ЕРТЕҢІМІЗ ЖАРҚЫН БОЛСЫН - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

ЕРТЕҢІМІЗ   ЖАРҚЫН   БОЛСЫН
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»

2016 жылғы 9 маусымда облыстық мәслихаттың конференц-залында облыстық мәслихаттың депутаты Жанна Филипповна  ШТРЕГЕРДІҢ төрағалығымен заңдылық және азаматтар құқығы тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Сессияның жұмысына Қарағанды, Теміртау қалалары әкімдерінің орынбасарлары,  ішкі істер, прокуратура, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия жұмысында келесі мәселелер қаралды.
1.2015 жылғы және 2016 жылғы І тоқсанындағы қылмыстың және жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылық пен балалар қадағалаусыздығының алдын алу бойынша жұмыс тиімділігін арттыру туралы.
2.2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген 2015 жылғы 18 қарашадағы ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет» туралы Заң аясында 2016 жылдың өткен кезеңіндегі түсіндіру жұмыстарын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруды ұйымдастыру туралы.
3.Әртүрлі мәселелер.
Бірінші мәселе бойынша жергілікті полиция қызметінің бастығы Ж. Жақаевтың есебі тыңдалды.
– Облыстық ішкі істер департаменті және оның жергілікті құрылымдары жергілікті органдардың қолдауымен, басқа да мүдделі ведомстволармен бірлесе отырып, балалар құқығын қорғауға бағытталған заңдылықтарды орындау, профилактикалық жұмыстарды, жасөспірімдер қылмысымен күресті күшейту, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аз жұмыс атқарған жоқ.
Бұл мәселелер ағымдық жылда әртүрлі отырыстарда, оның ішінде облыс әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссияда, балалар құқығын қорғау комиссиясында, үйлестіру кеңесінде, басқа да мәжілістерде бірнеше рет талқыланды. Жұмысты ширату бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
Өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 53,1 пайызға кеміді (444-тен 290-ға). Ауыр қылмыстар саны да азайды. 32,3 пайызға түсті (65-тен 44-ке). Қылмыстың ерекше ауыр түрлерінің өсуіне жол берілген жоқ. Кәмелеттік жасқа толмағандар қылмысы да 31 пайызға қысқарды (428-ден 295-ке). Оның ішінде оқушылар үлесі де кеміді (108-ден 89-ға).
Жасөспірімдер қылмысының ең көп тіркелген жерлері – Қарағанды (86), Теміртау (62), Жезқазған (28), Сәтбаев (23). Топтанып қылмыс жасау деңгейі 2015 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 151,1 пайызға түсті. Ішімдік ішіп қылмыс жасау тіркелгенімен, наша шегіп қылмыс жасағандар тіркелмеді.
Дегенмен бірқатар өңірлерде қылмыстың өршуіне жол берілді. Оның дені ұрлықпен байланысты ұсақ-түйек қылмыстар еді. Теміртаудың Ескіқала полиция бөлімшесінде 51,7 пайызға (29-дан 44-ке), Жезқазған қаласында 33,3 пайызға (21-ден 28-ге), Саранда 133,3 (6-дан 14-ке), Шахтинск қаласында 77,8 (9-дан 16-ға), Осакаров ауданында 75 пайызға (8-ден 14-ке) өсті.
Жасөспірімдерге қарсы қылмыс саны 40,7 пайызға төмендеді (732-ден 436-ға).
Медициналық мекемелермен бірлесіп жүргізген жұмыстардың нәтижесінде кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың медициналық кеңестер сұрауына байланысты жыныстық қылмыс саны өсе түсті. Бұл жерде жыныстық тәрбиенің жетімсіздігін айтуға тура келеді. Ғаламтор, БАҚ арқылы таратылған жыныстық қатынас туралы жалған, болмаса ғылыми негізсіз материалдардың, жабайы жыныстық қатынас жөніндегі көрсетілімдер мен жазбалардың теріс жолға бастайтынын осыдан-ақ көруге болады.
Өткен кезең ішінде аз жұмыс істелген жоқ, алайда алда одан да көп жұмыс тұр деп білеміз.
