Қазақ елінің қуатты толқыны - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қазақ елінің қуатты толқыны
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»
Кеше Спаскіде «Айбын» әскери-патриоттық жиынының жабылу салтанаты өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ және облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиындағы спорттың әскери түр­лерінен, әскери-далалық жат­тығуларынан, роботты техника және «Айбын дарыны» зияткерлік байқауынан үздік шыққандар Қорғаныс министрінің марапаты мен сыйлықтарына ие болды. «Менің роботым» байқауында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының студенті Дастан Рахатов, «Менің пилотсыз ұшатын құрылғым» байқауында – «Арыстан» мамандандырылған лицейі­нің тәрбиеленушісі Қайсар Бердіғұлов, «Айбын дарыны» зияткерлік байқауында Семей қаласының мамандандырылған мектеп-лицейінің тәрбиеленушісі Ер­қанат Кенжеханов үздік деп танылды.
Әскери-дала жаттығуларының  және «Айбын» жиынының жеңімпазы болып Семей қаласы мамандандырылған мектеп-лицейінің түлектері танылды. Оларға наградалар мен сыйлықтарды аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков табыс етті.
Жалпы командалық есеп бойынша, әскери-патриоттық клубтар бойынша – Ақмола облысынан келген «Батыр» әскери-патриоттық клубы, ЖОО-лар әскери кафедраларының арасынан – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, республиканың әскери мектеп-интернаттары арасынан Семей қаласының мамандандырылған әскери-мектебі үздік шықты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы роботты техника және пилотсыз ұшатын аппараттар көрмесімен танысты. «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері жекпе-жек ұрысында шеберлік танытса, әскери-техникалық мектептердің оқушылары мотоцикл және квадроциклдерді жүргізу үлгісін паш етті.
Сондай-ақ, авиациялық оқу орта­лығының курсанттары мен Әуе күштері қорғанысының әскери институтынан келген ұшқыш-түлектер әуеде өнер көрсетті.
Жас патриоттың сөзі мен жиын қатысушыларының салтанатты ант қабылдауы жабылу рәсімінің ерекше сәті болды. Мұның соңынан «Айбын» туы аспанға әуеледі.
Жалпы, екінші рет өткізіліп отырған республикалық «Айбын» әскери-пат­риоттық  жиынына қазақстандық 800 жас қатысты. Бұл құрамда әскери мектеп-интернаттарының, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиелену­шілері мен жоғары оқу орындары әскери ка­федр­аларының курсанттары бар. Жастардың жиынға қатысуына олардың бойындағы патриоттық сезімі мен әскери мамандыққа деген құштарлығы сеп болған. Бұған қоса, биыл бірінші рет Қазақстанның жоғары оқу орындарынан келген қыз балалар да жиынға қатысты. Жастар күш-қуаттарын сынап, мықтылық танытты. Автоматтарды жинап, жылдам іске қосуға талпынды. Осылайша, дала жиынында Қазақ елінің жас буыны қуатты екендігін тағы бір дәлелдеді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 515
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px