Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Еліміз нарықтық қоғамға өткен кезеңнен бастап, күн- көрістің қамымен жеке ісін ашып, тірлік қыла бастағандардың қатары көбейе бастады. Етене еңбекке араласып, маңдай тер, тынымсыз тірлікпен айналысып, «бірді екі еткендер» бүгінде кәсібі өрге домалаған ірі кәсіпкерлер атанды.

Бұл – еліміздің экономикасының өрлеуіне, әлеуметтік әлеуетінің нығаюына оң ықпалын тигізді. Ең бастысы, әркім өзі үшін еңбектеніп, пайдалы бәсекелестік орын алды. Яғни, елімізде шағын және орта бизнес саласының іргетасы қаланды. Халыққа тиімді, жақсы іс мемлекет тарапынан да зор қолдауға ие болды. Мәселен, Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында жеке кәсіпкерліктің кеңінен қанат жаюына үлкен мүмкіндіктер мен қомақты қолдаулар көрсетіліп келеді.

«100 нақты қадам» бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың Ұлт жоспарында шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы нақты көрсетілген. Елбасымыз кәсіпкерлік саласына үлкен көңіл бөліп, шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіруге қосымша қаржылар бөлу қажеттігін айтып, тиісті шараларды қабылдауда. Осы мақсатта көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Агро бизнес – 2020» бағдарламалары. Осы бағдарламаларға сүйене отырып, шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде өткен семинар-кеңесті аудан әкімі Х.Мақсұтов ашып, ауданда атқарылып жатқан іргелі шаруаларды тілге тиек етті. Аудан кәсіпкерлерінің басын қосқан семинарға өңірдегі кәсіпкерлер түгелдей жиналды. Алдымен, облыс орталығынан келген «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының бас менеджері Құлмұхаммед Әбдіқалықов, «Қазақстан Халық банкі» АҚ Қарағанды филиалының шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша бас менеджері Айжан Әубәкірова, «Дельта банк» АҚ Қарағанды филиалының несие бөлімінің басшысы Әсем Жұмақаева және облыс бойынша аумақтық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Сәулехан Шәмшиев пен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қанат Бабайбеков өз салалары бойынша жүзеге асқан жұмыстар мен кәсіпкерлерді қолдауға арналған несие түрлері, пайыздары мен тиімді бағыттарына кеңінен тоқталды. Жиын барысында кәсіптің қай түрін болса да қаржыландыруға ниетті екендіктерін жеткізген бұл мамандарға аудан кәсіпкерлерінің сұрақтары да көп болды. Мәселен, тұтынушыларды тарту мақсатында жарнамалар жүргізіп, табыс табатын, төлемге қабілетті кез келген адамның несие алуға мүмкіндігі бар дегенімен, нақты іс жүзінде көптеген кедергілердің кездесіп жататындығы айтылды. Әсіресе, банктердің кепіл заттарға келгенде айнып қалатыны тағы бар. Әрине, несиелендірудің өз шарттары бар дегенімен, аудандағы тұрғын үйлерді кепілдікке алмайды. Себебі, жаңадан салынған құрылыс нысандарын ғана кепіл ретінде алады. Ал, Қарағанды қаласында екінің бірінің кепілге қоятын дайын тұрған жылжымайтын мүлкі жоқ. Ең басты мәселе, осы кепіл затқа келіп тіреледі. Дегенмен, кәсібімді ашамын деп, нақты ниеттенгендерге бұл да кедергі емес. 2016 жылдың 1 сәуір күніне аудандағы шағын бизнес субъектілерінің саны 1610-ға жеткен немесе 2015 жылмен салыстырғанда 101,1 % болды. Аудан бойынша шағын бизнес саласында барлығы 3317 адам жұмыс істейді. Былтырғы жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда, көрсеткіш 100,7 пайызға өсіп отыр. Осы салада 3 айда барлығы 57 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оларда 70-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Аудан бойынша 3 айда шағын кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі 525,0 млн. теңгені құрап, 2015 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 102,5%-ға жетті. Бірінші тоқсанның қорытындысымен аудан бойынша бөлшек сауда көлемі 466,0 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда 89,6 %-ға орындалды. Осындай нәтижелі көрсеткіштердің орындалысы өткізілетін семинар-кеңестердің пайдасы екендігі тағы бар. Яғни, шағын және орта бизнес саласын қолдау жөніндегі  ақпараттандыру саясаты дұрыс жүзеге асып жатқандығының айқын көрінісі. Жиын соңында Салық кодексіне 2016 жылдан бастап енген өзгерістер туралы Қарқаралы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жайдары Хасенова бірқатар маңызды жайттарға тоқталып өтті.

 

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 290
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px