Игілігін ит көрген саябақ - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Жексенбі әйел адам үшін демалыс емес. Сырттың тірлігін ысырып тастап, үйдің жұмысымен алысатын «арнайы» күн десе болады. Тазалық шаруалары өз алдына, онымен қоса, дүйсенбі күнгі жұмысқа дайындық қамы дегендей. Соның арасында балаңа да уақыт табуың керек.

Түс ауа далаға шықтық баламыз екеуміз. Жел болғанымен, күн жылы. Тура есік алдында балалар ойнайтын алаң бар. Көктем шығысымен бала атаулының бәрі осында. Темір тормен қоршалған аядай ғана жерде тәй-тәй басқан баладан доп қуалаған жеткіншектерге дейін бар. Мұнда біраз жүрген соң таяқ тастам жердегі «Жеңіс» саябағына барып қыдырамыз. Саябақта қыдырушылар әдеттегіден көп екен сол күні. Велосипед тепкендер де жаныңнан заулап өте шығады. Субұрқақ тамашалап жүрген балаларға қарап біраз тұрдық. Балам да әртүрлі дыбыстарға елеңдеп, жан-жағын қызықтады. Саябақтың шет жағындағы қарағайлардың түбіндегі орындықта біраз демалып алайық дедік екеуміз. Тамаша көңіл-күйді әйел адамдардың даусы бұзды. Елең еттік. Егде жастағы әйел адам екі келіншекке ұрсып жатыр. Не жағдай деп құлақ түрсек, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, екі келіншектің екі иті – кикілжіңнің себебі. Көпшілік жүретін орындарда иттермен қыдыруға болмайтынын, бұл белгіленген тәртіпке қайшы екенін айтып, айқайлауда екен апайымыз. Шу шыққан жаққа басқа да демалып жүргендер жинала бастады. Бәрінің ойы бір жерден шығатын, иттер мұнда неге жүр деп, дүрсе қоюда. Бұлай өршеленгендеріне қарағанда, көпшіліктің көкейінде көптен жүрген мәселе-ау, сірә. Дегенмен, жануарлардың иелері де берісер емес, тұмылдырықпен (сол сәтте тұмылдырықтары кигізілмеген), қарғы баумен жүргенін, тіпті,  арнайы полиэтилен пакеттерінің бар екенін айтып, көрсетуде. Бұған иліккен ешкім болмады. Біз де ішімізден, осы дұрыс, жүргізбеу керек деп көпшілікті қоштап қоямыз. Үйде ит ұстағандарға «орыстанып кеткендер» деп қарайтын қазақи санадан ба, әйтеуір, көңілімізге осы жақын.  Бұнымыз бір жағы балаларымыздың денсаулығын ойлағандықтан да. Қар кете үй маңындағы ағаштардың арасы, жолдың жиегі аяқ алып жүргісіз еді иттің нәжісінен. Оның үстіне, жоғарыда айтқан балалар ауласының сыртқы бұрышына біреу қыс бойы итін байлап шықты. Күн ашықта гараждың бұрышына алдына жарты бөлке нанын тастап, итін байлап кете барады. Қайда барып, не істеп келетінін білмейміз иесінің, әйтеуір, кешке қарай ит жоқ болады. Ертесіне қайта қайталанады. Соның көрешегін көріп, нақтырақ айтсақ, «жұтып» жүрміз бүгіндері. Соның бәрі еске оралып, өшімді әлгі екеуінен алатындай болып тұрмын мен де. Олар да без-без етеді. Белгіленген тәртіп пен қойылған талапты бес саусағындай білгенімен, ондағы кереғар дүниелерді алға тартты.    

Ойлансақ, бұл сөздің де жаны бар. Себебі, облыстық мәслихат облыс аймағында иттер мен мысықтарды ұстау туралы қағидасын бекіткен шешімінде үй жануарларын арнайы белгіленген жерде қыдырту керек деп нақтылапты. Бірақ, ол жерлердің қайда екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі, ондай жерлер жоқ қаламызда, қарастырылмаған мүлде. Бұл ретте қала сыртындағыларға оңайырақ, сырт жаққа бара салады. Ал, қала ортасындағылар бұл мәселенің шешімін таппай жүр. Алдағы уақытта бұл тіптен ушығар түрі бар. Тыйым салынған аймақтарда иттермен жүргені үшін иелері үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі де мүмкін. Бұл әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. 

Ал, ит қыдыртқандардың қатары азаяр емес. Үй артындағы екі мектептің спорт алаңында итімен жүргендерді талай көреміз. Сірә, әлі де көре береміз.

Шикілігі көп заң нормалары-ай, дүниенің бәрін екіұшты қылып қойған.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 215
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px