Бала – біздің ертеңіміз. Ертеңіміздің жарқын болуы біздің балалармен қалай жұмыс істеуімізге байланысты, – деп аяқтады баяндамасын  Жалғасбай Сұлтанғалиұлы.
Отырыста баяндамашы тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Олардың арасында мектептерде қылмыстың алдын алу бойынша лекциялар оқу, оңалту орталықтарында ата-аналарға көмек көрсету сынды ұсыныстар қатысушылар тарапынан қолдау тауып отырды.
Бұл мәселе бойынша Қарағанды облысы Прокуратурасы І-ші басқармасының аға прокуроры А. Әлсенова тыңдалды.
Облыс прокуратурасының жұмыс жоспарының бірінші бабын жүзеге асыру бойынша балалардың бақылаусыздығы мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудағы уәкілді органдардың заңдылықты қолданудағы әрекеттеріне тексерістер жүргізілген. Статистикалық мәліметтер бойынша 2015 жылы жасөспірімдер, болмаса олардың қатысуымен 290 қылмыс орын алған. Бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 53,1 пайызға кем (444). Қылмыстың денін өзгенің мүлкін жымқыру (143), тонау (44), алаяқтық (20), автокөліктерді заңсыз иемдену (18), бұзықтық (16), бопсалау (13), денсаулыққа әртүрлі деңгейде залал келтіру (12) құраған. Қылмыстардың көпшілігі негізінен Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев сынды ірі қалаларда жасалған.
Жасөспірімдер қылмысына жасалған талдау көрсеткендей қылмыстар негізінен көшелерде, үй аулаларында, саябақтарда, дүкендерде, яғни, қоғамдық орындарда – 74 (148), пәтерлер мен үйлерде – 33 (45) жасалған. Олар 54323739 (2629331) теңгенің залалын келтірген, оның 18073397 (2512181) теңгесін өз еріктерімен қайтарған.
– Мұның өзі ұрлық пен тонауға байланысты қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстың осалдағанын көрсетеді, – деп аяқтады өз сөзін Айгүл Кәменқызы.
Бұл мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы А. Аймағанбетов қосымша ақпарат берді.
– Жасөспірімдер арасындағы қылмысты бәсеңдетуде психологтардың алар орны ерекше, – деп бастады сөзін баяндамашы.
Бүгінде облыс мектептерінде 878 психолог жұмыс істейді (балабақшаларда – 205, арнайы мектеп-интернаттарда – 12, колледждерде – 57), көпшілігінде кәсіби білім жоқ. Олардың саны арта түсер ме еді, алайда жалақылары төмен.
Бұл бағытта кадет сыныптарына үлкен мән берілуде. Өткен жылы облыс мектептерінде олардың саны бес болса, биыл бес есе өсіп, 26-ға жеткен. Ата-аналардың қараусыздығынан мектепке бармау оқиғасы жиілей түскенімен, пәрменді қарсы шаралар жасалуда. Соның нәтижесінде қаңғыбастыққа салынған 36 баланың 30-ы мектепке қайтарылған.
Облыстық білім басқармасында «Edu-Mark» жедел қосымшасы іске қосылған.  Енді
қарағандылық ата-аналар жаңа жедел құрылғы арқылы балаларының мектептегі сабақ үлгерімін қадағалай алады.
Мамандардың айтуынша, бұл электронды күнделік жүйесі оқушылардың оқу үлгерімін жақсартуға ықпал етеді. Бағдарлама негізінде ата-аналар баланың сабақ үлгерімін, білімін қадағалай алады. Сондай-ақ, ата-аналар бірлестігін құрып, мұғалімдерімен кейбір мәселелер туралы талқылай алады.Bilimal.kz ақпараттық және білім саласы порталының бастамасымен қолға алынған «Edu-Mark» мобильді бағдарламасы Қарағандының 8 мектебінде іске қосылып отыр.
Сонымен қатар, бағдарламадан сабақ кестесі мен әр пән бойынша оқушының орташа бағасын білуге, сынып жетекшісі арқылы байланысқа шығып, алдағы болатын бақылау жұмыстары не ата-аналар жиналысы сынды ақпараттарды оқуға болады.
