Әріптестік әлеуеті бағамдалды
Сейсенбі күні облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Қарағандыға Италиядан арнайы келген инвесторларды қабылдап, пікір алмасты. Қабылдау барысында мал шаруашылығы саласына инвестиция салу және Бұқар жырау ауданындағы 5 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңы жобасын жүзеге асыру жайы талқыланды.
Кездесу кезінде «Жәке» шаруа қожалығының басшысы Айдын Әлбақай мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстарының бүгінгі таңдағы барысы туралы хабарлама жасады.
Аталған жобаның басты мақсаты ірі қараның етін сыртқары елдерге шығару көлемін ұлғайту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мал шаруашылығы саласын дамыту болып табылады. Жобаның жалпы құны – 1 274 млн. теңге, ал, жер телімінің аумағы 4 201 гектарға тең.
Қазір №1 және №2 екіқабатты бақылау-өткізу тіректерінің ғимараттары тұрғызылған, төрт көлемі кең мал қоралары мен металдан салынатын екі жем-азық қоймасының құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұлардан тысқары, әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимараты, кеңсе, мал дәрігерлік тірегі мен санитарлық өткізу үйінің құрылыстары тиянақталған. Оларда сырлау-әрлеу жұмыстары атқарылуда. Бақташыларға арналған баспаналар толығымен салынды деуге негіз бар. Санитарлық мал сою орны мен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған ғимараттар да бой көтеріп, ондағы жұмыстар толық аяқталған.
«Жәке» шаруа қожалығы басшысының айтуынша, бордақылау алаңын алдағы маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Кездесуде одан кейін Қарағанды облысының мал шаруашылығы саласына салынатын инвестициялар туралы «Италь бовини» (Италия) ет комбинатының директоры Ремо Галли әңгімеледі. Әріптестік тұрғысындағы екіжақты мүдделілікті ескере отырып, облыстың инновациялық дамуын одан әрі тереңдету мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылмақшы. Бұл, өз кезегінде, Қарағанды аймағының өнеркәсіптік тұрғыда даму мүмкіндігіне айтарлықтай кең тыныс беретін болады.
Мағыналы басқосудың соңында Нұрмұхамбет Қанапияұлы италяндық өкілдерге ізгі ниеттері үшін алғыс сезімін білдіріп, алдағы кезеңде бірлесе атқаратын жұмыстардың нәтижелі боларына сенетінін мәлімдеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

