Намыс құны – Шанышқылы Бердіқожа - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Алаштың байрағы не озбақ, не тозбақ заман өткен. Қалмақтың қосыны қалың өрттей қаулап, Жоңғардың жасағы анталап, басқа жау етекке қол салып, жат жұрт жағаға жармасқан қилы кезең болған. Әулие хан Абылай үш жүздің басын қоспағанда, қазық мойын Шанышқылы Бердіқожа «сүйем жер үшін сүйегін бермегенде» бұл Тәуелсіздіктің ауылы алыстан мұнартар ма еді?! Тәңірі төбесіне тұтқан Алты Алаштың алақандай жері үшін аруақты батырлар мен көреген хан-сұлтандары алтын басын бәйгеге тігіп,  тар өткелектен жол тауып шықты! 

Жуырда Қарағанды қаласының Достық үйінде қазақ мемлекеттігінің құрылып, қалыптасуына үлес қосқан, жоңғарлармен соғыста қол бастаған тарихи ірі тұлғалардың бірі – Шанышқылы Бердіқожа батырды еске алуға арналған алқалы жиын өтті.

Тарихи деректерде Шанышқылы Бердіқожа 1708-1786 жылдары аралығында өмір сүрген делінеді. Ержүрек қолбасшы, қабілетті елші болғаны туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырған. Тіпті, хан Абылай қазық мойын Бердіқожасыз кеңес өткізіп, жорыққа аттанбаған. Жоңғарларға қарсы қол бастаған аға батыр Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер мәртебесінде айрықша құрметтелген. Аягөз, Бұланты, Білеуті, Сарысу өзені бойындағы, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңындағы Аңырақай шайқасында Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен Шанышқылы Бердіқожа туралы әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин – алғаш қалам тербегендердің бірі. 

Бүгінгі таңда батыр жайында бізге жеткен 180-ге жуық тарихи деректер мен құжаттар сақтаулы. 2007 жылы облысымыздың Қарқаралы ауданына қарасты Темірші ауылы маңындағы Дағанделі аума­ғында жерленгені туралы ақпар алған болатынбыз. Ізінше Ресей  ғалымдарымен бірлесе отырып, лайықты ұрпақ, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық инженерлік акаде­миясының академигі Бақтыбай Қасымбеков батырдың бассүйегіне жүргізілген зерттеудің нәтижесінде бет бейнесін жасатып, баба рухына тарихи тағзым жасады. Ақ арулап қайта жерленген даңқты қолбасшының басындағы қираған күмбезді қайтадан қалпына келтіріп, ақын Дәулеткерей Кәпұлы арнаған өлеңдегідей «Дулығасы күмбезге айналды!».

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Қана­пияұлы аруаққа құран бағы­ш­татып, ас беріп, алқалы жиын өт­кізді. Өз сөзінде аймақ басшысы: – Алаштың ақ туын жықпай, жауын найзаға мінгізіп, Егемендікке елден бұрын жеткен қазақ ұлтын мәңгілік тұғырға қондырған Шанышқылы Бердіқожа батыр туралы көп айтуымыз керек. Болашақ ұрпақтың санасын жаңғыртып, елі үшін ат үстінде арыған аруақты бабаларға ерекше құрмет жасасақ, рухымыз бен айбынымыз, берекеміз бен байлығымыз қоса артпақ, – деді. 

Жиынның ақ шымылдығы батыр жайындағы тарихи құжаттар сөйлеп, іргелі ғалымдар дәйек келтірген деректі фильммен ашылды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Желдібаеваның «Алаштың алдаспаны» атты әні келелі жиынға келбет сыйлады. Конференция атауы да – «Алаштың алдаспаны».

Одан әріде Қарға бойлы Қазыбек Әдікейдің «Бердіқожа батыр» толғауы жерлес әншінің жүрегінен шығып, көмейін сырлап, Сарыарқа даласын рух сазы шарлап кетті. 

Тізгін Түркі академиясының президенті, белгілі тарихшы Дархан Қыдырәліде. Мінберге тарих таразысын тартқызып, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековті шақырды. Мырзекең аталы сөзінің бірінде «Қазақ үш жүзге бөлінбеген, қазақ үш жүзден құралған» деді. Әулие хан Абылай баһадүрдің де толық тарихи келбетін осылай ашу керек деп ұсынысын да қоса жеткізді.

Сөзін қырғыз-қазаққа қатар өткізген академик, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді Бердіқожа хақында ұзақ толғады. Қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқан Бердіқожаның асыл арманын ағыл-тегіл ақтарды.

Батыр бейітінің археологиялық қазба жұмыстары жайын антро­пологиялық және генетикалық зерттеулер нәтижесінде баяндаған РҒА этнология және атропология институтының М.Герасимов атындағы зертханасы қызметкері Елизавета Веселовскаяның сөзі дәйекті шықты. 

«Қазақ хандығынан ешқандай тарихи мұра, алып ғимарат, сәнді сарайлар қалмады дейміз, Қазақ хандығынан мұраға – ұлан-байтақ Жер қалды» деген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат» орденді Несіпбек Айтұлының сөзіне ел риза болды. Поэмасы ел жадында екені тағы мәлім.

Сәйкесінше, қорытынды сөзі осы іске мұрындық болып, бел шеше кірісіп, бар ғұмырын арнаған Бақтыбай Әшімбекұлы сөйледі.

Игі шара Қарқаралы топыр­а­­­­­ғын­да, Дағанделіде жалғасын тапты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 345
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px