Бекем бірлікпен – еңселі ертеңге - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

26 сәуір күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXIV сессиясы болып өтті. «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атауымен өткен сессия жұмысына Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ төрағалық етті.

Көл-көсір береке мен бекем бірлікке кепіл болған тарихи ұйым салтанатына еліміздің барлық өңірлерінен Ассамблея мүшелері, ардагерлер мен жастар, Қазақстанның саяи-экономикалық өміріндегі танымал тұлғалар және мәдениет пен спорт саңлақтары қатысты.

 

Тарихи талғаммен танылған ұйым

Ассамблея – асқақ армандар мен биік мұраттар алаңы. Елімізді мекен еткен 100-ден астам ұлттар мен ұлыстардың мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстырған мәртебелі ұйым бұл жолы да осыдан 21 жыл бұрын межелеген мұратынан айныған жоқ. Ол – бекем бірлікті елдіктің тұғырлануына дәнекер ету мұраты. Елорда төрінде 24-ші рет салтанат құрған Ассамблея сесиясы әлемдік дағдарыс жағдайында рухани тұтастықтың қазақстандық нұсқасын тағы бір айшықтай түскен тарихи шара болды.

Жиынға 1500-ден астам адам қатысқан. Қуатты күш, әрине. Елдігіміз сынға түскен сындарлы сәтте мызғымас бірлігіміз берекеге бастап береді үнемі. Осы бір аяулы сенім жүректеріне ұялаған сессияға қатысушылар маған аса қуатты рухани күш болып көрінді.

Сессия тізгінін ұстаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 446 Ассамблея мүшесінің 427-сі бүгінгі жиынға қатысып отырғанын жеткізіп, талап етілетін кворум болғандықтан, сессия жұмысын ашық деп жариялады. Ресми дағды бойынша Мемлекеттік Әнұран орындалып, осыдан кейін ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов баяндама жасау үшін сөзді Елбасы Н.Назарбаевқа берді.

Жиналғандар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Тәуелсіздігімізге сенімді тірек бола білгендігі жөнінде ой өрбітіп, достық ұғымының маңызын ашқан ұйым Мәңгілік Ел сапарының бағдаршамына айналғанын тілге тиек етті.

Біз достықты қазақстандық­тардың барлық буыны үшін басты игілік ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Яғни, Ассамблея – тарихи талғаммен танылған рухани күш. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздік жылнамасының әр кезеңінде әрдайым мақсат биігінен көрінді. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осылайша, Ассамблеяның тарихи маңызына кеңінен тоқталған Елбасы Мәңгілік Елдің ертеңгі сапарында да бұл ұйымның жауапкершілігі кемшін болмайтындығына баса назар аудартты. Қуатты һәм мәңгілік мемлекет құрудағы ортақ армандарымыздың негізгі қағидаттары бірлік пен келісімнің салтанат құруы арқылы келетін құндылық екенін баса айтты.

 

Берекелі белестер – баршаның бәсіресі

Сонымен қатар, Елбасы ұлы мұрат жолындағы «Ұлт Жоспарын» жүзеге асыру бағытындағы жұмыстардың алғашқы нәтижелерін жария етті. ҚР Президенті идеясымен өмірге келген тарихи бағдарламаны жүзеге асыру басталғалы аз ғана уақыт өтті. Соған қарамастан, қыруар жоба қолға алынып, оның кейбірі өз нәтижелерін бере бастады. Мәселен, өте қысқа мерзімде 59 заң әзірленіп, қабылданды. Сондай-ақ, 400 құқықтық-нормативтік құжат бекітілді.

Әлем мемлекеттеріндегі реформаларға сараптама жасаған Дүниежүзілік банктің ресми мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан 2015 жылы өзге елдермен салыстырғанда, мейлінше көп реформа жасаған. Нақтырақ айтсақ, 7 бағыт бойынша 19 реформа ел дамуындағы болмашы іркілісті ілгерілеумен алмастырған.

Бүгінгі таңда елімізде қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру бағдарламасы арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету арқылы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде біздің елге тиесілі сын-қатерлерді еркін еңсерудің алғышарты болып отырғандығына ерекше тоқталды Елбасы.

