Міндет – халыққа қызмет - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Міндет – халыққа қызмет
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»
Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Достық үйі ғимаратында Мемлекеттік қызметші күніне арнап «Болашақтың мемлекеттік қызметі» атты салтанатты шара өткізді.

Қай дәуірде болсын болашағын бағдарлай білген, «халқы үшін түн ұйықтамаған, күндіз отырмаған» (Күлтегін жазуы) ата-бабамыз ең алдымен елге, ұлтқа қызмет етуді көкседі. Жерін жаудан, елін даудан сақтаған баһадүрлері мен би-шешендері болды. Абылай ханға ақыл айтқан Бұқар бабамыз соның дәлелі іспеттес. Өткен ғасырдың өзінде де халқына қорған болған тұлғаларымыз аз болған жоқ. Сүйем жер үшін жанын беруге дайын Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Жұмабек Тә­шенов сынды тау тұлғалардың ар­қасында елі құл, жері құм болудан аман қалды. Ал, Азаттықтың алтын күні бетімізден өбіп, маң­дайы­­мызды қыздырғалы осындай азаматтар туды ма? Атқарған ісі үнемі жұрт назарынан тыс қа­латын мемлекеттік қызметшілер халқы үшін қандай ерлік көрсетті? Бүгінгі таңдағы есімі белгісіз батырлар кімдер? Міне, айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шара осы тақырыптарды қамтыған бейнебаяннан басталды.
Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасымыз жүргізіп келе жатқан көреген саясаттың арқасында біз күн сайын адам таңғаларлық түбегейлі өзгерістер мен теңдесі жоқ реформалардың куәсі болып келеміз. Шідерден босағанымызға ширек ғасыр ғана. Дегенмен, осындай аз уақыт аралығында, әлемдік дамудың шетінде тұрған мемлекеттен халықаралық аренада беделді мемлекетке айналдық. Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық технологиялық даму сатысында тұр. Соған байланысты, Елордамызда «Болашақтың энергия көзі» тақырыбында халықаралық «EXPO-2017» көрмесі өткізілмек. Ал, инновациялық даму өндірістік немесе технологиялық салаларда ғана маңызды емес. Бұл – білікті кадр даярлауға да қатысты.
Бүгінде мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформалар болашақта мемлекеттік аппараттың сапасын одан әрі жоғарлатуға бағытталған. «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» жүзеге асыруды қолға ала отырып, халық алдындағы парызын адал орындайтын, мемлекетпен табыс етілген ресурстарды сапалы және орынды қолданып, сыртқы қауіп пен қатерге төтеп бере алатын кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырылуда. Ал, болашақтың мемлекеттік қызметі еліміздің дамуы мен гүлденуінің кепілі болмақ.
– Қайырлы күн қымбатты қо­нақ­­тар, мемлекеттік қызметші­лер. Мемлекеттік қызмет істері өкі­летті органының атынан барша­ларыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбекте жеміс тілеймін. Бағындырар биіктеріңіз бен асар асуларыңыз көп болғай. Ең бастысы, мемлекеттік қызмет – халық пен мемлекет тарапынан жүктеліп отырған үлкен сенім екенін ұмытпағайсыздар, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Талант Медет.
2008 жылдан бері облысымызда Қарағанды жастары «Мемлекеттік қызмет мектебі» атты жастар жобасы жүзеге асып келеді. Оның басты мақсаты – жастар арасында мемлекеттік қызметті кеңінен насихаттау және мемлекеттік қызметке неғұрлым талантты және келешекте зор үміт күттіретін студент өкілдерін тарту. Аталған мектепте осы уақыт аралығында екі жүзден аса қатысушы тәжірибеден өтіп, көбісі қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда қызмет етеді.
Осы жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысқан мемлекеттік мекемелердің басшыларына Алғыс хат табыс етілді. Олардың қатарында облыстық ішкі саясат, экономика және қаржы, білім, тілдерді дамыту, кәсіпкерлік, дене шынықтыру және спорт, құрылыс басқармаларының басшылығы болды.
