Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 23.11.2017

Тәуелсіздік жолында жерін жау баспасын деп батыр бабаларымыз ерен ерліктің үлгілерін көрсетті. Сондай батырларымыздың бірі – Шанышқылы Бердіқожа батыр.

Жуырда Қарқаралы ауданында жаужүрек батырдың ұрпақтары бабаларына арнап кесене тұрғызып, ас берді. Бабалар рухына тағзым етіп, өткенімізді өнеге қылып, келешегімізді кемелдендірілген шараға арнайы облыс әкімі Н.Әбдібеков және аудан әкімі Х.Мақсұтов қатысты. Сондай-ақ, алыс-жақыннан келген батырдың ұрпақтары баба басына барып тағзым етіп, перзенттік борышын орындады.

Жаугершілік заманда ұлтарақтай жер үшін ат үстінде бел шешпей, ұзақ жортып көз ілмей, бірнеше ірі шайқастарды басынан өткерген Бердіқожа атамыз қалың қазақты бір тудың астына біріктіріп, жау қаһарына іліктірмеген, жер қайысқан қолдан қаймықпаған қайсар хан Абылайдың сенім артқан, бас батырларының бірі болған. Қабанбай батырлармен қанаттаса жүрген, қаһарлы қолбасшы, жекпе-жекте жау түсірген жаужүрек батыр болған Шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа туралы деректерде батыр, шамамен, 1708 жылы дүниеге келіп, 1786 жылы дүниеден озған делінген. Бердіқожа батырсыз кеңес өтпеген, жасақ жорыққа шықпаған. Ұлы жүзде оны төбе би Төледен кейінгі ірі саяси қайраткер, даңқты қолбасшы, шебер мәмілегер ретінде құрметтеген деп көрсетеді. Ел іргесінің бүтіндігі жолында Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шорға шайқастарында Ұлы жүз жасақтарын басқарған.

Батырдың ақтық демі шығып, жаны жай тапқан жері қасиетті Қарқаралы өңірінің сайын даласы болды. Ұлы Абайдың атасы Өскенбай бидің асы берілген Көкшетау мен ежелгі Қозы көрпеш-Баян сұлу жырындағы Жорға тауының аралығында, Ащы және Көкше суларының құйылысы, Дағанделі өзенінің бойында биік төбенің үстінде Бердіқожа батырдың күмбез доғал, төрт бұрышты, шикі кірпіштен өрілген кесенесі бой көтерді. Осындай игі шараны қолға алып, бірнеше жыл қатарынан тынымсыз еңбек етіп, сауапты шараның ұйытқысы болып жүрген – Бердіқожа батырдың ұрпағы, профессор, академик, техника ғылымдарының докторы Бақтыбай Қасымбеков және жеті атасының қадірін білетін жетелі ұрпақтары. Өткенімізді қайта жаңғыртып, үлкенге құрмет көрсетуге арналған ізгілікті шарада алдымен кесене басында ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы, Қарағанды облысының бас имамы Ө.Бекқожаның құран бағыштауымен басталды. Бабалар рухына тағзым етумен басталған салтанатты шараны облыс әкімі Н.Әбдібеков құттықтау сөзбен ашып, «Бердіқожа батыр Абылай заманындағы ең ардақты, сенімді батырлардың бірі. Жоңғарларға қарсы Ұлы жүздің қолын бастаған батырлардың бірі болған. Ол заманында даңқты әскери қолбасшы ғана емес, ірі саяси қайраткер, шебер мәмілегер болған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан жерінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты. Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді. Бұлардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталып қалады. Өздеріңізге белгілі Бердіқожа батырдың өшпес ерліктері мен өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Қарағандыда кеше ғана алқалы жиын өткізіліп, тың деректер мен жаңа мәліметтер жан-жақты айтылды. Енді, міне, қасиетті Қарқаралы жерінде кесене тұрғызылып, келер ұрпаққа нұрын шашты. Бұл – бір ғана кесене емес, бұл – біздің батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым етіп, ата тарихтан тағылым алу үшін өткізіліп отырған шара. Батыр бабаларымыздың қайсар рухы, қайтпас ерлігі мәңгілік жадымызда қалады» деді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Б.Әбдірайымов «бұл шара Елбасымыз айтқан «Мәңгілік Ел» идеясының жарқын көрінісі» деп айрықша атап өтті. Белгілі ақын Д.Кәпұлы жырдан шашу шашса, батырдың ұрпағы Б.Қасымбеков осындай шараның айтулы деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкіміне және Қарқаралы ауданының азаматтарына алғысын білдірді. Қашанда ел тыныштығын тілейтін абыз ақсақалдар атынан Әзімбек Кәрімов ата ақ батасын берді.

Үш жүзге сауын айтып, ас берген шарада батырдың ерлігін паш ететін театрландырылған көріністер қойылып, елімізге белгілі әншілер мен жыршылар, күйшілер өз өнерлерін тарту етті. Баба рухын асқақтатып, даңқын дәріптеген асқа келген ағайын ақ шаңқан киіз үйлерден дәм татып, риза көңілмен тарасты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 523
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1189
count 88x31px