Қайтсе ашықтық салтанат құрады? - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Әлемдегі озық елдердің қатарынан табылуды көздеген мемлекетімізге бағдар беретін Ұлт жоспарының «100 нақты қадамы» - 5 институционалдық реформасының бүгінде заңнамалық негізі бекем қаланды. Ендігі міндет – қабылданған заңнамалардың жүйелі іске асып, нәтиже беруіне қарекет ету. Бұған дейін мәлім болғандай,  реформаны жүзеге асыру мақсатында биыл 152 нормативтік құқықтық акті қабылданған. 5 реформаның әрқайсысына қатысты қолданысқа енетін заңнамалар ол салаларды жетілдіріп, Елбасы меже еткен мақсаттан шығуға ықпал етеді деп күтілуде. Соның ішінде, 5 реформаның алғашқысы – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Бұл бағыттағы заңнамалардың бірқатары ендігі әрекетте. Кәсіби мемлекет құруда  мемлекеттік қызметшінің мінсіз қызметімен қатар, мемлекеттік ұйымдардың ашықтығы, жариялылығы да қоғамға ауадай қажет. Мұндағы мемлекет пен қоғамның арасын жалғаушы  – БАҚ пен қоғамдық кеңестер болмақ. Осыған орай,  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы»  және Қоғамдық кеңестер туралы» Заңдар қабылданған-тын.

Аталған заңдарды түсіндіруге негізделген семинар  өткен жұмада Қарағандыға ат басын тіреді. Ат басын тіреді дейтін себебіміз бар. Өйткені, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқарудың есептілігі мен ашықтығының тиімді механизмдері мен кепілдігі» деп айдарланған семинар бұған дейін екі аймақта өтіпті. Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Қарағанды – үшінші аймақ. 11 өңірге жоспарланған семинарға қолдау білдіруші ЕҚЫҰ көрінеді.

 Семинардың мақсаты – жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік басқарудағы жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ететін заңдарды түсіндіру. Қабылданған заңдардың тек қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде қоғамға да, мемлекетке де тиімді әрекет етуін діттеу. Екі күнге созылған семинар-тренингтің қаузаған тақырыбы осы болды. Бұған ҚР Мәжіліс депутаттары, Астана қаласындағы Кеңсе бағдарламасының саяси мәселелері бойынша  ЕҚЫҰ кеңесшісі, бірқатар құқықтық саясатты зерттеумен айналысатын орталық өкілдері, облыстық мәслихат хатшысы, жергілікті мемлекеттік ұйым мен БАҚ өкілдері  қатысты.

Семианардың тізгінін ұстаған Құқықтық саясатты зерттеу орталығы семинарды өтізуге қол ұшын созып, оған ат салысқандарға алғысын жеткізді. Әр өңірде өтіп жатқан мұндай шараға Мәжіліс депутаттарының қатысып, үлес қосуларына ризашылығын білдірді.

Бұдан соң 5 реформаның алғашқысы – кәсіби мемлекет құрудағы мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ететін  жаңа заңдардың мәні мен маңызы талқыға түсті. Қатысушылардың ортақ пікірі – Заң қабылданды. Енді оның тасада  қалмай, тиімді әрекет етуі қажет дегенге тоғысты. ҚР Мәжіліс депутаты Анар Нұралықызы семинардың   мәні мен маңызына тоқталды. Қабылданған заңдар қолданысқа барынша еніп,  қайткен күнде де қоғам мен мемлекетке тиімді болуы керек дейді ол.

Анар НҰРАЛЫҚЫЗЫ, ҚР Мә­жіліс депутаты:

– Мақсат – 5 реформа бойынша ашық және қоғам алдында есеп беретін мемлекет құру. Осы орайда 2 заң қабылданды. Алайда, заң қабылдап қана қою – ол жартылай атқарылған жұмыс. Ол толыққанды болуы үшін оны бұдан әрі  жүзеге асыру мндеті тұр. Мәселе - сонда. Егер заңның баптары ақпарат алушы мен ақпарат берушінің арасында іске аспаса, ол заң бекер болмақ.

Депутат 2015 жылы ақпаратқа қол жетімділікті көздейтін заң қабылданғанын, онда ақпарат беруші субъектілердің тізімі кеңейтілгенін атап өтті. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң  әр азаматтың тыйым салынбаған кез келген әдіс арқылы ақпаратты еркін алу және оны тарату жөніндегі Конституциялық құқығын жүзеге асыру болып табылады.

