Бизнес пен мемлекет диалогы - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Бизнес пен мемлекет  диалогы
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»


Кеше Қарағанды аймағы алыс-жақыннан келген инвесторларға шикізаттық-минералдық қорын паш етті. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған ІҮ Халықаралық инвестициялық форум портфелінде инвесторларға жалпы құны 1,5 трл.теңге болатын 151 жоба. Бұл жобалар агроөнеркәсіп кешені, жер қойнауын пайдалану, құрылыс индустриясы және туризм салаларын қамтыған. «Karaganda Invest 2016» форумына шетелдің,  шағын және орта бизнестің, ұлттық компаниялардың және жергілікті мемлекеттік басшылық ұйымдарының 1035 өкілі қатысты. Мұның бұған дейінгі өткен 3 форумнан бір ерекшелігі –  форумда тек Қарағандының ғана жобалары емес, сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының жобалары да топтасқандығында.

Қарағанды облысы дамуына импульс

Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков форум алаңы барша аймақтар үшін ашық екенін мәлімдеді. Бұл форматты таң­даудағы мақсат – ел қазынасын толтыруға ұмтылған басқа аймақтағы  жобалардың іске асуына мұрындық болу. Өйткені, барлық облыстың діттегені біреу-ақ – Қазақстанның экономикалық өсіміне өзіндік үлес қосу. Сон­дықтан, аймақ басшысы бұл мұ­ратта бөле-жаратын дәнемесі жоқ деп санайды.
Ал, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында аймақ басшысы бү­гін­гі таңда инвест-форум өткізу­дің өзекті екенін атап өтті.
Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, облыс әкімі:
– Қарағандыда ІҮ инвес­тиция­­лық форум өткізілуде. Форум  2012  жылы да  ұйым­дастырылған. Алайда, қазіргі уақытта осындай инвест-форум өткізу өзекті болып отыр. Аймақты дамытуға инвестиция тарту қажеттілігі бар. Соның ішінде, шетелдік инвестиция да бар.  Форум кездесу, келіссөздер нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Кейбір жобаларға қосымша инвестор тартылмақ. Осылайша, Қарағанды облысы экономикасының дамуына жаңа серпін берілмек.
Форум аясында соңғы кез­де жүз­еге асқан жобалар көр­меге қойылып, жаңа жоба­лардың таныстырылымы ұй­ым­­дастырылды. Сөйтіп, Қара­ғанды облысының әлеуеті толық көлемде ұсынылды.
Жалпы, жыл сайын облыс экономикасына  300 млрд.теңге инвестиция құйылуда. Бірақ жер­гілікті биліктің айтуынша, Қарағанды аймағы шикізатқа ғана сүйеніп қоймай, өзге де салалар арқылы өркендеуді көздейді. Ол салалардың қатарын машина құрастыру, көмір, химия, жеңіл өнеркәсіп құрайды. Сондай-ақ, Қарағандыдағы жоғары оқу ор­ындарының да ғылыми әлеуеті  зор. Олар да өз инвесторларын күтіп отырса керек.

Алғашқы форумның жемісі бар

Инвестиция және даму мин­истр­лігінің вице-министрі Альберт Рау тұңғыш рет 2007 жылы өткен инвест-форумдағы жобалардың осы күні аймақта жемісін беріп отырғанын айтады. Вице-министрдің мәлімдеуінше, форум аясында инвестиция құйылып, іске қосылған жобалар ЖІӨ-нің үштен бірін құрайды.
Альберт РАУ, Инвестиция және даму  вице-министрі:
– Қарағандыда бұл форум 2007 жылдан бастау алғаны белгілі. Содан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Сол уақытта, осыдан тоғыз жыл бұрын ойға алған жобалар жүзеге асып, жемісті болғаны қуантады. Негізі, бұл  – өте маңызды, әрі қажетті алаң. Жаңа жобаларды іске қосуда Қарағанды облысы көш бастап келеді. Мәселен, шикізаттық емес экспорттың бестен бірі Қарағанды облысына тиесілі.
Сонымен қатар, вице-министр Қарағандының қазба байлығының ішінде алдағы уақытта қай кеннің маңызға ие болатыны туралы тәуелсіз сарапшылардың жасаған болжамын жария етті. Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақыт – мыс пен алюминийдің дәурені. Сондай-ақ, бірер жылдан кейін болаттың да сұранысы артпақ. Ендеше, қойны-қонышы қазба байлыққа тұнған Қарағандының экономикасы  ел қамбасына мол қазына құяды. Деректерге сүйенсек, осы күні облыста барланған кеннің қоры 758 млн.АҚШ доллар көлемінде. Оған қоса,  48 кен орны әлі бос жатыр.  

Шағын инвестиция – орасан қазынаның кілті

Инвесторлар назарын аудартады деп күтілген саланың бірі – Қарағанды көмір бассейні. Яғни, көмірхимиясын дамыту. Көмірді тек энергетикалық шикізат  ретінде пайдаланып қоймай, одан өзге де жасанды отындық  өнім алу. Бұған қытайлық инвес­торлар қызығушылық танытып отырса керек. Тағы бір бағыт – металлургиямен байланысты. Агроөнеркәсіптік кешенде де жаңа жобалар ұсынылды.
Форумның тобықтай түйіні, әдеттегідей, бірқатар меморандумдар, инвестиялық келісімдер болғанын атап өткен жөн. Тарқата айтсақ, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Ахметжанов, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Г.Дүйсембаев және Солтүстік-Қазақстан  облысы әкімінің орынбасары М.Манкеев арасында  Қарағанды, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары арасындағы аймақаралық ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Сондай-ақ, Қарағанды об­лысының әкімдігі мен Түрік Республикасының Эскишехир провинциясының Үкіметі  «Ынтымақтастық және  2016-2018 жылдарға достық байланыстарды орнату туралы» келісімдерді жүзеге асыру жөніндегі  іс-шаралар жоспарына қол қойды.
«Металлургиялық, химия­лық және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының қажеттілік­терін қамтамасыз ету үшін бірінші сұрыпты әк өндірісі бойынша зауыт салу» жобасын жүзеге асыруға қатысты «Global Lime Industries» ЖШС Бас директоры Ж.Жаны­құлов Қарағанды облыс­ының әкімдігімен өзара ынтымақ­тастық туралы келісімге келді. Келісімдегі зауыт Қарағанды облысының Осакаров ауданында бой көтереді. Жаңа зауытты іске қосу – 105 жаңа жұмыс орындарды ашуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, «Қарашағанақ Петролиум Оперейтинг Б.В». (КПО) компанияларының мер­дігерлері, дәлірек,  «Топан» ЖШС (Орал) және «Қазақстан метрология институты» РМК  (Қарағанды) арасында газ қоспаларын дайындауға қат­ысты ұзақмерзімді шартқа қол қойылды.
«Karaganda Invest 2016» IV Халықаралық инвестициялық форумды ұйымдастырушы –  Қарағанды облысының әкімдігі мен «Сарыарқа» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы. Форум қолдаушысы – Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы, «Icкер» Қарағанды биз­нес-қауымдастығы,  «SAP», «Samsung Electronics Central Eurasia» компаниялары, «1С» фирмасы, «ТЭМК» АҚ-ның, «Cosmonaut», Efes Kazakhstan қонақүй кешені, «Бёмер Арматура»  және «Хрустальная» суы ЖШС.
Сонымен, Қарағанды об­лысы­­ның  кезекті инвест-фору­мы мәреге жетті. Жемісі – келесі форумда мәлім болады, бұйыртса.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 324
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px