен қатар, бір шоғыр шәкірт тәрбиелеп шығарды.
Салтанатты кеш әсем әнмен әрленді. Күй күмбірлеп, би биленді. Астана, Алматы қалаларынан келген өнерпаздармен қатар, қарағандылық өнер иелері көрермен қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 567
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px