Біздің қаржы дағдарысын еркін еңсеруге қауқарлы екендігімізді әлемнің мейлінше перспективалы 60 елінде жүргізілетін Жаһандық бизнес мониторингі мәліметтері көрсетіп отыр. Мониторинг қорытындысы көрсеткендей, Қазақстан азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігі деңгейі бойынша 29-шы орынға тұрақтап отыр. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша – 6-шы орында. Жалпы, еңбек нарығының тиімділігі рейтингінде біздің ел 140 елдің ішінде 18-ші орынға жайғасқан.

Біз «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын, бизнесті дамыту және жұмыспен қамтудың жол карталарын жүзеге асырып, фермерлерге көмектесіп келеміз. Мұның барлығы азаматтардың өз болашағына, лайықты жұмыс және жоғары өмір сапасына деген сенімін қанаттандыру мақсатында жасалуда, – деді Мемлекет басшысы.

Яғни, Тәуелсіздік жылдарында бағындырған белестеріміз бен атқарылған жұмыс нәтижелері баршаға ортақ бәсіре мен қазынамызды еселеген.

Ел дамуындағы жетістіктермен қатар, Елбасы қоғамда қызу талқылау жүріп жатқан «Жер кодексі», білім беру жүйесіндегі реформалар және үштілділік қағидалары жөніндегі өткір пікірлерімен бөлісті. Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясатты халыққа түсіндіру жұмыстарында орасан кемшіліктер мен кешеуілдеу бар екенін сынға алған Елбасы ел игілігі жолында қолға алынған бастамаларда арандатушылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты.

Баяндамасын түйіндей келе, ҚР Президенті бүгінгі жиынға айдар етілген «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» ұғымдарының қазақстандық арманды жүзеге асыру жолында бір-бірімен өзара байланысты ұғымдар екеніне назар аударды. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Қазақстан халқының Бірлігі күнімен құттықтады.

 

Ақ пейіл ақтарылып, алғыс жауған сәт

Елбасы баяндамасынан кейін алғашқы болып мінберге көтерілген «Болон және ұтқыр үрдістер» секторының маманы Сергей Петряев Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын» Қазақстанның 5 деңгейлі даму реформасы, ал «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі дүниежүзіндегі барлық ұлттардың мүлт кетпеген мүддесі екендігін ерекше ықыласпен атап өтті.

Бұдан кейін сөз Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Ыбыраевқа берілген. Ақынның елге деген сүйіспеншілігі мен Елбасыға деген ыстық ықыласы жыр болып төгілді.

Жалпы, Ассамблеяның асқақ мұраттарының бірегейі – ұлтына, ұлысына қарамай, Қазақстан патриоттарының өнегелі ісін насихаттау. Сол арқылы өскелең ұрпақ бойына патриоттық рухтың жалаң ұран емес, шынайы ниеттен туындайтын құндылық екенін дәріптеу. Осы тұрғыдан алғанда, Ассамблеяның биік мінберінен сөз алғандардың дені ұраншылдар емес, шынайы патриоттар болғаны қуантты бізді.

Сонымен келесі кезек жақында ғана «БЕК ЭЙР» әуе компаниясына қарасты «Фоккер-100» ұшағын 116 жолаушысымен аман-есен қондырған экипаж командирі Дмитрий Родинге берілді. Қасаң сценарийден алшақ кетіп, ашық, емен-жарқын әңгімеге құрылған жиын барысында Елбасы батыр Димаға жасаған ерлігі туралы өз аузымен айтып беруін өтінген. Алайда, ұшқыштың жауабы қысқа әрі шынайы шықты.

Дәл сол сәтте ерлік жасау туралы ойлануға ешқандай уақытым болған жоқ. Менде тек қана борттағы 116 адамның өмірін қалай сақтаймын деген ғана мақсат болды, – деді ол. Ал, Елбасы батырға ризашылығын білдіріп, оның бұл жасаған ісі нағыз ерлік екенін, Қазақстанның шынайы патриоты осылай болу қажеттігін атап көрсетті.