Жедел құрылғы арқылы ата-аналарға push-хабарлама жіберіледі. Егер оқушы сабаққа бармай қалса, «бес» деген баға алса немесе керісінше «сәтсіз» баға алып қалса 10 минуттың ішінде тіркелген мобильді телефонға хат келеді. Электронды күнделіктің тиімді тұсы – мемлекеттік және орыс тілінде жұмыс істейтіні және телефонның операциялық жадында 3 мегабайт орын алады. Билік өкілдері жаңа бағдарламаның арқасында ата-аналар балаларының мектептегі өміріне белсенді араласып, олардың оқу үлгерімін қадағалап, дер кезінде тиімді шара қолдану арқылы оқытушымен байланысқа шығып, шешімін табуға атсалысады деп үміттенеді. Мәскеуде ата-аналар жиналысы онлайн-режимде өтеді екен. Қауырт қызмет пен уақыттың тығыздығына байланысты көпшілік ата-аналар жиналысқа бара алмай жатады.  Сол себепті аталмыш құрылғы ата-аналардың жұмысында отырып-ақ балаларын бақылауына толық алуларына мүмкіндік туғызып отыр. Бұл бағдарлама республика аумағында тұңғыш рет қолға алынып отырғанын айта кеткен жөн. Аталған бағдарлама ағымдық жылдың ақпан айынан бастап Android и IOS жүйесінде іске қосылған. Сallорталық жұмыс істейді. 125 сенім телефоны іске қосылған. Бірінші тоқсанның өзінде 30 қоңырау шалу болған.
Жасыратыны жоқ, мектепте бопсалау тыйылмай отыр. Прокуратура, ішкі істер қызметтерімен бірлесе отырып мектептер мен колледждерде 7-11 сынып арасында анкеталау өріс алған. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін аяқталмақ. Бұл жұмыстың пәрменділігі болған оқиғаны дер кезінде анықтап, шара қолдануға мүмкіндік береді.
Балалар қауіпсіздігі маңызды. Соған орай «Қауіпсіз ғаламтор», «Қауіпсіз каникул», «Қауіпсіз жаз» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Ата-аналармен хабарласа отырып ғаламтордағы қайсыбір бағдарламаларға шектеу қою мүмкіндігі бар. Жаз уақыты балалардың қараусыз қалатын кезі. Соған орай олардың бос уақытын тиімді пайдалану жүйесі қолға алынған. Олардың ішінде, әрине, балалар денсаулығын сауықтыру басты орын алады. Және оларды қадағалауға мүмкіндік туғызады.
Жазғы уақытта балаларды уақытша жұмысқа орналастыру да ойластырылуда. Бұл әсіресе жағдайсыз балаларға үлкен көмек болып табылады.
Жарыссөзге шыққан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н. Сухорукова жасөспірімдер арасындағы қылмысты бәсеңдетудегі балалар ауласы клубтарының алар орны жөніндегі ойларын ортаға салды.
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары И.Любарская да жарыссөзге шығып, балалардың жазғы демалысына тоқталды. Бүгінде «Салют» балалар лагерінде екі мың баланың демалуына мүмкіндік бар. Барлық мамандармен, оның ішінде психологпен де қамтылған. Жағдайсыз отбасылардан шыққан балалардың демалысы тегін.
Екінші мәселе бойынша  Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бөлім басшысы Д.Смағұлов ақпарат берді.
2016 жылғы 27 мамырға дейін 293 әртүрлі шаралар (семинарлар, кеңестер, отырыстар, «дөңгелек столдар», акциялар) өткен. Бұл шараларға 19684 адам тартылған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес марафоны» аясында ағымдық жылдың 25-26 наурызында департамент қызметкерлері бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес медиа орталығы республикалық қоғамдық ұйымының мүшелерімен бірлесе отырып, Балқаш, Приозерск  қалаларында, Сарышаған, Шашубай, Ақжал, Ақшатау кенттерінде  болып сыбайлас жемқорлық заңдылығын түсіндірген. Сонымен бірге облысымызда «Мемлекеттік қызметтің Қарағанды жастар мектебі» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл еліміздегі теңдессіз бірден-бір жоба.
Мемлекеттік қызмет туралы барынша түсінік беріледі. Мемлекеттік қызметтің кіріс көзі еместігі айтылады. Мемлекеттік қызметке кіру деген – халыққа жақындай түсу деген сөз.
Отырыс қорытындысында қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 299
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px