Өкілетті органның назарында – өңірдегі өркенді істер, өзекті проблемалар - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Өкілетті органның назарында –
өңірдегі өркенді істер, өзекті проблемалар
Облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған өңірінде қызметтік іссапармен болды. Аймақтың өкілетті органының жаңа басшысы қойнауы – ырыс, жайлауы – тыныс, әлеуметтік әлеуетті өлкенің тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Бүгінгі таңда күн тәртібінің алғы шебінде тұрған өзекті мәселелерге арналған түрлі сипаттағы кездесулер өткізіп, осы тұрғыда жергілікті билік органдарының басшылары, маман-кадрлар және қалың бұқарамен ашық пікір алмасып, ой бөлісті.
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»


Облыстық мәслихаттың ке­зекті сессиясында өткен жылы қаралған «Қарағанды облысының жастарын отансүйгіштік және рухани-адамгершілікке тәр­биелеу жағдайы және оны одан әрі күшейту шаралары туралы» шешімнің орындалу барысы қаралғалы отыр. Соған орай, іссапар барысында еліміздің бо­лашағы – жастардың қалауы бойынша білім алуы, қалыбы бойынша еңбек етуіне жағдай жасау жөнінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға баса назар аударылды.
Бірінші ат басын тіреген бекет Жаңаарқа ауданы болды. Аудан орталығында Р.Әб­дікеров Ғ.Жарылғапов ат­ын­дағы кәсіптік лицейдің жұ­мысы­мен, материалдық-тех­никалық базасымен танысты, ұжыммен кездесті. Сондай-ақ, ауданда саламатты өмір салтын қалыптастыруда ықпалды рөлге ие бұқаралық спорт нысандарын аралап көрді. Жалпы, ауданда жастар мәселесі басты назарда екені, осы орайда бапталған бағдарламалар аясында игілікті іс-шаралар атқарылып жатқаны байқалады. Кәсіптік лицей ұжымымен болған кездесуді түйіндей келе Рысқали Қалиақпарұлы:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «XXI ғасырда білімін дамыта алмаған ел алға баспайды» деген болатын. Келер жылдардан  бастап елімізде кәсіптік білім беру саласы тегін болады деп жоспарлануда. Бұл тұрғыда да ел ішінде алаңдаушылық туғызып отырған, ойластыратын мәселелер жетіп артылады. Соның ең бастысы, қазіргі жаңа буын оқу орны – колледждерде экономика мен нарық саласында сұранысқа ие емес, еліміздің дамуы мен қалыптасуына қатысы жоқ мамандықтардың көбейіп кеткені. Керісінше, ел экономикасының берік іргетасы іспетті ауыл шаруашылығына қажетті мамандар дайындау ісі тоқырап кеткен, тоқтап қалған. Оның, әсіресе, халқымыздың алтын қайнары іспетті алыс ауылдардың дамуына, онда өсіп-өніп жатқан өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызы зор. Демек, бұл тұрғыда да көп болып ақыл салып, ел болып шешетін түйінді мәселелер баршылық. Жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу – жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі. Бұл шаралар еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуы жаңа сапаға ие болып, тәрбие процесіне жаңаша көзқарас қажет болып отырғандықтан, қазіргі кезеңнің күрделі шарттары аясында іске асырылуда, – деп ой қорытты.
Қазақ байтағының бір қиыры, жер кіндігі Ұлытау ауданын­да жалғасқан іссапар Халықтар достығы мен мемлекеттің тұтастығына қойылған ескерт­кішке тағзым етуден басталды. Содан соң жастар бастамаларын дамыту орталығының ұжымымен кездесті, жұмыс тәжірибесімен, материалдық-техникалық базасымен танысты. Орталық мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда, жастардың түйінді мәселелерін шешуде, қоғамдық мәдени, саяси және басқа да шараларды өткізуде жақсы тәжірибе жинақтаған. Аудан көлеміндегі барлық бұқаралық жұмыстар жастардың белсенді қатысуынсыз өтпейді. Сонымен қатар, алда шешімін күткен күлбілтелі мәселелер де жоқ емес. Мәселен, жергілікті лицейде өңірде сұранысқа ие мал дәрігерлері, теміржол саласы және инженер-механик мамандар даярланбайтындығы.