– Елбасы таңдаған сарабдал жол­­дың басты тірегі – мемлекеттік қызмет. Сондықтан да, мемлекеттік қызмет ол отанға қызмет. Ұлты­мызға, кең байтақ жерімізге деген патриоттық сезімнің белгісі. Президентіміз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес мемлекеттік қызметке қабылдау ең төменгі сатыдан басталуы тиіс. Мен, айтылған қағидамен толық келісіп, бастапқы кезеңдерде тәжірибе жинақтап, одан әрі қызметімді жалғастыруға тырысамын. Бола­шақта мемлекеттік қызметкер боламын деп нық сеніммен айта аламын, – деді Қарағанды жастары «Мемлекеттік қызмет мектебі» басшысы, «Қарағанды облысының жастар одағы» ҚБ төрағасы Малика Күсенбаева.
Атаулы күннің қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері минис­трлігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мамыр-маусым айларында түрлі конкурстар мен байқаулар өткізген екен. Салтанатты шарада сол жарыстардың қорытындысы шығарылды. Об­лысы­мыздың жоғары сынып оқушылары «Мемлекеттік қызмет – халық игілігіне адал еңбек» тақырыбында шығармалар жазып, нәтижесінде бірінші орынды Қарқаралы ауданының №8 орта мектебінің оқушысы Айдана Ғинаят иеленді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында мемлекеттік қызметкерлер арасында «Біздің міндет – халыққа қызмет» тақырыбында ашық диктант ұйымдастырылған екен. Конкурс мемлекеттік тілді жетік білушілер және мемлекеттік тілді үйренушілер болып екі деңгейде өткізіліпті. Мемлекеттік тілді жетік білушілер арасында ең сауатты диктанты үшін облыстың ішкі саясат басқармасының қызметкері Шынар Сәбікен, ал мемлекеттік тілді үйренушілер арасында Жез­­қазған қаласының ішкі іс­тер басқармасының қызметкері Шынар­гүл Жанаділова марапатталды. Департамент қызметкерлері Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетімен және «Warld Class» фитнес орталығының қолдауымен «Әкем, анам және мен – спорттық отбасы» атты мемлекеттік қызметкерлер отбасыларының арасында өткізген спорттық жарыста бірінші орынды «Қарағанды облысы әкімінің аппараты» ММ қадағалау және құажатпен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Дана Мұхамедиеваның отбасы қанжығасына байлады. Мемлекеттік қызметшілер ара­сындағы «Қазақстандық арманға бастар жол» тақырыбында екі тілде эссе жазу конкурсы өтікізіліп, мемлекеттік тілдегі үздік эссе үшін Фарида Дәрібаева, орыс тіліндегі үздік эссе иегері Дастан Құдабаев марапатталды. Төменгі сынып оқушылары арасында өткізілген «Менің әкем, менің анам – мемлекеттік қызметші» атты сурет байқауында ата-анасының қызметін мақтаныш тұтатын бүлдіршіндердің ең үздік туындысы деп №93 гимназияның 2 сынып оқушысы Богдан Перевозниковтың суреті танылды. Ортаншы сынып оқушылары арасында да осындай конкурс ұйымдастырылып, «Адал және сатылмайтын еңбектің бейнесі» атты суреттер байқауында «Таза қол – таза ар» еңбегін ұсынған Виктория Кобзева жүлделі бірінші орынды иеленді.
Мемлекеттік қыз­мет­ші күніне орай, адал еңбегі және өз міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Бақытгүл Досымбекова, об­лыс­тық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Жанна Жақаева, облыстық экология департаментінің бас маманы Гүлнара Қалиева, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Лаура Пашенова, облыстық статистика департаментінің бөлім меңгерушісі Светлана Гусева, Шахтинск қалалық білім бөлімінің басшысы Николай Онсович, Қарағанды қаласы әкімі аппаратының бас маманы Бақыт Шапашова, облыс бойынша Соттар әкімшісінің құжат­тамалық қамтамасыз ету басқармасының бас маманы Назгүл Рахметулина, Қазыбек би ауданы әкімдігі аппаратының кадр жөніндегі мәселелер бойынша бас маманы Алма Жүкенова, облыстық білім басқармасының жоспарлау-экономикалық бөлімінің басшысы Нина Леваева арнайы марапаттарға ие болды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 835
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px