ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК ӘУЛЕТІ - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

88-қадам. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру... Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік саясаттың арқасында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың (біздің заманымыздың батырларының) табыстарының дербес тарихын ескере отырып, ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ ИДЕЯЛАРЫН ІЛГЕРІЛЕТУГЕ, индустрияландырудың және «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бағытталады.

 

Елбасы айқындап бергендей, қоғамның дамуында жұмысшы мамандықтарының лайықты орны бар екенін айтпасқа болмайды. Мәселен, Жезқазған байыту фабрикасында ежелден өркен жайған еңбек дәстүрі мен өнегелі бастамалар мол. Соның бірі – бір салаға ұйысқан еңбек әулеттерінің қалыптасуы. Фабрикада шоғырланған бірнеше жұмысшы әулеттері бар. Олардың қатарындағы ағайынды Жанайдаровтардың жетеуі бір кәсіпорында еселі еңбегімен танымал болып, бүгінде есімдері құрметпен аталуда.

 Ертеде батагөй қарияларымыз «Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол» деп бата беруші еді ғой. Сол айтқандайын, байыту саласындағы Жанайдаровтар өндіріске бауыр басумен қатар адал да ұқыпты еңбектерінің арқасында абыройға бөленді. «Қазақмыс» компаниясының «КәсіпҚазақмыс» салалық кәсіподағы Жезқазған аймағы филиалының басшысы Ерболат Сатыбалдин байыту фабрикасындағы Жанайдаровтар әулеті туралы жақсы пікірін білдірді. Өткен жылы алғаш рет мерекеленген Еңбек күнінде олардың барлығы еңбегіне сай құрметке бөленіп, кәсіподақ тарапынан марапатқа ие болыпты. Жүрек қалауымен жұмысшы мамандығын таңдаған бұлар ағайынды үш адамның ұлдары. «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» демекші, ағайынның татулығына не жетсін. Тату-тәттіліктің арқасында бір-бірін осында тартып, қиындықта демеп, шыңдалып, шынығып, өндірістің өз адамына айналды.

Ағайынды Тоғанас, Уанас, Әжібек Жанайдаровтар мысты қаламен «ауылы аралас, қойы қоралас» бұрынғы Жезді ауданындағы Борсеңгірдің тумалары. Кезінде ауыл шаруашылығын өркендетуге қал-қадірлерінше өз үлестерін қосқан. Механизатор болып, озаттар көшін бастады. Нарық келіп, алағай да бұлағай заман басталғанда бұл әулет те қалаға қарай бет бұрған болатын. Тоғанас Жанайдаров өндірісті жатсынған жоқ, байыту фабрикасына жұмысқа тұрды. Кран машинисі болып тапжылмай еңбек етіп, осыдан үш-төрт жыл бұрын зейнетке шықты. Бүгінде ұлдары Бақытбек, Сәнібек әке жолын жалғастырып, осында еңбек етуде. Ал, Әжібектің балалары – Қаныбек, Жәнібек, Жорабек, Болатбектердің алдының еңбек жолын бастағанына жиырма жылдан асса, соңының байытушылықты қалағанына он жылға жуықтап қалыпты. Уанастың ұлы Балмұқан да 2014 жылдан бастап ағайындарының қатарынан табылды. Жиһаз жасайтын цехтағы жеке кәсібін тастап, өндіріске келді. Қазір реагент бөлімшесінде слесарь-жөндеуші болып еңбек етуде.

Жанайдаровтардың біразы №2 бас корпустағы осы реагент бөлімшесіне табан тіреген екен. Бүгінде мамандықтың қыр-сырына бойлап, өз істерін ұршықша иіріп жүр. Мәселен, Болатбек Жанайдаров осы бөлімшеде 2005 жылдан бері слесарь-жөндеуші болып мүлтіксіз жұмыс істеп келеді. Қазірде 4-разрядты меңгерген.

– Әуелде мен де еңбек жолымды жиһаз цехында бастаған едім. Ойым үлкен өндіріске қарай бұрыла берді. Байытушылар қатарына келгеніме еш өкінбеймін. Еңбегіміз өнімді, тұрмысымыз көңілді дегендей, ел қатарлы жүріп жатырмыз. Бригадамызда 25 адам бар, Бригадир Сүйіндік Әдішевтің басшылығымен әркім өз міндетін тыңғылықты, ойдағыдай атқаруға күш салуда. Жабдықтардың ақаусыз, кідіріссіз жұмыс істеуі ортақ табысқа жол ашады, – дейді Болатбек.

Иә, айтса айтқандай, мұндағы ерітінді дайындаушы, электрик, слесарь, дәнекерлеуші – барлығының міндеті өндіріс ырғағын сақтай отырып, сапалы өнім өндіруге үлес қосу. Кенді өңдеп, байыту барысында реагент бөлімшесінің алар орны аса маңызды. Реагенттің технологияға сай мөлшерде қосылуы – кен жентектерінен металдың дұрыс қалқылуының кепілі. Түптеп келгенде концентрат құрамының құнарлы әрі сапалы болуы да осыған байланысты. Ағайынды Жанайдаровтар жабдықтарға ойдағыдай қызмет көрсету арқылы технологиялық ырғақтың бұзылмауына лайықты үлестерін қосып жүр. Бақытбек те осында. Ол алғашқыда еңбек жолын №45 шахтада бастаған болатын. Өткен жылы фабрикаға келді. Қазір реагент бөлімшесінде жөндеуші-слесарь болып жемісті еңбек етуде.

Сондай-ақ, фабриканың №2 бас корпусында 20 жылдан бері істейтін слесарь Қаныбек, диірменге ұнтақтаушы денелерді тиеуші машинистер Жәнібек пен Жорабек те өз кәсіптеріне мығым, әріптестерін жерге қаратқан емес. Ал, электр-дәнекерлеушісі мамандығын қалаған Сәнібек Жанайдаров болса №2 ұнтақтау корпусында ойдағыдай еңбек етуде. Кеніштерден толассыз келіп жатқан кен тастарының уатылып, әрі қарай металл өнімдеріне айналуына ол да өзіндік үлесін қоса білуде. Өндірістің өз тәртібі бар. Жұмыс ауысыммен атқарылады. Соған орай біз Жанайдаровтардың жетеуімен бірдей жұмыс үстінде жолыға алмадық. Алайда, үш-төртеуімен кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Байқағанымыз – олар қиындықтан қаймықпайтын еңбекқор болуымен қатар, бір-біріне ізетті, мейірімді. Қанша айтқанмен, бауырлас жандар өзара иықтаса қимылдауға бейім көрінеді. «Өз-өзіңді сыйласаң, жат бойынан түңілер» демей ме. Фабрика басшылығы мен кәсіподақ жетекшілері де Жанайдаровтар әулетін жақсы жағынан атап отыр.

Иә, азаматтың жақсы атануы мінезі мен ісіне байланысты болса керек. Байыту саласына келіп тоғысқан ағайынды азаматтарға да ұжым ілтипаты ойдағыдай. Алайда, олардың алар асуы мен жетер биігі әлі алда.

 

СУРЕТТЕ: ағайынды Бақытбек, Жәнібек және Балмұқан Жанайдаровтар.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 388
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px