Аудан әкімдігінде өткен актив жиналысына ауданның мем­лекеттік мекемелері басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар сая­сатымен шұғылданатын тиісті орындардың өкілдері қатысты. Ашық пікір алмасу жағдайында өткен отырысты қорытындылаған Рысқали Әбдікеров орта­лықтың жұмысына, өңірдегі жастар саясатының іске асырылу барысына оң баға бере келіп, мемлекеттің стратегиялық мақсаттары, «2050 Страте­гия­сы», Ұлт Жоспары, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­­ламасының тактикалық міндет­терінен туындайтын, жергілікті орындарда атқарылуға тиіс бірқатар мәселелерге назар аударды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы актив жиналысынан соң аудан әкімдігінің кеңсесінде қоғамдық қабылдау жүргізді. Қабылдауға келген тұрғындар қатарында жақында құрылған қоғамдық кеңестің мүшелері де болды. Олар облыстық өкілетті орган басшысына аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар, кезегін күткен іс-шаралар жөнінде қосымша ақпарат берді, кеңес алды.
Р.Әбдікеров содан кейін Жез­ді, Қарсақпай кенттеріне барды. Жездіде мәдени-сауық орталығының жұмысымен танысты. Қарсақпайдағы саяжайды аралап көрді, жастармен жұмыс барысына көңіл бөлді. Бұл жұмыстарды науқаншылдыққа ұрындырмай, жүйелі түрде жүргізе берудің маңыздылығын қадап айтып, ерекше атап өтті.
Жезқазғанмен қанаттас Сәтбаев қаласы қашаннан өміршең салт-дәстүрлерімен аты шыққан, қалыпты елді мекендердің біріне саналады. Аймақта 20-ға жуық ірі және орта кәсіпорын нысандары жұмыс істейді. Қалада жастар саясатына қатысты бірқатар іс-шаралар, арнаулы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жастар орталығының өз бастамаларымен атқарып отырған бір шарасы – «Отбасы отбасына көмектеседі» қайырымдылық шарасы. Игілігін мұқтаж жандар нақты көріп отыр. Бұл тұрғыда оның жұмысын басқаларға үлгі етуге әбден болады. Р.Әбдікеров кездесуден соң Сәтбаев қаласының спорт кешенінің жұмысымен танысты.
Іссапар Жезқазған қаласында түйінделді. Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен отырысқа жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің басшылары, бірқатар мүдделі қоғам, ұйым жетекшілері қатысты. Аймақта жастар саясатымен тікелей айналысатын «Жезқазған қаласының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар біршама. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында әлеуметтік шиеленістерге тұрақты түрде бақылау жасалып отырады. Баяндамашының, одан кейінде сөз алған тиісті жауапты тұлғалардың сөздерінде осы мәселелер жан-жақты көрініс тапты.
Жезқазған өңірі – қадым замандардан үзілмей жалғасып келе жатқан қайнаған өңірдің, өркен жайған өнер, мәйекті мәдениет пен өрелі өркениеттің ошағы. Өндірісті, қазыналы аймақтың өркендеп, дамуы Үкімет тарапынан жасалған бағдарламалар мен жоспарлардың арқасында қанат жайып келеді. Жезқазғандықтардың елді дамытуға деген белсенділігі мен еңбекқорлығы қуантады.
Келелі кеңесті қорытындылай келе Рысқали Қалиақпарұлы күн тәртібіндегі толғақты тақырып бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере келіп және бірқатар мәселелерге көпшілік назарын аударды:
– Биылғы жыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында аталып өтеді. Осы атаулы датаға арналып атқарылмақшы іс-шаралар барысында жастарымыздың елге, жерге, аға буын өкілдеріне деген құрметін, мақтаныш сезімдерін ояту керек. Жастар – еліміздің болашағы, ал болашағымыз жарқын болуы үшін баршамыз ат салысуымыз керек. Сол тұрғыда халық пен билік арасындағы көпір іспетті өкілетті органдар, халық қалаулылары – депутаттар корпусы әрқашан берекелі бастамалардың, баталы істердің басы-қасынан табылады деп сендіремін, – деп ой қорытты.
Іссапар барысында облыстың мәслихат хатшысы Р.Әбдікеровпен бірге, тиісінше, Жаңаарқа ауданының әкімі Ғ.Омаров, Ұлытау ауданының әкімі Х.Омаров, Сәтбаев қаласының әкімі А.Ыдырысов, Жез­қазған қаласының әкімі Б.Ахметов, жер­гілікті өкілетті органның басшылары, облыстық мәслихаттың осы өңірден сайланған депутаттары Ғ.Жарылғапов, Т.Тілемісов, Б.Шыңғысов болды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 169
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px