«Бөрілі байрақ астанда...» - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Жүрегінен – Алласы, іргесінен – елдік таңбасы, қолынан – қасиетті құраны, аузынан – қастерлі ұраны түспеген қазақ адамзатпен әлімсақтан бері бірге жасасып келеді. Алла қаласа, жасай береді. Өйткені, басқа ұлт-ұлыстардай қолдан Құдай жасап, көрінген пұтқа, көшедегі жұртқа табынған жоқ. Әуелден таза, табиғи қалпынан айнымай келеді. Ата-бабасы ат үстінде ту тіккен елдің ұраны – Алаш, тұрағы – Ұлы Дала, құмары – жылқы, тұмары – пырақ, байрағы – бөрі. Бағзыда – солай-тын, бүгінде – солай. Қайран қалмай көріңіз!

 «Ақ найзасы болмаса,

Ерді қайдан танырсың?

Ен, таңбасы болмаса,

Малды қайдан танырсың», – деп сонау ықылым заманда айтып кеткен атам қазақтың елдік таңбасы мен ұлттық ұраны әлімсақта, адамзат баласы ру-тайпа болып бір-бірінен бөліне бастағанда-ақ айшықтала түскен. Әрбір іргелі рудың өзіне тән туы мен таңбасы, ұраны болғаны шежіреден шыға келеді. Кейін оның әрқайсысы Қазақ ордасының құрамына еніп, бір шаңырақ астына бірігіп, ту көтерді. Жұртын қорып, елдігін сақтау мақсатында аруақ шақырып ұрандап, жауға шапты. Сол бабаларымыз көтерген қазақ хандығының ақ ордасы (юрта – орда, киіз үй) – бүгінде Ақорда. Жәнібек пен Керей хандар көтерген киелі шаңырақ пен бабаларымыз мініп, жерін қорғаған Сақтар мен Ғұн арғымағы бейнесіндегі пырақ – Елтаңбамызға айналды. Елдігіміздің белгісі. Оны айбарландыра түсетін аспан мен жердің арасында желбіреген көк байрағымыз. Бір кездердегі Көк Түріктер ұғымында күн астында қалықтаған «Бөрі құт» бейнесі. Әлкей Марғұланның айтуынша, бүгінгі бүркіт – бағзыдағы Түріктердің түсінігінде бөрі құт, яғни, көктің бөрісі. Мана байрағымыз бөрі деуіміз – содан. Ендеше, біздің елдік белгілеріміз бен ұлттық нышандарымыздың бәрі ата тарихымызды, баба мұратымызды меңзейді. Еркіндік пен азаттықты, одан қалса – қазақтықты, Ұлы Даланың иесі мен киесі дегенді нұсқап тұр түсінгенге.

Алаштың маңдайына біткен жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыров бір кездері «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп мәңгілік сөз қалдырды. Алғаш Алашорда үкіметі құрылған тұста. Осыны ойлаған есі бар қазақ елжіреп сала береді. Егіліп тұрып, жігерленеді. Сұлтанмахмұт ХХ ғасырдың басында «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, Кім болам?!», – десе, қазіргі ХХІ ғасыр қазағы «Менің елім, менің елім, Жырың болып төгілемін. Гүлің болып егілемін, Елім, Туған жерім менің – Қазақстаным», – деп тебіренеді. Бұдан да әріде ұлт болып ұйысып, жұрт болып қалыптасқан ата қазақтың ХІХ ғасырдағы әнұранының ескі нұсқасы еске түседі осындайда.

«Бөрілі менің байрағым!

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен,

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен.

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым», – деп қайырады Сүйінбай Аронұлы.

Қазақ атқа мініп, ту көтерсе, не өліп түседі, не жеңіп түседі. Алла бізге осы екі сөздің кейінгісін бұйыртсын, лайым!

Жәнібек ӘЛИМАН.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 412
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px