Халық қалаулыларына – құрмет - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қарағанды облыстық мәслихатының мәжіліс залында мемлекеттік биліктің басты буындарының бірі, жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттардың бір топ майталмандарын марапаттау рәсімі өтті. Халық қалаулылары Қазақстан мәслихаттарының депутаттары бірлестігінің «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» төсбелгісіне ие болды.

Мәслихаттардың мәртебесін арттыру, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында құрылған «Қазақстан мәслихаттар депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ондаған жылдар бойы өз міндетін уақыт, дәуір талаптарына сай мүлтіксіз атқарып келеді. 2014 жылы Қазақстан мәслихаттарының 20 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өткені белгілі. Сол салтанаттар барысында өкілетті органдарға бірнеше шақырылым қатарынан депутат болып сайланып, өз мандатын абыроймен орындай білген халық қалаулыларының құрметіне «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағы, төсбелгісі белгіленген еді. Оның алғашқы иегерлері анықталып та үлгерді.

Қарағанды облысынан бұл құрметке осы жолы Ақтоғай аудандық мәслихатының бес бірдей шақырылымының депутаты, білікті шаруашылық ұйымдастырушысы Қордахан Шанабекұлы Түсіпханов, облыс, қала көлемінде ұзақ жылдар түрлі жауапты қызметтер атқарған, қалалық мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты болып сайланған, хатшысы болған Қабдығали Нұрғалиұлы Оспанов, Бұқар жырау аудандық мәслихатының бірнеше дүркін депутаты Шахвели Рамазанұлы Құрбанов ие болды.

Құрметті атақты «Қазақстан мәслихаттар депутаттары бірлестігі» төралқасының атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР ҰҒА-ның мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Н.Дулатбеков салтанатты жағдайда табыс етті. Нұрлан Орынбасарұлы халық қалаулыларын құрметті атақтарымен құттықтай келіп, мәслихаттардың қоғамды әлеуметтік-экономикалық дамыту мен демократияландырудағы, ішкі саясаттың тұрақтылығын нығайтудағы рөлі мен орны жөнінде әңгімеледі. Қалыптасу кезеңінен өтіп, халықтың сенімді өкіліне айналған өкілетті орган – жергілікті мәслихаттар институтының алдағы уақытта да мемлекет бен қоғамның дамуына лепті үлес қоса беретініне сенім білдірді.

Марапатталушылар атынан сөз алған Қ.Оспанов өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке рахмет айта келіп, мәслихат депутаттарының халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, елдің бірлігін сақтауға аянбай ат салысып келе жатқанын атап өтті.

Салтанатты түйіндеген облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Әбдікеров «Депутат – халық қызметшісі» деген қағиданы берік ұстанған халық қалаулылары қашанда сенім биігінен көрініп, биік шыңдарды бағындыра беретіндеріне сенім мол» деп ой қорытты.

 

Облыстық мәслихаттың

 баспасөз қызметі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 310
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px