Еттің экспортталуы – елдің игілігі - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Еттің экспортталуы – елдің игілігі
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Биыл біздің өңір мүйізді ірі қараның 240 тонна етін экспортқа шығаруы тиіс. Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен мұндай жоспардың аймағымызға мол мүмкіндік беретінін алға тартты.
Кеше облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Облыстың ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Бауыржан Асановтың айту­ынша, мүйізді ірі қараның етін экспорт­тау әлеуетін арттырудың бірнеше алғышарты бар. Олар – асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының, малды бор­дақылау алаңдарының желісін құру. Түлікті тұқымдастыруға бағытталған іс-шараларды дамыту.
2011-2015 жылдары облыстың шаруа қожа­лықтары шетелдік селекциядан алынған таза қанды 2283 сиыр әкелсе, «Сыбаға» бағдар­ламасы арқылы 28830 сиыр сатып алған.
Ал, жыл соңына дейін Бұқар жырау ауданындағы «Жаке» шаруа қожалығының бес мың малға арналған бордақылау алаңы мен Абай ауданындағы «Сарыарқа» АӨК» ЖШС-нің үш мың малға арналған бордақылау алаңын іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ, «Аманат» бағдарламасы арқылы Жаңаарқа ауданындағы «Ескене» шаруа қожалығында бір мың бес жүз малға арналған бордақылау алаңы өз жұмысын бастауы тиіс. Осакаров ауданында да үш мың малға арналған бордақылау алаңы салынады. Осылайша, облыс бойынша 19643 ірі қара сатып алынып, фермерлік шаруашылықтар желісі құрылады.
Бауыржан Асанов баяндағандай, об­лыстағы мал азығы жайылым, табиғи және екпе шөптер арқылы дайындалады. Кейінгі уақытта егістік алқаптарында мал азығы дақылдарын дайындаудың құры­лым­ында көптеген өзгерістер орын алған. Мәселен, көпжылдық, біржылдық шөп пен сүрленген жем-шөп тұқымын егу көлемі қысқарған. 1991 жылмен салыстырсақ, көп­жылдық шөп алаңдарының көлемі – 2 есеге, біржылдық шөп алаңдарының көлемі – 9 есеге, мал азығы дақылдары алаңдарының көлемі 3 есеге кеміген.
Олқылықтың орнын толтыру мақсат­ында арнайы жоспар бекітіліпті. «Қарағанды облысында мал азығын дайындауды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған жоспары» деп аталатын бұл құжат аудандық әкімдіктермен келісілген. Мақсат – мал азығының қорын сапалы дайындау, тұрақтандыру.
Қазіргі күні өңірдің шаруашылықтары көктемгі егіске 163 тонна көпжылдық шөп пен 210 тонна біржылдық шөптің тұқымын дайындап қойған. Бұл 21 мыңнан астам гектар жерге жем-шөп егуге мүмкіндік береді.
Осы мәселеге орай, жиынға селек­торлық режим арқылы қатысқан аудан басшылары да облыс әкіміне есеп берді. Атқарылған істер мен алдағы жоспарды таныстырды. Саладағы проблемаларды да бүгіп қалмады. Мысалы, Ақтоғай ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов облыста ет өткізетін орталықтың жоғына баса назар аудартты. Ал, ет өнімдерін өзге облыстарға тасымалдаудың жол шығыны шаруаларға жүк болатыны жасырын емес.  
Отырысты қорытындылаған Нұр­мұхамбет Әбдібеков бірнеше міндетті айқындап, тиісті тапсырмалар берді. Яғни, аймақта мүйізді ірі қара етін экспорттаудың жоспары орындалып, көпжылдық шөптердің егісі жаңартылуы қажет. Ал, 1 сәуірге дейін тұқымды сұрыптау жұмыстары аяқталуы тиіс.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 219
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px