Биікті бірге бағындырамыз - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016


Биікті бірге бағындырамыз
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Орталық коммуникация­лар қызметінің өңірлік баспасөз мәслихатына қатысты. Жиынның өзегі – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру.

Тікелей эфир арқылы көрсетілген баспасөз мәслихатында аймақ басшысы журналистердің сауалдарына жауап берді. Облыс тұрғындары да Нұрмұхамбет Қанапияұлына 70-тен астам сұрақ жолдап үлгерді. Аймақ басшысы айтқандай, көтерілген әрбір мәселе жіті зерттеледі. Ешбірі де аяқсыз қалмайды. Бір қуантарлығы, тұрғындардан телефон арқылы келіп түскен сұрақтардың негізгі дені – индустрияландыру мәселесін қамтиды. «Бұл – өңір тұрғындарының Ұлт жоспарын жүзеге асыруға деген қызығушылығын көрсетсе керек. Тұрғындардың белсенділігі ісімізді ілгері бастайтыны сөзсіз» – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 институционалдық реформа жер-жерде жүзеге асырылуда. Біздің өңір де бұл бағытты бір демде бетке алды.
Мәселен, кәсіби мемлекеттік аппарат құру ісінің тәжірибелік кезеңі биылғы жылдың қаңтар айында іске қосылды. Осы уақыт аралығында 118 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырса, жыл соңына дейін тағы 1800 мемлекеттік қызметші оқытылады. Мемлекеттік лауазымдардың 51 бос орнына конкурстар өткізіліп, 35 маман мемлекеттік қызметшілер қатарын толықтырған.
Заңның үстемдігін қамтамасыз етуді көздейтін екінші реформа бойынша да бірқатар іс-шара жүзеге асты. Мысалы, жергілікті полиция қызметі іске кірісіп, қоғамдық тәртіпті күшейту, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру сияқты маңызды мәселелер жетілдіріле түсті. Қазіргі күні облыстағы жергілікті полиция қызметінің құрамында 2702 қызметші бар. Жыл басынан бері олар 600 рет халықпен кездесу өткізіп, жұмыстарын жүйелі жолға қойған. Мұндағы мақсат айқын. Мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету. Жаңадан құрылған 134 қоғамдық тәртіп сақтау құрылымы да осы мақсатқа жұмылады.
Индустрияландыру және экономикалық өсім. Бұл – 5 институционалдық реформаның бірі.  Жерді игеру, құрылыс саласын, электр энергетикасын, ауыл шаруашылығы саласын дамыту осы реформа арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұған қоса, мүлік пен қаржыны жария ету, заңдастыру да – елдің экономикасын өрге тартатыны анық. Осы күнге дейін облыс бойынша  жалпы құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 370 нысан және 4,8 млрд. теңге қаражат жария етілген. Жыл соңына дейін 286 мың гектарды құрайтын 370 жер учаскесі аукцион арқылы саудаға қойылады.
Инвестиция тарту мақсатында 2016 жылға арналған жос­пар бекітілген. Құжат аймақтың инвестициялық климатын арттыруды көздейді. Шетелдік инвесторлармен бірлесе жұмыс атқаруға да басымдық берілген. Мысалы, қытайлық «Цинхуа» энергетикалық корпорациясымен көмірді терең өңдеу ісі бойынша келісім-шарт жасалды.
Сондай-ақ, өткен жылдың соңында америкалық «Haliburton» компаниясымен баритті кендерді қайта өңдеуге бағытталған «KarazhalOperаting» ЖШС зауыты іске қосылды. Зауыт осы уақыт аралығында 3100 тонна баритті концентрат өндірді. Металлургиялық, химиялық және азық-түлік кәсіпорындарының қажеттілігін өтеу мақсатында бельгиялық компанияның қатысуымен жоғары сапалы әк өндіретін зауыттың құрылысы да басталды. Қазақстандағы оқ өндіретін тұңғыш зауыттың іргетасы да біздің өңірде қаланды.
Облысымыздағы туризм саласын дамытуға бағытталған іс-шаралардың да ауқымы кең. Былтыр жалпы құны 1900 млн. теңгені құрайтын 7 жоба іске асса, биыл тағы 4 жоба туризм саласын түлетуге бағытталады.  
Баспасөз мәслихатында Нұр­мұхамбет Әбдібеков білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға бағытталған іс-шараларды да жіпке тізді.
