"Интернатта оқып жүр..." - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

"Интернатта оқып жүр..."
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Ұлы Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлең жолдары ойымызға оралды. Кеше. Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен өткен аппарат жиынында. Мәселен, облыстағы 347 бала интернатта жатып оқиды. 99 елді мекенде мектеп жоқ.
Білім саласындағы осы және өзге де өзекті мәселелерді облыстың білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов баяндады. Әлгі 99 ауылда мектеп жасындағы 1682 бала бар екен. Соның арасындағы 1337 оқушы тұрғылықты мекен-жайларынан мектебі бар ауылдарға дейін арнайы көліктермен қатынайды. Айтпақшы, үш ауданда оқушы тасымалдауға арналған автобустар жетіспейді.
Өзекті мәселенің тағы бірі – кадр тапшылығы. Облыста 526 мектеп болса, соның 319-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Оның ішінде, 235 білім ұясы – шағын жинақты мектеп. Мұндағы мұғалімдер саны – 4117. Бұдан бөлек, шағын жинақты мектептерде 200-ден астам пән мұғалімі жетіспейді. Бір мұғалімнің бірнеше пәннен сабақ беретіні тағы бар. Осакаров ауданын алып көріңіз. Ауданда сабақ беретін 37 мұғалім өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан жоқ. Енді, қандай нәтиже күтесіз? Нәтиже демекші...   
Былтырғы жылы ауылдық мектептер түлектерінің 44%-ы ғана жоғары оқу орнына оқуға түсіпті. Оның 27%-ы мемлекеттік грантты иемденген. Салыстырып көріңіз. Қала мектептері түлектерінің (2015 жылғы) 74%-ы жоғары оқу орнының студенті атанған. Олардың 40%-ы мемлекеттік грант есебінен білім алуда.
Білім ошақтарын кең жолақты ғаламтор желісімен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін таппай келеді. Яғни, аталған мектептердің 61%-ында іске қосылған ғаламтор жылдамдығы – 1 секундына 512 мега байттан аспайды. Асхат Қанатұлының айтуынша, мұның өзі шалғай ауылдардағы білім ошақтарына, қашықтықтан оқыту үрдісіне қолбайлау болып келген. Дегенмен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан 2 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Осы мақсатта.
Әкімдер «Мектеп жоқ болса, проблема да жоқ» деп «ат тонын ала қашпауы» қажет. Облыстың білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов осыны кесіп айтты. Керісінше, білім ошақтарының жұмысын жалғастырып, дамуына ықпал жасау қажет. Себебі, көптеген ауылдардағы баланы оқытып қана қоймай, саяси-мәдени, тіптен, спорттық іс-шараларды өткізетін бірден-бір мекеме – осы мектептер.
Тозығы жеткен компьютерлерді жаңарту мәселесі де – күн тәртібінде. Әсіресе, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында және Жезқазған қаласына қарасты кенттерде осындай өткір мәселелер бар. Мысалы, Ұлытау ауданындағы мектептерде 667 компьютер болса, соның 115-і ескірген.
Осылайша, облыстың білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов бірнеше өткір мәселенің басын шалды. Оларды шешу жолдарын да ұсынды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Соңғы үш жыл ішінде облыста білім саласының бес нысаны бой көтерген. Ауылдарда орналасқан апатты мектептер саны 1,5%-дан 0,3%-ға дейін төмендеген. Биыл Ұлытау ауданы Бетбұлақ ауылындағы, Абай ауданы Құрма селосындағы және Жаңаарқа ауданы Жұмажанов атындағы селода мектептердің құрылысы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, 11 мектеп 458 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. 78 білім ошағы 893,6 млн. теңге қаражат арқылы ағымдағы жөндеу көрді.
Облыс әкімінің тапсырмасына орай, барлық ауылдық мектептер басшылары арнайы курс­тарды тәмамдады. Мектептердің стратегиялық даму жоспарын әзірледі.
Тірек мектептер мен магниттік мектептер санын арттыру мәселесі де жиыннан тыс қалмады. Облыс­та қолға алынған осы мақсаттағы жұмыстар ресупблика деңгейінде қолдау тапқан. Әсіресе, Шашубай мектеп-балабақша кешені мен Ростов орта мектебін тірек мектептер ретінде ерекше атап өтуге болады. Робот техникасы зертханаларының да жұмысы жемісті болмақ.


♦ ♦ ♦

Аппарат жиынында ветеринария­лық қауіпсіздік мәселесі де қаралды. Облыстың ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбековтің айтуынша, ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспарға сай жүргізілуде.
Биыл облыстың эпизоотикалық ахуалын тұрақты ұстау үшін жануарлардың 13 түрлі ауруына қарсы екпе жүргізіледі. Жануарлар мен құстардың аса қауіпті 58 түрлі ауруының алдын алу, оны зерттеу жұмыстары да жалғасады.
Ветеринарлық-алдын алу іс-шараларын жүргізу мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен 761 млн. теңге бөлініпті. Аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша екпе жұмыстары 12 мамыр күні толық аяқталған. Тек, эмфиземалы көршиқанға қарсы екпе жұмыстары ғана әлі жалғасуда. Қазіргі күні 65%-ға орындалған.
Жыл басынан бері 5 мың қаңғыбас ит пен 1 мыңнан астам мысық ауланған. Облыста 20 инсинератор жұмыс істейді. Оның екеуі – жылжымалы қондырғылар.  
Қайырбек Серікұлы ішкі сау­да нысандарындағы ахуалға да тоқталды. Биыл сауда орындарында 29 мыңнан астам ветеринарлық бақылау жүргізілген. Сондай-ақ, басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі іске қосылған. Яғни, ветеринарлық мамандар берген анықтамалар тәулік ішінде осы бағдарламаға енгізілуі қажет. Бұған дейін 6 мыңнан астам анықтама беріліпті.
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы Қарқаралы ауданының Бақты ауылындағы қазіргі ахуалды да назардан тыс қалдырмады. Мәселенің мәнісін аудан басшысы Халел Мақсұтовтан сұраған еді. Ол жауабын қысқа қайырды. «Ахуал тұрақталды» деп...
Жиынға өзек болған мәселелер аяқсыз қалмайды. Облыс әкімі осындай ой түйді. Бұған қоса, тиісті тұлғаларға бірнеше тапсырма жүктеді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 194
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px