Айбынды жастардың алқалы жиыны - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Айбынды  жастардың алқалы жиыны
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Бейсенбі күні «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Аталған жиынға әскери-патриоттық клубтардың, республикалық, облыстық әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың студенттері қатысуда.

Айтулы шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, ҚР Қарулы күш­терінің Бас штаб бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Майра Айсина, Бақытбек Смағұл, сонымен қатар, ҚР бас әскери прокуроры, әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадинов, ұшқыш-ғарышкер, «ҚазҒарыш» АҚ-ның вице-президенті Айдын Айымбетов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Дархан Ділманов сынды елге танымал тұлғалар қатысты.
Өз кезегінде аймақ басшысы Қарағанды облысына екі жыл қатарынан республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын әзірлеу және өткізу мәртебесі сеніп тапсырылғаны әрбір қатысушыға ел алдында өз өлкесінің абыройын асқақтату мүмкіншілігі бұйырғаны туралы сөз етті.
– Бүгін ең лайықты жастар жиналып отыр. Көпшіліктеріңіз сарбаз болуды – Отан алдындағы міндетті абыроймен атқаруды бұрыннан армандап, сол арманға сенімді түрде күн санап қадам басқан әскери және сапта тұру дайындығының озатысыздар. Бұл жиын сіздер үшін шынайы әскери өмір алдында күш жинап, шынығудың зор мүмкіндігі, – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысушыларға сәт-сапар тілей отырып.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл бұл шараға жоғары оқу орындарының әскери кафедраларынан алғаш рет 52 қыз бала қатысып отыр. Ал, еліміздің барлық аймағынан шамамен 800-ден аса жастар келіпті.
Жиын барысында әскери-қолданбалы спорт түрі және жауынгерлік даярлық, әскерилендірілген ойындар, сондай-ақ, интеллектуалдық байқаулар мен басқа да жарыстар өтетін болады.
– Еліміздің дамуы мен өркендеуі, келешегі – жастарға тікелей байланысты. Елбасы – ҚР Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еліміздің келешегі жастардың қолында» деген сөзі жастарымызға қандай жауапкершілік жүктеп отырғанын айқын көрсетеді. Жастарға тәрбие беру ісінде әскери-патриоттық жұмыстың мәні өте зор. Сондықтан, біз жыл сайын осындай жастардың үлкен жиынын өткізіп отырамыз, – деді Сәкен Жасұзақов.
Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс ми­нистрлігі әскери-патриоттық жұмыстардың сапалы ұйымдастырылуын үйлестіру мақсатында қарулы күштердің ұлттық әскери-патриоттық орталығында үйлестіру кеңесінің негізін қалау туралы шешім қабылдады. Бұл кеңес барлық әскери-патриоттық жұмыстардың әң­гімелесу алаңына айналатын болады. Кеңес құрамына ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери құрылым басшылары, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт минстрлігі, жастар және ардагерлер ұйымының өкілдері енеді.
Келешекте елімізге қорған болар жастарға үлкен назар аударылуда. Өткен жылы өткізілген алғашқы жиын жастар арасында жүргізілетін әскери-патриоттық жұмыстарды одан сайын жандандыра түсудің алғашқы қадамы болған еді. Биыл жиынға тұңғыш рет аймақтардағы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылары, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты басшылары және республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары шақырылыпты. Солармен және аймақтардан келген әскери-патриоттық клубтардың жетекшілерімен әскери-патриоттық жұмыстарды жүргізуге қатысты оқыту тренингтері өткізіледі. Қазіргі таңда әскери мектеп-интернаттарында, әскери-патриоттық клубтарда, жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында патриоттық тұрғыдағы іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылған. Жас жеткіншектеріміз отан қорғау ісіне мектеп қабырғасында жүріп өз үлесін қосуда.
