Астана күні – елдіктің айшығы - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Астана күні – елдіктің айшығы
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»
Еңселі елдігіміздің айшығына айналған Елордамыздың төл мерекесі – Астана күні мейрамына орай, облыс көлемінде түрлі деңгейдегі екі жүзден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.

Жиында, алдымен, Астана күн­іне әзірлік барысы пысықталды. Сондай-ақ, инфляциялық процес­терді тежеу бағытындағы шаралар қарастырылып, елдімекендерді абаттандыруға арналған көктемгі екіайлық жұмыстар қорытындысы жасалды.
Бірінші мәселе туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин баяндап берді. Басқарма басшысының айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, әр айда Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер мен «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтары дәріп­телмек. Бұл ретте, шілде айы – Астана қаласына арналмақ. Айды өткеру барысында үш негізгі ұстанымға сай жұмыстар атқарылады: «Астана. Отан. Жаңа қазақстандық патриотизм».
Бүгінгі таңда Астана күнін атап өтуге қатысты облыстық жоспар нақтыланды. Облыс бойынша әртүрлі деңгейдегі 200-ден астам іс-шара өткізіледі. Бұл шараларда Астана құрылысына қатысқан қарағандылықтарға, Астананың іргетасын қалауға қатысушыларға, Қарағанды аймағының дамуына қомақты үлес қосқандарға назар аударылады.
Мереке қарсаңында облыс орталығындағы Язев көшесінде «Проспект» сауда-сауық орталығы ашылады деп күтілуде.
Қайырымдылық шараларына көптеп көңіл бөлінеді. Әлеуметтік әлсіз топтарға, соғыс және еңбек ардагерлеріне түскі астар, концерттер ұйымдастырылып, азық-түлік қапшықтары таратылады. Барлығы 8440 адамға 6 млн. 918,8 мың теңге көлемінде көмек көрсетілмек.
Бірқатар аудандар мен қала­ларда арзандатылған бағамен та­мақ өнімдері жәрмеңкелері жұмыс істейтін болады.
Инфляциялық процестерді тежеу, бағаны ауыздықтау мақ­сатындағы жұмыстар барысымен облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская таныстырды.
Биылғы жылы Үкімет тарапынан инфляция дәлізі 6-8 пайыз аралығында бекітілді. Мамыр айында облыстағы тұтынушылық баға көрсеткіші 104,3 пайызды (2015 ж. желтоқсанымен салыстырғанда) көрсетті. Республикалық орташа көрсеткіштен 0,1 пайызға жоғары. Мұның ішінде, азық-түлік – 4,8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 4,2 пайызға, тарифтер мен ақылы қызметтер төлемі – 4 пайызға қымбаттаған. Бес айдың тұтынушылық баға көрсеткіші бойынша облыс елімізде 8-ші орынға тұрақтады. Азық-түлік бағасы бойынша – 12-ші орын, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы бойынша – 11-ші орын, ақылы қызмет төлемдері бойынша – 7-ші орын.
Сараптама көрсеткендей, инфляцияның көтерілуі – азық-түлік тауарларына қатысты тұтынушылық баға көрсеткішінің ұлғаюымен байланысты. Тұтынушылық себетінің 36,7 пайызы осы азық-түлік тауарларына берілген.
Қаржы шығындарының 85,5 пайызы тұтынушылық шығындарға тиесілі. Оның ішінде, азық-түлік тауарлары – 38,4 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 26,2 пайыз, ақылы қызметтер – 20,9 пайыз. Азық-түлік тауарларының қымбаттау көрсеткіші респуб­ликалық көрсет­кіштен 0,5 пайызға артып тұр. Нан-макарон өнімдерінің қымбаттауынан сүт, көкөніс, конди­терлік өнімдері бағасы өсіп барады.
Облыс әкімі нан-макарон өнім­дерінің қымбаттауының қисын­сыздығын айтты.
– Біз бидайды, ұнды өзіміз өндіреміз. Яғни, біздің өңірде нан бағасы қолжетімді болуы тиіс. Қызылорда облысында нан құны бізден төмен. Бірақ, олар бидай өсірмейді. Демек, олар бағаны тұрақтандыру әдістерін тиімді жүзеге асырып отыр. Сондықтан, сала басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды пысықтауды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Қолға алған шараларға қарамастан, мамыр айында бөлшек саудадағы көкөніс бағасы 26 пайызға дейін өскен. Пияз – 25,9 пайызға, қызылша – 16,7 пайызға, сәбіз – 13,4 пайызға, картоп – 7,8 пайызға қымбаттаған. Ірі супермаркеттерге, базарға, әлеуметтік павильондарға тікелей жеткізіліп, «Грин Технолоджи», «Топарские теплицы» серіктестіктерімен бағаны ретсіз өсірмеуге қатысты арнайы меморандумдарға қол қойылса да, көкөніс құны арзандар емес.
Облыс бойынша азық-түлік қоры жеткілікті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс тұрғындары өзімізде өндірілген картоп, қызылша, сиыр, қой, құс еті, тауық жұмыртқасы, сүт, І сұрыпты ұнмен қажетті мөлшерде қамтылып отыр. Алайда, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ, қияр, макарон өнімдері, ірімшік, сыр, кілегейлі май өндірісі тиісті межені еңсере алмауда. Бұл өнімдер сырттан әкелуіне байланысты бағаға жол тасымалы құны қосылып отыр.
Облыс әкімдігінің 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары шеңберінде бағаны ретсіз өсірмеуге бағытталған 45 шара жүргізілуде. Облыстағы өңірлерде жыл басынан бері 237 ауыл шаруашылығы өнімдері жәр­меңкесі ұйымдастырылды. Мұнда 994 млн. теңгенің өнімі сөреге шығарылды.
Аймақта әлеуметтік маңызды өнімдер сатылатын 43 әлеуметтік павильон жұмыс істейді. Ішкі нарықты азық-түлікпен қамту мақсатында агроөнеркәсіп кешенінде 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жұмыстар нәтижесінде, мамыр айында қырыққабат, құс еті, жұмыртқа, сүт, айран өнімдерінің бағасы төмендеді. Сауда желілерін қант, өсімдік майы, тұз сияқты өнімдермен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында ұдайы мониторинг жұмыстары атқарылып келеді.
Сондай-ақ, жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Бегімов елдімекендерді абат­тандыруға бағытталған көктем­гі екіайлық жұмыстардың қорытын­дысы туралы баяндады.
11 сәуір – 28 мамыр ара­лы­ғындағы екіайлық аясындағы әрбір сенбілікке облыс бойынша 228 мың шамасында адам қатысқан. Сенбіліктер нәтижесінде, 83 мың гектардан астам жер тазаланып, 3100 техника күші жұмылдырылған. 1858 заңсыз қоқыс орны жойылып, 543 қоқыс контейнері қойылған. 32 мыңнан астам ағаш шыбықтары отырғызылған. Жас шыбықтарды қорғау мақсатында құқық қорғау органдары тарапынан қырағы жұмыс жүргізілуде.
Жиын соңында облыс әкімі аталған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Жауапты салалар басшыларына қолға алынған жұмыстарды жандандыра түсуді тапсырды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 467
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px