Кәсіпкерлікке – кең өріс - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Кәсіпкерлікке – кең өріс
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»
ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы Президиумының Төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында ҚР ҰКП Президиумының Төрағасы Тимур Құлыбаев «Нәтиже» Сүт фабрикасы» ЖШС-не ат басын бұрды. Бұл – өңірдегі сүт және сүт өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорын. 230 жұ­мысшы еңбек ететін компания жыл сайын 1000 тонна өнім өндіреді.
Серіктестіктің директоры Дулат Акбаров фабриканың тыныс-тіршілігіне тоқталып, Қарағанды облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан көрсетілетін көмекті сөз етті.
Бұдан соң, делегация құрамы «Нұр Отан»  партиясының   Қа­рағанды облыстық филиалындағы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің отырысына қатысты. Жиын облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің қатысуымен өтті.
«Мемлекет басшысының өң­деуші сектор кәсіпорындарын қолдау мақсатында Ұлттық қордан қаражат бөлу туралы бастамасы шағын және орта кәсіпкерлік үшін үлкен серпін берді. Нәтижесінде, облыста жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайтын 100-ден астам жоба қаржыландырылып, жүзеге асырылды» деді облыс әкімі.  
Жиын барысында Қараған­ды облысының Өңірлік кәсіп­керлер палатасының директоры Мәде­ниет Божбанов баяндама жасады. Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басым­дықтарға тоқталды. Оның айтуынша, өңірде шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту ісінің оң көрсет­кіштері байқалады. Сондай-ақ, Мәдениет Божбанов әкімшілік кедергілер, сатып алулар, қаржы ресурстары мен мемлекеттік қолдауға қолжетімділік сияқты өзекті мәселелерді де жіпке тізді.
Жалпы, облыста бизнестің 87 мың субъектісі жұмыс істейді. Онда 240 мың адам немесе аймақтың экономикалық белсенді тұрғындарының 32 пайызы еңбекпен қамтылған.      
Басқосуға келгендер кәсіп­керлер мен атқарушы билік арасында талқыға түсетін және өз шешімін күтетін мәселе­лердің жетіп артылатынын анық аңғарды. Сондықтан, Тимур Құлыбаевтың айтуынша, облыстағы бизнес белдеуін жақсартуға бағытталған іс-шаралармен танысу маңызды болған.
Ал, Нұрмұхамбет Әбдібеков атап көрсеткендей, Қарағанды облысы кәсіпкерлердің белсенді ұстанымымен ерекшеленеді. Яғни, экономиканың бұл секторын серпінді дамытумен қатар, Президент тапсырмасын орын­дауға да мол мүмкіндік бар.
Отырыс соңында ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Төр­а­ғасы Тимур Құлыбаев кәсіп­керлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.    

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 153
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px