Егемендігімізге ширек ғасыр толуына орай ұйымдастырылған жиында ел мүддесі де тыс қалмады. Осы жылдар ішінде еліміз әлем елдері арасында демократиялық рефор­маларды іске асыру, эко­номиканы жандандыру және азамат­­тарымыздың әл-ауқатын жақ­сарту жолында көптеген жетіс­тіктерге жетіп, биік белестерді бағындыра алды. Ел Президентінің көреген саясатының арқасында 2050 жылға дейін Қазақстан дамыған отыз елдің арасына ену саясатын қолға алған. Бұл шара – Елбасының алға қойған тапсырмаларын іске асырудың айқын белгісі. Тәуелсіздікті қорғау, ел тыныштығын қамтамасыз ету, ҚР Қарулы күштеріне жүктелген басты міндет. Қазақстан Әскері – осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктеріміздің басты кепілі. Елбасының зор қамқорлығының қарқасында қарулы күштеріміз бүгінгі таңда заманауи қару-жарақтармен және әскери техникамен қамтамасыз етілген. Әлемдік деңгейдегі қауіп-қатерлерге төтеп бере алатын қуатты әскерге айналды. Өткен жылы 1 желтоқсанда ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Астана қаласында Елбасымыз ұлттық-патриоттық орталығын ашты. Бұл орталық Қазақстан жастарын әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді ояту, ұлттық-тарихи құндылықтарымызды насихаттау бағытында атқарылатын жұмыстардың көшбасшысы болып табылады. Бұл жиынға қатысушылар – Қазақстан әскерінің болашақ үміттері. Келешекте ел сенімін ақтап, егемен елімізді қорғау жолында аянбай еңбек ететін де осы жастар болмақ.
Биылғы жылы жиынның бағдар­ламасына жаңа өзгерістер енгізілді. Өткен жылмен салыстырғанда әскери-спорт түрі бойынша жарыстар екі есеге азайды. Сонымен қатар, жас буынның зияткерлік және интел­лектуалдық қабілетіне ерекше назар аударылатын  болады.
Басты талап – болашақ сарбаздар өздерінің дене машықтарын жүз пайыз көрсетулері қажет. Осымен екінші мәрте байрағын желбіреткен жиында жаңа технологияларға да үлкен мән беріліп отыр. «Менің роботым» байқауы бойынша әр топ робот үлгілері мен роботталған жүйенің үлгілерін, сондай-ақ, ұшу ап­параттарының жобаларын көрсетеді.
Шара барысында қатысушылар еліміздегі танымал тұлғалармен таныса отырып, мемлекетіміздің қалып­тасуы туралы қысқа метражды фильм­дер фестивалінде өз талант­тарын көрсете алады. Бұдан өзге, көрсетілім сабақтарында қару-жарақ, әскери техника мен жабдықтар, «Арлан», «Номад» броньды тасымал­даушылар, коман­далық-штабтық ма­шина­лардың жаңа үлгілері көрсе­тіледі.
Өмірін әскери қызметпен сабақ­тағысы келген жастардың көптігі көз қуантады. Дегенмен, елімізде тұрып жатқан әр азамат әскери мансапты таңдау-таңдамауына қарамастан, Отан қорғау ісіне жастайынан дайындалуы керек. Отан қорғау – әр қазақстандықтың конституциялық міндеті ғана емес, бұл ең алдымен, ел басына күн туған кезде туған жерін, елін қасық қаны қалғанша қорғаған баһадүр бабаларымыздың алдындағы борышымыз, парызымыз.
«Айбын» жиынының туын көтеру мәртебесі өткен жылғы жиынының жеңімпаздары, Қарағанды қалалық әскери-мектеп интернатының тәрбие­ленушісі Ұлан Сапарға тапсырылды.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінен кейін келген қонақтарға барлау топтарының қоян-қолтық ұрысынан көріністер, арнайы жасақ бөлімдерінің әскери іс-қимылдары, әуе күштері мен артиллерия қолдау­ындағы әскери атыстар, пилотаж топтарының және құрметті күзет ротасының көрсетілімдері, әскери ор­кестр дефилесі көрсетілді.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 635
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px