Екпінді екіайлық басталды - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Екпінді екіайлық басталды
Абай ауданының әкімі Серік ШАЙДАРОВТЫҢ төрағалығымен өткен мақсатты жиында аудан аумағындағы елді мекендерді көктемгі санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру екіайлығы аясында атқарылуы тиісті іс-шаралар тізбегі қапысыз нақтыланып, еңбектің екпінді екіайлығы басталып та кетті.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Қоғамдық маңызы зор іс-шараны ұтымды ұйымдастыруға орай, Абай қаласының және кенттер мен ауылдардың әкімдері өздерінің жоспарлы әрекеттерінің тізбесін әзірлеп, тиісінше, аудандық көлемдегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар, жұмыстың жүйелі әрі сапалы жүргізілуі мақсатында мемлекеттік мекемелер басшыларының әр елді мекенге жауаптылығы белгіленді.
Тәртіп пен реттілікті мүдде тұтқан іс-шараға мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері ғана емес, жалпы аудан тұрғындарының қатысуы – басты шарттың бірі. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін арнайы үнпарақтардың таратылып, халықтың өзге де ақпараттандыру тетіктері арқылы құлақтандырылуы ескерілген.
Осы ретте ерекше сипаттағы іс-шаралардың жоспарға енгізілгенін атап өткен жөн. Солардың бірі – 16 сәуірде өткізілетін «Тазалық – Ұлт денсаулығының кепілі» акциясы. Сондай-ақ, мамыр айының еншісіндегі аудандық жастардың ресурстық орталығы ұйытқы болатын «Таза жағалау» акциясы да – ілкімді іс-шаралардың санатында.
Екпінді екіайлық шеңберінде шағын және орта бизнес нысандары орналасқан аумақтардың сырт келбетінің келісті жағдайда болуына да айрықша назар аударылады. Көлік жолдары мен жаяу жүргінгішілерге арналған жолдардың сапасы да назардан тыс қалмайды.
Ауылдық округтердегі қоқыс қалдықтары мен рұқсат етілмеген күл-қоқыс үйінділерінің жылдар бойы жинақталып қалуы – өзекті мәселелердің бірегейі. Екіайлық кезеңіндегі қарымды әрекеттер шең­берінде осы мәселе де ерекше ескерілетін болады.
АБАЙ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 170
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px