«Қайратты ерге бақ тұрар» - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

«Қазақтың ақбас сиыры – Арқаның ауа райына төзімді келеді», – дейді мал баққан ағайын. Әсіресе, алты ай қыс қар жамылып жататын Ұлытау жерінде Зеңгі баба түлігін өсіру оңай емес. Десек те, мен қыстауына ат басын бұрған Қорғабай ақсақал қиындықтарға қарамастан ірі қара шаруашылығын  өркендетіп келеді.

Ұлытаулық Қорғабай Құлшабеков «Ақтұма» қыстауында қазақтың ақбас сиырын бағып отыр. Биыл қолдағы сиыр саны жүз жиырмадан асыпты. Өз төлімен екі еселенбесе де, күз кезінде жайылым толары анық. «Мал баққанға бітеді» деген. Бұдан бөлек, жүзден аса жылқысы, қотан толы қой-ешкісі және бар.

Төрт түлік басын көбейтуде Қорғабай ағамыз мемлекет қолдауына сүйенуде. 2013 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 30 сиыр, 4 бұқа сатып алыпты. Қолдау қорындағы мамандар жеті жылға төменгі пайызбен есептеп беріпті. «Төлем сомасы, уақыт кестесі – қалтаға да, көңілге де қонымды», – дейді Қорекең.

Әсілінде, Қорекең бұл қыстауды қырық жылдан бері құтты мекеніне айналдырып келеді. Кеңес уағында комсомол жастардың дені осы бөлімшеге еңбек етуге жолданады екен. Желкілдеген Қорекең де алғашқы екпінмен келген. Мұнда орналасқан Есқұла су құбырының сорғы станцияларында бригадир болыпты. Міне, Сәтбаев қаласын ауыз сумен қамтитын сол құбырдың айналасында қырық жыл ғұмыры артта қалды.

Одақ тарағанда Қорекең салы суға кетіп, жерге қарап қалмады. Бөлімшені қарауына алып, «Ақтұма» шаруа қожалығын құрды. Кезінде бұл бөлімше өндірісті өңірдегі шахталар мен зауыттарды азық-түлікпен толық қамтамасыз еткен. Сондағы жүздеген асханалардың мәзірінен осы фермадан шыққан сүт өнімдері табылып келіпті. Қорекең кеңес кезеңінен қалған шаруашылық жүйесін жалғастырып, «Қазақмыстың» кәсіпорындарына құрт-ірімшігін, сүт-майын жеткізіп тұрыпты. Күніне 300 литр сүт өткізіп отырған. Тек, соңғы екі жылдан бері бұл кәсібінің тоқтап тұрған жайы бар. «Қазір кәсіпорындар тендер арқылы сатып алуға көшті. Бұл механизмнен хабарым жоқ. Ұлым біледі. Келесі жылы кәсіпорындардың тендерлеріне де қатысып көрмекпіз», – дейді фермер.

Қорекеңнің Мұратжан есімді ұлы бар. Шаруаның жайын күйттеп, бел шеше кіріскен жігітке ақсақал қожалық тізгінін беріп қойған. Өзі – жанында ақылшы. Кеңесін айтып, бақылап отырады. Қылшылдаған азаматты шаруашылыққа баулып жүр. Келешек үміті – Мұратжанда.

Мұратжанның мұраты – биік. «Қайтсем шаруашылықты гүлдендіремін?» деген оймен жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Қожалық иелігіндегі 8 мың гектар жерді ұтымды пайдалануды ойластыруда. Менімен емен-жарқын әңгімелесіп, жоспарымен бөлісті.

Алдымен, көпжылдық шөп егіп, азық қорын жасақтап алмақ. Кең қора соғып, көбейіп келе жатқан малға жағдай жасамақ. Табиғи су көзі жоқ. Малға су табу – қиынның қиыны. Ол үшін терең құдық қазбақ. Оңайдан су шықпасы белгілі. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жүздеген метрді бұрғылап, скважина орнатпақ. Және бау-бақша өсіріп, маңайдағы шахталармен байланыс орнатуды жоспарлауда. Ақсақал айтқан тендерлерде келесі жылы бақ сынамақ.

– «Алдағы қыстың қамымен біраз жұмыстарды қолға алып отырмыз. Күтіп тұрған жұмыс көп. Біз де еңбектен қашып отырған жоқпыз. Бір кісідей қолға алдық. Ұлытаудың қысы – қытымыр ғой. Жазды бейқам өткізбейміз. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының көмегімен шаруаны бір реттеп алсақ, мал басын көбейтуге мықтап кірісемін», – дейді Мұратжан.

«Қайратты ерге бақ тұрар». Жігерлі жігіт білек сыбанып, шаруаны дөңгелетуде. Білігі де, білімі де жетіп тұр. Әкеден дарыған еңбекқорлығымен атадан қалған туған жерді түлетуге белді бекем буған. Тек, жергілікті билік тарапынан, Үкімет тарапынан шамалы демеу болса – жеткілікті...

Нұрқанат ҚАНАФИН.

ҰЛЫТАУ ауданы. 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 214
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px