Мемлекеттік қызмет кімге бұйырады? - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Мемлекеттік  қызмет кімге  бұйырады?
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Арзандап кеткен мемлекеттік қызметтің қадірі қайта артпақ. Енді мемлекеттік қызметке көлденең көк атты келмек емес. Бұрынғыдай шенеуніктер аяғы аспаннан салбырап түсе қалмайды енді. Үш сатылы сұрыптау-сүзгіден сүрінбей өткен, жемқорлыққа төзбейтін, мемлекеттің ырысын өзі де ысырап қылмайтын, өзгенің де ындынында кетірмейтін, етінен ет кесіп алса да, пара алмайтын, сыбайластыққа жаны қас тұлғаның маңдайына ғана мемлекеттік қызмет бұйырады.  Онымен қоса, еткен еңбегіне орай, істеген қызметіне қарай жалақысы төленеді. Мансаптық өсуі де – соған сәйкес.  Су жаңа «Мемлекет қызмет туралы» Заңның баптары солай деп тұр. Жаңа заңның жақсылықтарына облыстық орталық комуникациялар қызметінде өткен бейсенбідегі брифингте Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос СӘРСЕНОВ тоқталды.
«Бұл ән – бұрынғыдан өзгерек» дегендей, Жандос Шералыұлы бұл жолғы Заңға бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістер енгізілгенін айтады. Сонымен қатар, ол өзгерістер Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 14-қадамды жүзеге асырудан туындағанын және жеткізді. Еске сала кетсек, Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы кә­сіби мемлекеттік аппарат құрудың қадам-адымдарын анықтап берген болатын. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет ісінде ауыз толтырып айтатындай біршама өзгерістер орын алған еді.
Жандос СӘРСЕНОВ,  Мем­ле­кеттік қызмет істері министрлігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы:
– «Мемлекеттік қызмет ту­ралы» Заңда бұдан бұрын бол­маған ауқымды өзгерістер жасалды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты қамта­масыз етудегі 14 қадамды жүзеге асыруға бағытталды. Мемлекеттік қыз­меткерді тестілеуден өт­кізуден бастап, оның мансаптық өсуі де жан-жақты қарастырылған жаңа Заңда.
Мәселен, жоғарыда айтып өт­кеніміздей, мемлекеттік қызметке орналасу бұрын екі кезеңді қам­тыса, енді ол саты үшті құрайды.  Ең әуелі, тестілеуден, одан соң оның жеке басының қабілетін, кәсібилігін, әдептілігін, жемқорлыққа төзімсіздігін бағалау. Осы екеуінен сүрінбеген тұлға үшінші кезең – әңгімелесуге жіберіледі. Ал, сынақ мерзімі 3+3 құрайды. Яғни, 3 айдан 6 айға дейін. Сондай-ақ, маманға жөн-жоба нұсқайтын тәжірибелі тәлімгер бекітіледі. Мемлекеттік қызметке енді келген тұлға төменгі лауазымнан бастайды жұмысын.
Мемлекеттік қызметте ман­саптық өсуге келсек, ең әуелі сол ұйымдағы қызметшілер арасында ішкі конкурс өткізіледі. Егер лайықты  қызметкер табылмаса, басқа ұйымдар арасынан алуға хақысы бар. Одан да табылмаса, жалпы конкурс жарияланады.  
Тестілеуден өту шегі де өзгеріске ұшыраған. Айталық, 9 заңнан тұратын бірінші бағдарламада өту шегі жалпы сұрақтардың дұрыс жауабы 95-тен кем емес. Екінші бағдарламада 8 заң – 72 дұрыс жауап. Үшінші бағдарламада 6 заңды қамтыған 90 сұрақтың 45-і оң болғанда тестіден өтті деп есептелмек.    
Жалпы, бүгінгі таңда облыста 99 лауазым бойынша 47 конкурс өткізілген. 806 адам тесті тапсырып, оның 376-сы өткен. Былтырғыға қарағанда тестілеуден өткен үміткерлердің үлес салмағы 12 пайызға артқан көрінеді.
Әкімшілік мемлекеттік қыз­мет­керлерді, сондай-ақ, «Б» кор­пусындағы қызметкерлерді ротация­лауда   да өзгерістер баршылық. Атап айтқанда, «Б» корпусының кадр резерві институты жойылды. «Б» корпусының басшы лауазымдарын тікелей және көлденең ротациялау институты енгізілуде.
Айтпақшы, мемлекеттік қызмет­керге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі дайындалуда. Енді, олардың қызметі тоқсан сайын бағаланады. Соған орай, айлығын алады.  Бұл жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізу жоспарлануда. 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 117
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px