Кәсіпкерге қолдау көрсетілді - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Кәсіпкерге қолдау көрсетілді
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»


Кеше облыс әкімінің орынбасары Әнуар АХМЕТЖАНОВТЫҢ төрағалығымен мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Ауыл шаруашылығы, мектепке дейінгі білім беру, қонақ үй қызметін көрсету, дайын металл өнімдерін және киім түрлерін шығару салалары бойынша өздерінің бизнестерін жүзеге асырып келе жатқан кәсіпкерлердің 8 жобасы қолдау тапты.

Сонымен қатар, «Seven Refractories Asia» ЖШС-ның «Отқа төзімді материалдарды шыға­ратын зауыт салу» жобасы қаралып, Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Жоба бо­йынша «Сарыарқа» арнайы эко­номикалық аймағында жоғары технологиялық, қалдықсыз, өртке төзімді монолиттік материал жасау көзделіп отыр. Әлемдік стандартқа сай, әрі бәсекелестік қабілеті жоғары өнімді шығаратын зауыт шетел инвестициясы арқылы салынатын болады. 2015-2017 жылдарға негізделген жобаның құны – 1,7 млрд. теңгені құрайды. Кейін, жылына 38 мың тонна өнім шығарылып, 50-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп жобалануда.  
Ал, қолдау тапқан облыс кәсіп­керлерінің жобалары инвес­тицияны 150 млн. теңге көлемінде қамтамасыз етіп, жаңадан 47 жұмыс орны ашылады. 434 жұмыс орны сақталады.
Қызықты жобалардың бірі ретінде Қарағанды қаласында тігіс­сіз киім тігу бастамасын айтуға болады.
«Панов Ю и К» фирмасына ішкиім, спорттық жеңіл жейделер, топиктар мен леггинстар тігуге айналдыра тігетін автоматтарды сатып алуға несие берілетін болды. Бұл жоба шағын бизнесті әртараптандырудың жарқын кө­рінісі десе де болады. Фирма жылына барлығы 54 мың дана трикотаж өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорында 12 адам қызмет ететін болады.
Сонымен қатар, Күнгей шағын ауданында балабақша ашу жоба­сын ұсынған «Аяла» ком­паниясы да мемлекет қолдауын тапты. Кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік бюджет есебі­нен негізгі қорды алуға және айналымдағы қаражатын толық­тыруға алған несиесінің пайыздық көрсеткіш мөлшері төмендетілетін болды.
Бұл – қаламыздың осы аума­ғында орналасатын жалғыз бала­бақша. Сыйымдылығы – елу балаға арналған. Ал, ашылуы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне жоспарланған.
Аталған жобалардан бөлек, мемлекет қолдауына ие болғандар қатарында «Жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникаларын лизингіге алу» жобасын ұсынған Нұра ауданының «Қайнар» ЖШС, «Фитнес орта­лығын ашу үшін негізгі заттарды алу, жөндеу жұмыстарын жүргізу» жобасын ұсынған Балқаш қала­сының «Қазпрофсервис» ЖШС, «Құрылыс құрылымдарын шыға­ратын жабдықты алу» жобасын ұсынған Теміртау қаласының «Механомонтаж-2004» ЖШС, «Бере­зняки» шипажайын жаңарту және қайта жөндеу» жобасын ұсынған Бұқар жырау ауданының «Березняки шипажайы» ЖШС, «Турист» қонақ үйінің қазандық жабдығын жаңарту» жобасын ұсынған Қарағанды қаласының «Тиас» ЖШС, «Ауыр және жеңіл ұялы бетоннан бетон, көбік және темір бетондары өнімдерін шығару»  жобасын ұсынған Қара­ғанды қаласының «POWER BETON» ЖШС болды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 172
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px