Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 26.09.2017

Әрбір мемлекет үшін әрбір тұрғынын отаншылдық рухта тәрбиелеу мемлекет қорғанысының ажырамас бір бөлігі болып табылады.  Елінің ертеңін бесікте жатып ойланбаған жас елтұтқа бола алмайды. Отаншылдық рух әр қазақ баласына бесік тербеткен анасының әлдиімен құлағына сіңіп, жүрегіне жетпек. Отаншылдық рухтағы тәрбиенің күрделілігін осыдан-ақ бағамдауға болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев нақты пайымдап,   «...бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн»  дейді.

Мемлекеттік төл рәміз тәуелсіз мемлекеттерде ғана болады. Олай болса, біздің төл рәмізіміз әу бастан болған. Сол рәміздеріміздің орнығуы тікелей тәуелсіздігімізбен байланысты.

Соған орай Елбасымыз жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән берді.

Мемлекеттік рәміздеріміздің ресми хатталуының да өз тарихы бар. Президентіміз Н.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «ҚР Мемлекеттік Туы туралы», «ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.

Сөйтіп, егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері – Елбайрағымыз, Елтаңбамыз, Елұранымыз дүниеге келді.

Елбайрағымыздың бір түсті болуы – еліміздің тұтастығының нышаны. Көк түс – қазақ баласы үшін қасиетті, дәстүрлі түс. Ол ең алдымен біздің діни нанымымызбен байланысты. Шамандықта да, тәңіршілдікте де ата-бабаларымыз Көкке табынды. Көк түс біз ғұмыр кешіп жатқан ғаламшар кеңістігінің шексіздігін, адамдар тағдырының оған тікелей тәуелділігін бейнелейді. Соған орай ата-бабаларымыз күнделікті тұрмысында, ырым-нанымында осы көк түске байланған. Халқымыз көк түсті өзінің ұлттық реңі деп білген. Өзінің тамырын Көктүріктен іздесе басқа себебі жоқ. Заманында Түркі, Хазар, Селжұқ қағанаттарының, Ақсақ Темір мемлекетінің, Қазақ хандығының бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген. Біздің аға ұрпақ та кеңестік қызыл саясаттың өзінде осы реңді мемлекеттік жалауында баянды ете алған. Қазақ ССР-нің мемлекеттік жалауында шағын көк жолақ тұр. Сол нышан Қазақ республикасының төл болмысының белгісі деп ұғынылады. Көк түстің мифологиялық, теологиялық, астрономиялық, астрологиялық мән-мағыналарымен бірге географиялық мағынасы да бар. Ең алдымен ол шығыс деген ұғымды ишаралайды. Геральдика тілінде бүкіл әлемге Қазақстанның жер шарының шығысында орналасқандығын, Ұлы дала өркениетінен бастау алатын, тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениетінің өкілі екендігін баян етеді.

Тудың сол жағында қазақтың қошқар мүйізді оюы бар. Ол береке, молшылықтың нышаны. Оның да өзіміздің нанымымызбен байланыстылығы шүбә келтірмейді. Қасиетті кітаптарда жазылғандай ырыс – қой малында.

Елбайрақтағы Күн бейнесі – байлық пен береке белгісі. Күн бейнесін салу арқылы қазақ елі өзінің жалпы адамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі екендігін аңғартып тұр. Күн – өмір мен күш-қуаттың көзі. Мұнда да халқымыздың діни нанымы жатыр. Көшпелілердің өмірі Күн қозғалысына, ондағы құбылыстарға тікелей тәуелді болған.

Елдің туындағы алтын қыран – азаттық пен еркіндіктің, мақсаткерлік пен асқақтықтың өзгеше белгісі. Қыран бүркіт қазақ халқының ұлттық дүниетанымында еркіндік, бостандық сүйгіштік, ерлік, жоғары аңсар, жан дүниесінің кеңдігі, асыл мұрат, жүрек тазалығы сияқты адамгершілік асыл ұғымдармен астасып жатады. Күн астында самғаған қыран бейнесі ұлан-асыр  кеңістікті жайлаған арда елдің азаттық сүйгіш мінезі мен жомарт ықыласының белгісі.

Елтаңбадағы шаңырақ  елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстардың ортақ үйі екенін бейнелейді. Шаңырақтың мықтылығы оны көтеріп тұрған уықтың беріктігіне – Қазақстан халқын құрайтын ұлт өкілдерінің бірлігі мен татулығына жетелейді.

Елтаңбадағы алтын мүйізді, қос қанатты тұлпар өркениет дамуының шегіне ұмтылған халықтың арман-мақсатын ғана емес, зор мүмкіндігі мен қуатын да паш етеді.

Еліміздің Елұраны еркін мемлекеттің мәртебесі ретінде қабылданады. Мәтінін Ж.Дәрібаева мен М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев жазған, әуенін Мұқан Төлебаев, Е.Брусиловский мен  Л.Хамиди түзген байырғы әуен замана ағымына сай келмеді. Желтоқсан оқиғасында жас жігіттер мен қыздарымызды қазіргі Елұранымызды алып шыққан еді. Оның әуенін – Шәмші Қалдаяқов тудырса, мәтінін Жұмекен  Нәжімеденов жазды. Кейін мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзгертулер енгізген мәтін қабылданды.

Саяси тұрғыдан келсек ол – мемлекеттік тұтастық идеясын білдіреді.

Рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып табылады. Бүгінде біз рәмізі толық мелекеттер қатарында тұрмыз.

Кез келген ел тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Жас мемлекеттің жас астанасында және бүкіл республика аумағында елдің елдігін танытатын, отаншылдық пен патриоттық рухты оятатын, әр жүректе мақтаныш сезімін тудыратын күн – Рәміздер күні. Астана уақытымен сағат таңертеңгі 11-де еліміздің барлық облыс орталықтарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы желбіреп, Мемлекеттік Әнұраны орындалады. Жүріп келе жатқан жандар жүрісін тоқтатып, көліктегілер көлігінен түсіп, оң қолдарын жүрек тұсында ұстап, ел рәміздеріне деген құрметтерін көрсетеді. Барша қазақстандықтар бір адам болып Әнұранымызды шырқайды!

Рәміз күні – басты мерекелеріміздің бірі. Бұл күні «Менің Туым!», «Менің Елтаңбам!», «Менің Әнұраным!» девизімен бүкілхалықтық той болып өтеді.

Той құтты болсын, отандастар!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 441
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1181
count 88x31px