Алдағы қыркүйек айынан бастап бірінші сыныптарды 12-жылдық білім беру жүйесіне көшіру үшін (526 жалпы білім беретін мектеп) 1 тамызға дейін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жеткізу қамтамасыз етіледі. Ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен өту үшін облыста мектепке дейінгі білім беретін – 18, орта білім беретін – 15 және 5 техникалық және кәсіби оқыту мекемелер таңдалып алынады.
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету ісіне жеке меншік қызмет көрсетушілер тартылуда. Олардың саны 2011 жылдан бері 24-тен 41-ге дейін өскен.
Агроөнеркәсіптік кешен жұмысы да баспасөз мәслихатынан тыс қалмады. Мысалы, бұған дейін ауыл шаруашылығының бір өндірістік кооперативі ашылса (Осакаров ауданында), тағы да осындай сегіз кооператив ашу жоспарда бар екен.
Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» реформасы аясында 2015 жылдың соңында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идея­сы құндылықтарының негізінде қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытудың концепциясы бекітілді.
Облыстың барлық өңірлерінде жаңа заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді жүзеге асыру бойынша ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Өткен жылдың соңында этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын жүргізуге барлық қолайлы жағдайлар жасалған Достық үйі салтанатты түрде ашылды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа қоғамдық құрылымдары – Қоғамдық келісім кеңестері (124), Аналар кеңесі (25), халықтың 20 нақты әлеуметтік мәселесін шешкен ғылыми-сарап­тамалық топ құрылды және жұмысын жалғастыруда.
Қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңесінің форумдары, акциялары, кездесулері, дөңгелек үстелдері, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер сияқты 800 іс-шара өткізілді.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын насихаттау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының ашық есік күндері өткізілді. Онда 120 мың адам қатысты. 360-тан астам мектепте – ашық сабақтар, 240 елді мекенде Достық фестивальдері өткізілді.
Қазақстан халқы Ассамблея­сының «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы» атты кең ауқымды жобасы жүзеге асырылуда.
Өлкетану және этнографиялық музейлерде, мектептерде 4 мыңнан астам балаға (4338) Қазақстан тарихын оқытатын 225 үйірме ашылған.
Жыл басынан бері барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында (селекторлық тәртіптегін қоса есептегенде) 45 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 435 есепті кездесуі өтті. Мақсат – тұрғындарды ақпараттандыру және жариялылықты, есеп беруді арттыру.
Барлық 202 елді мекенде жергілікті қауымдастық құрылды. Бақылау шотын ашқаннан бергі уақытта 150,9 млн.теңге қаржы жинақталған.

Р.S. Мүдде – ортақ, міндет – ауқымды. Мақсат – айқын, жос­пар – межелі. Бұл – Ұлт жоспары, Мәңгілік Елдің бағыты! Баспасөз мәслихатында еншімізге бұйырған бір-ақ сағат уақытты осылай түйдік. Біз биікті бірге бағындырамыз!

14-қадам. Барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ қабылдау.
30-қадам. Жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІН құру. Жергілікті полиция қызметінің өкілеттілігі: қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылыққа атымен төзбеушілік. Жол-бақылау полициясының қызметкерлері полиция қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі.


62-қадам. Экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «ҰЛТТЫҚ ЧЕМПИОНДАР» БЕЛСЕНДІЛІГІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ. Бизнес-көшбасшыларды айқындау ноу-хау трансфері үшін біліктілік орталықтарын құру мүмкіндігін береді.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 189
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px