Осыдан кейін сөзін жалғастырған Д.Родин Президенттен өзімен бірге мына мінберге нағыз батырды шақыруын өтінді. Ол – жас жауынгерді өз кеудесімен жауып, жарылған гранатадан қорғап қалған қарағандылық офицер Қайрат Үмбетов. Залдағылардың қос батырға деген сол сәттегі ықыласын көзбен көріп, көңілмен түйсінудің өзі бір ғанибет еді. Сөзінің соңында Д.Родин мінберге Қазақстанның тағы бір патриоты, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетовті шақырды. Өз кезегінде Елбасының Бейбітшілік пен келісім жөніндегі игі бастамаларына ризашылығын білдірген ғарышкер өзімен бірге орбитада болып келген, Халықаралық ғарыш станциясының мөрі басылған Ассамблея жалауын Президентке тарту етті.

Қазақ тілінде мүдірмей сөйлеген «Тіл дарын» жастар клубының жетекшісі, қостанайлық Наталья Шпагина:

Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын. Сондықтан да, біз еліміздің патриоты болып өстік, – деп түйіндеді өз сөзін.

Қорыта айтқанда, Ассамблея мінберінде сөз алғандардың барлығы жаттап алғанын емес, жүрек түпкіріне сақтап алғанын ақтарды. Елбасына деген ыстық ықыластарын еліміздің даму үрдісіндегі көшелі көрсеткіштерге, нақты нәтижелерге сүйене отырып жеткізді.

Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» Жалпыұлттық патриоттық актісі жария етіліп, салтанатты түрде қабылданды.

 

Жаңа фильм – жаңа қыр

Сессия жұмысынан кейін барлық делегаттар «Қазақстан» концерт залына жиналып, жаңа түсірілген «Елбасы жолы: Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің премьералық көрсетілімін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тамашалады.

Жаңа фильм Елбасы өмірінің 1984-1991 жылдар аралығындағы кезеңін қамтиды. Туындыда СССР-дің күйреуі, тарих сахнасына Қазақстан секілді жас мемлекеттің келуі секілді аса күрделі кезеңнің тынысынан сыр шерте отырып, Елбасының қайраткерлік болмысының да жаңа қырларына үңілдіреді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаңа мемлекет құру ісіндегі қажыры мен қайраты, тың реформаларды жүзеге асырудағы ролі мен жаһандық үрдістегі үздік жобаларға айналған бастамалары көркем желі негізінде баяндалады.

Фильм режиссері – Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ресей Халық әртісі Сергей Снежкин. Кинотуынды сюжеттері еліміздің Алматы, Астана және Қарағанды, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында түсірілген.

Жаңа туындының оқиға желісі мен жай-жапсарын жариялап тастағанымыз жөн болмас. Әркімнің өзі тамашалағанына ештеңе жетпейді. Дегенмен, алған әсеріміздің ғажап болғанын жасыра алмаймыз. Фильм идеясы тарихты тұлғалар жасайтынын нақтылап, Тәуелсіздікке тәу етуге үндейтін сарынмен астарланған. Елбасының тарихи тәуекелі де, қажыр-қайраты да, бүгінгі халықаралық аренадағы абырой-беделі де жинақы һәм нанымды сомдалған. Өйткені, жаңа фильмге жүк болған дәуір тарихтың аңызбен астарланған көне дәуірі емес, жадымыздан өшпеген кешегі күндер.

Фильм жалпы ұлттық прокатқа 28 сәуір күні шықты.

Барымызды бағалап, бағымызды бағамдауға, қолда бардың қадірін білуге үндейтін тың туынды көрерменнен жоғары баға аларына сендік. Тағы қайталап айтамын, туынды – шынайылығымен құнды.

 

P.S. ҚХА XXIV сессиясына қатысқан қарағандылық делегацияның барлық мүшесі ұмытылмас әсерде оралды Астанадан. Мұны мен жолдағы әңгіме ауанынан аңғарғанмын. Ал, бізді Астанада күтіп алып, екі күн бойы қарағандылықтарға аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсеткен «Қазақстан Теміржолы ҰК» АҚ басшылығына деген ризашылығымыз – шексіз.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 273
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px