Заңда ақпаратқа иелік етушілердің заңдылығы, ашықтығы мен айқындылығы, ақпараттың шынайылығы мен толықтығы, өзектілігі мен заманауилығы, ақпаратқа бірдей қол­жетімділік пен мемлекеттік құпия­ларды жария етпеу туралы, тағы да басқа принциптер анық көрсетілген.Сонымен қатар, құпияландыруға ғана емес, шектеудің өзіне жол берілмей­тін ақпараттар тізімі әзірленген. Ақпарат иелері болып есептелетін субъек­тілер тізбесі нақтыланған. Олар­ға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жатады.

Ақпарат иелерінің тағы бір тобы – бюджеттік қаржыны алушы заңды тұлғалар.

Сонымен қатар, бұл заң жалғыз емес. Оған қоса 10 нормативтік акті және қабылданды. Ендігі меже – заңдық негізі бар құжаттардың  қолданысқа енуі. Мемлекет пен қоғам жеке-дара  өз бетінше тірлік кешсе, он­да мемлекет алға жылжымақ емес. Депутат осыны қадап айтты.

Ал, Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков  мұндай пікір алмасу алаңдары арқылы бір нәтижеге қол жеткізуге болатынына сенімді. Сондай-ақ, заңнамалар негізіне шетел тәжірибелері қолданылып, оның елге тиімді тұстары алынғанын да атап өтті. Бүгінде құрылған қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру мәселесінің өзекті  екенін де жасырмады.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, ҚР Мә­жіліс депутаты:

– Біз тек осындай ашық диалог, пікіралмасулар арқылы қандай да бір жетістікке жете аламыз. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы өзінің сайлауалды тұжырымдамасында айқындалған шараларды жүзеге асыруды қолға алды.  Елімізде мемлекеттік ұйымдардың ашықтығын және қоғам алдында есептілігін қамтамасыз ету Ұлт жоспарының «100 нақты қадамының» 99 қадамынан басталады. Қоғамдық кеңес құруда әлем елдерінің тәжірибелері сарапқа салынып, оның пайдалы тұстары ескерлді.Оның жақсысын үйренуді көздеді.

Депутат қазіргі таңда қоғамдық кеңесте 2773 мүше бар екенін тілге тиек етті. Оның құрамында қоғамдағы әр алуан сала өкілдері бар. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назар­баевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына орай «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес ерекше мәртебе мен өкілеттілікке ие қоғамдық кеңестердің жаңа жүйесі құрылған болатын. Президент айқындаған қоғамдық кеңестердің өкілеттілігіне, бюджеттерді қарастыру, стратегиялық жоспарлар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілер және басқалар енді. Жаңа заңға сәйкес барлық маңызды мәселелер бойынша жергілікті билік азаматтық қоғаммен кеңеседі. Десек те, әлі де қоғамдық кеңестің әлеуетін арттыру қажет деп біледі депутат.

Калин МАККАЛОУ,  Астана қаласындағы Кеңсе бағдарламасының саяси мәселелері бойынша  ЕҚЫҰ кеңесшісі:

– Қоғамдық кеңес билік пен бұқара арасындағы көпір. Демократияның нығайып, мемлекеттік ұйымның халық алдында беделінің артуына ықпал ететін болады. Біз 11-ге жуық осындай семинарға қолдау көрсетеміз.

Оның айтуынша, осыған орай тікелей жұмыс тобы құрылған. Олар халықаралық тәжірибелермен бөліскен. Мемлекеттік ұйымдар бұл заңнамалардың іске асуына мұрындық болуы керектігін еске салды. Ол үшін мемлекеттік ұйымдар қоғамды өз қызметі туралы кең ауқымда хабардар етуі тиіс.

Кәсіби мемлекет құрып, оның қоғам алдында ашықтығы мен есептілігі қалай болуы керектігін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп  берген заңдардың қоғамда қолданысқа толықтай енуі үшін барлық алғышарттар бар. Тек, сол заңды аяқ асты қылмау мемлекеттік ұйымдар мен қоғам мүшелеріне тікелей байланысты. Семинар екі күн бойы ежіктеп осыны түсіндірді.

 

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 356
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px