Алаш аза тұтқан күн - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Алаш аза тұтқан күн
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Спасск мемориалдық кешенінде өткен митинг-реквиемге қатысып, қаралы жұртпен бірге аза тұтып, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»


Бұл жерде 1930-1940 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 27 ұлт өкілінің жаны жай тапқан. Бәлкім, одан да көп. Мың, миллиондаған адамның мүрдесі осында жатыр. Қарағанды-Алматы тас жолы бойының сол жақ қапталындағы Спасск мемориалдық кешені аталуының себебі сондықтан бұл қорымның.
1930-1940-шы жылдары қырылған қазақтардың санында есеп жоқ десе болады. Кеңес үкіметі кезінде отарлаушы елдің көзімен жазылып келген тарихымыздың ақтаңдақ беттері енді ашылып келеді. Тәуелсіздік жылдарына дейін ашаршылық, нәубет жылдары 2 жарым миллиондай қазақ қырылды деп көрсетіліп келсе, төл тарихымызды қазір тәуелсіз көзқараспен жаңаша бағамдап жазушылар 30-40 жылдары 6 миллион қазақтың 4 жарым, 5 миллиондайы қырылып қалғанын дәлелдеп отыр. Сонда аталған жылдары Қазақстанда небары 1 миллиондай ғана қазақ қалса керек. Жарты миллионға жуығы шетел асып, жан сақтаған. Әйтеуір, «аққа Құдай жақ». Аман қалған азғантай қазақтан өсіп-өнген бүгінгі ұрпақ ел болып, тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етіп отыр. Құдайға мың мәрте шүкіршілік. Елдігіміздің бір белгісі – осы Спасскідегі қаралы жиын десе де болғандай. Аймақ басшысынан бөлек, бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров қатысты. Сондай-ақ, мұнда жалпы жұртшылықпен бірге Қазақстандағы Эстония Республикасы Елшілігінің өкілдері, этно-мәдени және діни бірлестіктер, облыстық басқарма басшылары ат басын бұрыпты.
Әуелгі бір минут үнсіздіктен кейін сөз облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке берілді. Аймақ басшысы өз сөзінде аштық, репрессия жылдарындағы адам төзгісіз ауыртпалықтар мен ұлт басына төнген қасіретті тілге тиек етті. Осы орайда, Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленгені – асқан көрегендік, тарих алдында өтелген борыш екенін қаперледі. Сонымен қатар, аймақ басшысы:
– Қазақстан бойынша жер аударылып келгендердің көп шоғырланған орталығы – Қарағанды болды. ГУЛАГ-тың ең ірі еңбекпен түзеу лагері ҚарЛаг екені белгілі. Бұл орын – мемлекет ішіндегі мемлекет секілді еді. Мұндағы жергілікті билікке, атқарушы органдарға бағынған жоқ. Тікелей Мәскеуге қарады. ҚарЛаг-тың орталығы – Долинкада бір кездері бір мезетте 1 миллион жазық­сыз жапа шеккендер отырғанын тарих куәландырады. Ендігі ұрпақ осындай зорлық-зомбылыққа жол бермес үшін біз мұны ұмытпауымыз керек және қуғын-сүргінде болғандардың рухына құрметпен қарауға тиіспіз, – деп сөзін қорытындылады.
Аймақ басшысынан кейін аталы сөзді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов ұштады. Елдіктің сөзін сөйлеген ол Қазақстан халқы Ассам­блеясының бастамасымен «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты жобаның қолға алынғанын, осы жоба аясында Ассамблея мүшелері кезіндегі Алашорда үкіметінің астанасы Семейге барып, түрлі шаралар ұйымдастырып, өзге ұлт өкілдеріне төл тарихымызды танытып жатқандарына тоқталды.
Қуғын-сүргін жылдары репрессияға ұшыраған ҚарЛаг тұтқынының немересі Николай Митяшиннің сөзі де жүрекке жетті.
«Өткенге салауат, бүгінге қанағат» демекші, аймақ басшысы бастап мұндағы мемориалдық тақталарға гүл шоқтары қойылды. Бір минут үнсіздік жарияланып, әлеумет аруақтарға тағзым етті. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа арнайы құран бағыштады. Өзге де дін өкілдері амал-шарғыларын қылып, мінажат етті. Бұл күннің бір жаңалығы – осы қорымда жатқан қара­шай және балқар ұлтының қуғын-сүргін құрбандарының рухына арнайы ескерткіш-тақта бой көтерді. Тарихи деректерге сүйенсек, аталған ұлт өкілдерінен мұнда 106 908 адамның жаны жай тапса керек.
Жазықсыз жапа шеккендерге Алладан рахмет, Пайғамбардан шапағат болсын!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 414
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px