Қоғамдық кеңес ықпалымен - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Қоғамдық кеңес ықпалымен
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамда» біртектілік пен бірлік міндеті алға тартылады. Нақтылап айтқанда, Ұлт жоспарының 86-қадамында атап көрсетілгендей, қазақстандықтардың біртектілігін нығайтуда және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел — үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеп, жүзеге асырудың маңызы зор. Осыған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қолдауымен барлық өңірдегі әкімдіктер жанынан Қоғамдық келісім кеңестері құрылуда.
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Жезқазған қаласы әкімдігінің жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңесін белгілі білім меценаты, қалалық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков басқарады. Кеңесте 16 мүше бар. Жақында Қоғамдық келісім кеңесі кезекті отырысын өткізіп, онда Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында атқарылатын жұмыстарын талқылады. Негізгі іс-шаралар белгіленді. Соның қатарында Аналар кеңесін құру жөнінде ұсыныс жасалды. Кеңестің отырысына қатысқан қала әкімінің орынбасары Зина  Ақылбекова бұл ұсынысқа қолдау білдіре келіп, қоғамдық ұйымның ауқымды істерге ұйытқы болып отырғанын атап өтті. Биыл алғашқы рет аталып өткен Алғыс күніне орай, Қоғамдық келісім кеңесінің қозғау салуымен мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылған. Оған қаладағы барлық этно-мәдени орталықтар белсене атсалысты. Бұдан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Зинаида Чумакова: «Біз өз Отанымызды өзіміз құрудамыз. Оның іргесі берік, шаңырағы биік болуы үшін достық пен өзара келісім жағдайында өмір сүруге тиіспіз. Қоғамдық келісім кеңесі осыған оң ықпал жасайды»,– деп түйді ойын.
Аналар кеңесін құруға байланысты Қоғамдық келісім кеңесінің басшысы Б.Алтынбеков былай дейді:
– Бүгінде бала тәрбиесі, ана өнегесі – қоғамның ең өзекті мәселесіне айналуда. Әр отбасында қалыпты жағдай орнықтыру – еліміздің ойдағыдай дамуының кепілі. Отбасының ойранын шығарған әртүрлі адами қасиетке жат жағдайлар орын алуда. Аналар кеңесі осындай келеңсіздіктердің алдын алып, ата-ана мейірімінің орнығуына, бала тәрбиесінің дұрыс арнада өріс алуына ықпал жасайтын болады. Бүгінде орта мектептерде аналар мектебі, әжелер мектебі жұмыс жасайды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, тәрбиенің мәйегін жас ұрпақ бойына сіңірудегі олардың маңызы айрықша. Аналар кеңесі осы бағыттағы жұмысты үйлестіріп отыратын болады.
Осылайша, әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын Аналар кеңесі құрылатын болды. Сонымен қатар, Б.Алтын­беков кеңес отырысында қала әкімдігіне бір кездері әртүрлі ұлт өкілдерінің өнер мерекесіне айналған «Байқоңыр дауысы» фестивалін қайта қалпына келтіру жөнінде ұсыныс білдірді. Кеңес мүшелері оны да қолдады. Жалпы, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында қоғамдық кеңес татулық пен бірлікті дамыта отырып, отбасының құндылықтарын сақтауға, жас ұрпаққа жағымды тәрбие беруге қатысты шараларды одан әрі өрістете бермекші.

 ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 133
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px