Бұқара мен билік арасындағы көпір - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Бұқара мен билік арасындағы көпір
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»
 
Жалпы экономикада қалыптасқан былтырғы күрделі ахуалға қарамастан, Қарағанды облысының экономикалық көрсеткіштері көңілге қонымды. Бюджеттің кіріс бөлігінің орындалысы жылдық қорытындыда – 97 пайыз. Аймаққа берілген трансферттер де игерілген. Оған қоса, көктемдегі төтенше жағдай салдарын жоюға республикадан келіп түскен қаржының  тиімді жұмсалуында да  сын жоқ.
Бұл  туралы Қарағанды облыстық мәслихаттың қоғамдық кеңесінде мәлім болды. Қой жылындағы кеншілер мекені көштен қалмағандығын баян­даған облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы О.Чернявская.  Басқарма басшысының айт­уынша, жалпы бюджеттің негізгі көрсеткіштері орындалған. Аймақтағы жалпы ішкі өнімнің көлемі 2 трл.290 млрд.теңге. Өнеркәсіп өндірісі 2014 жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға өскен. Соның ішінде, ауыл шаруа­шылығындағы ішкі өнім 1,5 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 1,6 пайызға артқан. Облыстық бюджетке түсім - 219 млрд.теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен келіп түскен трансферттер, несие, субвенциялар - 45,1 пайыз. Әлеуметтік мәселелерді шешуге 135,6 млрд.теңге бағытталған. Бюджетте қарастырылған әлеуметтік міндеттіліктердің барлығы толығымен орындалған көрінеді.
Ең алдымен, Қарағанды облысында  былтырғы жылы көктемде қалыптасқан төтенше жағдайлардың салдарын жоюға бөлінген қаржы-қаражат мақ­сатты жұмсалған. Облыс әкімдігінен бөлінген 961 млн.теңгеге облыстың 12 өңіріндегі зардап шеккен отбасылардың шығындары толтырылған. Сондай-ақ, бұл қаражат төрт көпірді қайта жөндеудің жобалық сметалық құжатын жасауға, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, бағалаушылар мен сарапшыларға жұм­салған. Үйсіз қалған тұрғындарды бас­панамен қамту үшін Үкіметтің қорынан 2 млрд. 959 млн. теңге бөлініп, ол да толықтай мақсатты игерілгенін айтады құзырлы орын басшысы.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағ­дар­ламалар да жүзеге асырылды. Мәсе­лен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының инфра­құры­лымдарды дамыту бағытымен  31 жоба іске асқан. Оның 4-і – қалада, 17-сі – ауылда.
Қоғамдық кеңесте бюджеттің кірісі мен шығысының жай-жапсарымен қатар, автокөлік жолдарының жағдайы, мемлекеттік сатып алу мәселесі де талқыланды. Қарағанды облысының автокөлік жолдары талқыға түсті. Жолға жауапты тұлғаларға көптің көкейіндегі сауалдар жолданды. Көлік жолының қазіргі таңда сын көтермейтіндігі, оның сапасыздығы да тілге тиек болды. Бірақ амал, не, жауапты ұйым жетекшілері қылша мойны талша боп, бас шұлғудан әрі аспады.
Жалпы, қоғамдық кеңесте кеңінен сөз болған мәселелердің барлығы жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды. Отырыс барысында айтылғандар назарға алынып, жалпыға ортақ тиімді шешім қабылданбақ.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 117
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px