ҰБТ: ұттық па, ұтылдық па? - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

ҰБТ: ұттық па, ұтылдық па?
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»
ҰБТ көрсеткіштері жылдан-жылға тәуірленіп келеді. Биыл облыста ұлттық бірыңғай тестілеуге 4475 түлек қатысқан. Ол – мектеп бітірушілердің   64 пайызы. Облыс бойынша оқушылардың жинаған орташа балы – 81,9. Бұл көрсеткіш былтырғы жылы – 79,6 балл. Ал, республика бойынша – 81,2 балл. Яғни, аймақ көрсеткіші республикадан жоғары.  Демек, былтырғымен салыстырғанда ілгерілеу бар. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат отырысында облыстың білім басқармасы басшысы Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ мәлімдеді. Аппарат отырысына облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ төрағалық етті.
Биылғы оқу жылында мектеп қабырғасынан 7 мыңға жуық түлек қанат қақты. Жоғарыда атап өткеніміздей, оның 4475-і ҰБТ-ға қатысты. Қарағанды облысында бұл жауапты сынақ 3  және 7 маусым аралығында өтті. Тестілеуге  қатысқан түлектердің басым көпшілігі  Балқаш (86,8%), және Қарағанды (74%) қалаларында, Ұлытау және Бұқар жырау аудандарында (75%) байқалған.
ҰБТ-дан өткен түлектердің жинақтаған орташа ұпайы   ауыл­дық аудандарда – 75,6, қалаларда – 83,6. Екеуінің арасындағы алшақтық 2 балға кеміп, 8 балды құраған. Көрсеткіштердің айтарлықтай артуы Саран, Шахтинск, Қаражал қалалары мен Шет, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында байқалған.
Басқарма басшысының айтуынша, ҰБТ кезінде ешқандай келеңсіздік орын алмаған. 15 пунктте тест тапсырған түлектер арасынан тәртіп бұзып, аудиториядан шығарылғаны жоқ. Ең жоғары 125 бал жинаған  Жезқазған қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Т.Әбішев. Ал, 100 балл алған түлектердің үлес салмағы былтырғыдан 4 пайызға жоғары. 100 адамға артық. Мәселен, былтыр 729 болса, осы жылы 822 оқушы. Сөйтіп, 18 пайызға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштен 4 пайызға көп.  
«Алтын белгіге» үміткер 218 түлектің 122-сі «Алтын белгісін» ақтады. «Алтындардың» үлесі 7,3 пайызға артып, 56 пайызға жеткен. Ал, үздік аттестатқа үміткер болған 97 түлектің 41-і  бұл бәсекеде білімін дәлелдеп шықты. Үздіктердің саны биыл 11 пайызға көбейген.
Шекті деңгейден өтпей қалған­дар да бар. Бірақ, бұл былтырғы­мен салыстырғанда 165 адамға төмен. Сүрінгендердің  басым көпшілігі -  Осакаров, Нұра, Ұлы­тау аудандарынан. Алайда, биылғы тестілеудің жаңалығы – шекті деңгейден өте алмай қалған түлектер тамыздың екінші жартысында ақысын төлеп, тағы бағын сынауға мүмкіндік алатындығында болып отыр.
Түлектер міндетті пәндер арасында математикадан жиі сүрінген. Мұны басқарма басшысы,  білімді, білікті мамандардың қаттығымен, әдіснамалық қыз­­меттің ақсауымен және кең жолақты интернетке қол жетім­сіз­дікпен байланыстырады. Осыған орай басқарма бір­қатар ұсыныстар жасады. Атап айтқанда, тестілеу нәти­желерін егжей-тегжейлі сараптайтын болады. Әрбір өңір, ауданды, пән мен мамандарды ежіктей отырып, талдау жасайды. Сондай-ақ, қашықтықтан оқытуға баса назар аударылмақ. Әсіресе, төмен көрсеткіштегі шағын жинақты мектептерге көңіл бөлінеді. Білім беру ошақтарында заманауи ақпараттық-ком­му­никациялық технологияларды енгізуді кеңейту қажет. Осындай қадамдар арқылы білім деңгейін көтеруді көздейді білім басқармасы.
Айтқандай, ҰБТ келер жылы өзгеріске ұшырайды. Ендігі тү­лектер білімдерін тестпен емес, емтихан арқылы сынауы мүмкін.

♦ ♦ ♦

Бұдан соң, күн тәртібіне шығарыл­ған екінші мәселе – Мемлекет басшысының тапсыр­масының орындалуына қатысты. Бұл жөнінде облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары А.Жайлыбаев баяндады.
Жыл басынан бері облыс әкімінің аппаратына ҚР Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесінен 277 бақылау құжаты келіп түскен. Оның арасында Президенттің тапсырмасы мен Президент Әкімшілігінен -113, Премьер-министр мен Премьер-министр кеңсесінен – 164 құжат бар. Президент Әкімшілігінен түскен 113 тапсырманың 73-і Президенттің тікелей тапсырмасы, бүгінгі таңда оның 28-і іске асқан. 47-сі орындалу үстінде.  Жүктелген міндеттердің орындалысына басқарма басшылары тоқталды.
Облыс әкімі бұл тапсыр­ма­лардың үнемі бақылауда болатынын және мерзімінде орындалуы тиістігін ерекше атап өтті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 683
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px