Бірліқтің бірегей болмысы - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Елбасы бір сөзінде «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Айтса – айтқандай-ақ. Шашақты найза ұстап, шаңын көкке көтеріп, бір жұрттың да ұлын – құл, қызын – күң етпедік. Дала демократиясы. Есігіне құлып, дархандығына құрық ілінбеген Ұлы Дала ...апайтөс Сарыарқа. Бірліктің бастауы да, қанағатшылдықтың астауы да сенде пайда болған...

 

Азаттығымыз алты құрлыққа аян болғалы халқымыздың татулығын ту етіп келеміз. Егемендікке қолымыз жетіп, етек-жеңімізді жиып, еңсемізді тіктегелі ел іргесін бүтіндеп әуреміз. Шекарамыз нығайып, көрші елдермен екі арамыз бекігелі бірлікті байрақ еттік. 130-дан астам ұлт пен ұлысы бар мемлекет үшін бұл аз шаруа емес. Ағайындай болып кеткен түрлі этносты өзектен жарып шыққан өз туғанымыздай бауырымзға басып, қанатымызға алдық. Ат төбеліндей ғана ел болсақ та, татулығымыздың, толеранттығымыздың арқасында айбарымызды әлем мойындады. Ал, осы татулық бір күнде, бір мезетте пайда болды ма? Ортақ тағдыры болмаған ұлттарға мәртебелі татулық төбеден аяғы салбырап түсе кетпесі белгілі. Бұл он-жиырма жылдың емес, ширек ғасырдан астам уақыт аралағында пайда болған ынтымақ.

Әңгімені әріден бастайық. Сталиннің сұрқия саясаты бірен-саран адамды емес, бүтіндей бір Кеңес халқын тізерлетті. Тізерлетіп қана қоймай, ұлтты жерінен, ерді елінен айырды. Тілдінің тілі, бастының басы кесіліп, тапқан-таянғаны талапайға түсті. Тектісін тентіретіп, беттісін жер аударды. Құдайсыздар жиылып, құл-құтандар ұйысып, құла түзді бетке алып, қырық рулы елді біріне-бірін суша сапырды. Ақырды. Жекірді. Өшпегенін өшірді, көшпегенін көшірді. Миллиондаған адам отанынан, одан қала берді отбасынан айырылды. Айырылғаны айдауға кетті. Айдауға кеткені ҚарЛАГ-та кісенделді.

«ГУЛАГ архипелагына» қарасты Степлаг, АЛЖИР сынды еңбекпен түзету лагерлерінің ендігі бір ірісі, 1931-1959 жылдар арасында азаптың арнасына айналған – ҚарЛАГ еді. Өткен ғасырдың өксіп-өксіп аларлық орны да осы – ҚарЛАГ-тұғын. Оның орналасқан аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырымды, ал, шығыстан батысқа дейін 200 шақырымды алып жатты. Алғаш құрылған 1931 жылы оның жер көлемі 53000 гектар болса, араға он жыл салып, 1780650 гектарға жеткен. Орталығы – Долинка кенті. Бас көтеріп, басынан айырылмағандарды ҚарЛАГ бостандығынан айырды. Солардың арасында қаншама дарын, қаншама ғалым болды десеңші. Шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін санап тауыса алмай келеді бүгінгі зерттеушілер. Әр жыл сайын әлдебір тұлғаның есімі жаңғырып, әділетсіздіктің араны әшкереленіп жатыр. Әлемге аты мәшһүр физиктер, генетиктер, биологтар, тарихшылар мен дәрігерлер қамалды. Нақты қанша дарынның көзі жойылғаны әлі де белгісіз.

ҚарЛАГ-ты құрғандағы басты мақсаттың бірі – Қарағанды көмір бассейні, Жазқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттары сипатындағы Орталық Қазақстанда ерекше дамыған көмір-металл өндірісін қамтамасыз ететін ірі азық-түлік базасын құру еді. Алайда, сотталғандардан жұмылдырылған тегін жұмыс күшінен бұрын мұнда ғалымдар да қажет еді. Сөйтіп, 1938 жылы ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы пайда болды. Станцияда асылдандыру, тұқымдастыру, егіс алқабын суару, жем-шөп даярлау, жеміс-жидек, көкөніс, мал өсіру бөлімдері, сонымен қатар, агрохимиялық зертхана, агрометерологиялық станция және тұқымды бақылау зертханасы ашылды. ҚарЛАГ-тың «Гигант» совхозында мұрағат құжаттарынан белгілі болғандай, жоғары білікті 159 агроном, ірі-қара мал саласы бойынша еңбектенген 70 зоотехник, 32 мал дәрігері, 56 ветфельдшерлер, қой малын өсіру бойынша 15 зоотехник тұсалған. Осының бәрін неге айтып отыр, Қазақстан халқының бірлігіне қандай қатысы бар дерсіз. Айтпағымыз мынау. Жала жабылып, жапа шегіп жүрсе де тұтқындардың Орталық Қазақстан өңіріне сіңірген еңбегі де, қосқан сүбесі де орасан. Тумысынан қонақжай, болмысынан ымырашыл қазақ халқы еркінен тыс елінен айырылғандардың бірін де өзегінен тепкен емес. Аш-жалаңашын қолында барын беріп, киіндірді, қарнын тойдырды. «Қарасың ба, ақсың ба?» (Қадыр Мырза Әли) деп алаламады. Ең бастысы, олар да соны түсінді. 1959 жылы ҚарЛАГ құрдымға кеткенімен, сотталғандардың көбісі осы Арқа топырағында қоныс теуіп, ұрпақ өрбітіп қалды. Ғалымдары кенішті қаламыздың ЖОО-да ұстаздық етіп, білім, ғылым, өнер, мәдениет, өндіріс, ауыл шаруашылығы, медицина және тағы да басқа салаларында талмай тер төкті. Қарағанды облысының, жалпы Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне септігін тигізді. Бір кісідей жұмылып тың игерді, көмір қазып, мыс қорытты. Татулықтың теңдессіз үлгісін көрсетті. Соның барлығы бірлік пен ынтымақтастықтың жемісін берді.

Егемендік алып, өз алдымызға Тәуелсіз ел болғанымызға да биыл 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр өтсе де, шетінеп кеткен түгіміз жоқ. Елбасының сындарлы саясаты Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына мұрындық болып, бірлігіміз одан сайын беки түсті. Сол достық, сол ынтымақтастық қасіретті ҚарЛАГ-тан басталып, қаситетті Қазақстанға ұласты. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», қай ұлыспен болмасын қол ұстасып келеміз. Сарыарқаны бірліктің алтын бесігі дейтініміз сондықтан. Президентіміз Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында «Бірлігіміздің арқасында болашағымыз жарқын болары анық. Бәріміздің киелі атамекеніміз – Қазақтың Ұлы Даласы» деді. Ұлы Даламыз бен Ұлы Достығымыздан айырылмайық.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 219
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px