Саяси сананың серпілісі - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Саяси сананың серпілісі
Дамудың даңғыл жолы мен үздік үлгісін танытқан Қазақстан Республикасы тағы бір саяси науқанның салтанатын түйіндеді. Ол – 20 наурыз күні өткен ҚР Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы. Сөз жоқ, дағдарыс салқынына қарамай, саяси сананың серпілісін танытты барша қазақстандықтар!
Қарағанды Қазыналы Қарағанды өңірінде де сайлау электораттың асқан белсенділігімен өтті. Бұл белсенділік селкеусіз сенімнен бастау алып, саяси сананың серпілісі танылғаны анық.
...Бірнеше күн құбылмалы күй танытып, реңін бере қоймаған ауа райы да сол күні жадырап сала берген. Көкте шөкімдей бұлт жоқ. Аспанның ашықтығы сайлаушылардың көңіліне ұялаған селкеусіз сенімнің көшірмесі іспетті.
Қаладағы қарбалас бұл күні ерте басталды. Көкжиектен енді көтерілген күннің нұрына малынғандай шуақ құшағындағы қала тұрғындары өздері бекітілген сайлау учаскелерін бетке алған. Мақсаттары – Мәңгілік Елдің жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасау.
Бірінші болып академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимаратына орналасқан №76 сайлау учаскесіне ат басын тіредік. Аншлаг! Дені – жастар. Әнұран айтылып, дауыс беру басталған сәтте комиссия орналасқан үстелге лап қойған сайлаушылар легін көрсеңіз... Шілденің аптабында өзенге құлаған ақбөкендер толқынына ұқсаттым.
Иә, осы бір тарихи сәттің таңғажайыбы сол – халықтың саяси самарқаулықтан алшақтығы. Сергектік танытып, сенімді таңдау жасауындағы маңызды сезінуі.
...Көп күттірмей, халықаралық байқаушылар да бой көрсетті. Американдық байқаушы Алейша Вудвард және ТМД-ның қысқамерзімді байқаушысы Дмитрий Щепельмен осы учаскеде жүздестік. «Сырт көз – сыншы» демекші, мәртебелі байқаушылардың қырағы назарына олқылық ілінбесе екен деп тілеу тілеп тұрмыз. Жергілікті байқаушылар мен сенімді өкілдердің қатарынан орын алып, сайлау барысын жіті бақылаған байқаушылар тарапынан оғаш пікір естімедік. Жалпы, Қазақстандағы бүгінгі сайлау әлем назарында екендігін жеткізген олар ешқандай заңға қайшы әрекеттің жоқтығын мәлімдеді. Демократиялық сипатына оң баға берді. Әсіресе, сайлаушылардың белсенділігі таң қалдырғанын айтады.
...Бұл учаскеден кейін Кеншілер Мәдениет сарайында орналасқан №17 сайлау учаскесінде болдық. Сағат – 11:30. Дауыс беру басталғалы аз ғана уақыт өткеніне қарамастан, бұл учаскеде тізімдегі сайлаушылардың үштен бірі өз таңдауын жасап үлгеріпті. Нақтылай айтсақ, тіркелген 2281 сайлаушының 700-ден астамы сайлау учаскесінде болған.
Сайлауды ұйымдастыру барысына риза. Тізімге енбей қалған сайлаушылар комиссиямен жапсарлас орналасқан «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мамандарына жүгінуде. Демде қолға тиген мекен-жай анықтамасы арқылы өздерін қосымша тізімге қосқызып, таңдау жасауға құлшынып жүрген тұрғындарды көргенде, сүйсініп-ақ қаласың.
Дәл осы сайлау учаскесінде Ресей Федерациясы атынан байқаушы ретінде қатысқан Олег Сосковецтің ресми өкілі Владимир Старобоковскиймен пікірлесудің сәті түсті.
Владимир СТАРОБОКОВСКИЙ:
– Таңертеңнен бері бірнеше сайлау учас­кесінде болдым. Сайлауды ұйымдастыру, сайлауға дайындық барысы жоғары деңгейде екендігіне қуанып тұрмын. Сайлау – әр елдің саяси өміріндегі сындарлы сәт. Бүгінгі таңдау – болашақтың бағдары. Сондықтан, әрбір сайлаушының дауысы – маңызды. Осыны оңтайлы ұйымдастырған жергілікті атқарушы биліктің іскерлігін атап өткеніміз жөн. Бүгінгі сайлауға ТМД елдерінен 5 байқаушы қатысып жатырмыз. Қарағанды аумағындағы сайлауға, әрине. Басқа да елдерден келген әріптестерімізбен кездесіп, пікірлестік. Барлығы Қазақстандағы бүгінгі сайлау жайлы оң пікірлерін білдіріп жатыр. Қазір Теміртау қаласына барамыз. Бір сөзбен айтқанда, сайлау өте жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Сайлаушылардың белсенділігі – жоғары. Бұл – әрбір қазақстандық ортақ мүддеден оқшауланбайды деген сөз.
...Түс ауа ҚарМУ-дегі №76 сайлау учаскесіне қайта соқтық. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Уәлиева да сайлаушылар белсенділігінің жоғары екендігін қуана әңгімеледі. Сағат 14.30-да тізімдегі сайлаушылардың 50 пайызы өз таңдауын жасап кеткен.  
♦ ♦ ♦
Қарағанды қаласы тұрғындарының жа­ғымды жаңалық пен жақсылық атаулыға құштарлығын біз бас сұққан Карбышев көшесі бойындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ғимаратында орналасқан №75 сайлау учаскесіндегі көтеріңкі көңіл күй тағы бір мәрте айғақтай түсті. Төңірекке түгелімен естіліп тұрған әсем әуен жетегінде аталған мекен-жайға бағыт алған жұртшылықтың қарасы тым қалың. Іштегі сайлау комиссиясының мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар тарапынан белгіленген байқаушылардың, жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлердің сенімді өкілдерінің жарқын жүздері де мереке рухымен үндес қалып танытқандай.
Қысқаша есен-саулық сұрасып, заң талабына сәйкес, тіркелуден өткен соң, комиссия төрағасы Қанат Көшкімбаевты әңгімеге тартқан едік. Оның әңгімесінен өзіміз алдын ала аңғарғандай, сайлаушылардың белсенді ұстанымда екенін пайымдадық. «Дауыс берушілер легі таңертеңнен бері бір сәтке толастаған жоқ. Осында бағыт алған көш-керуеннің легін немерелерін жетектеген ата-әжелер бастап берді. Жастардың да саяси маңызы зор, сындарлы іске деген көзқарасына көңіліміз толып тұр. Бұл, әрине, елдің өз болашағына бейжай қарай алмайтындығының белгісі», – деді комиссия төрағасы.
Мамыражай күйде, берекелі ахуалда жұмыс атқарып жатқан комиссия құрамы мен сондағы басқа да жауапты өкілдерге сәттілік тілеген біз сыртқа беттеген едік. Өз дауысының қоғам дамуы үшін қажеттілігі барын сезінген жұртшылықтың қарасы әлі де сирей қоймаған екен...   
♦ ♦ ♦
Көмірлі шаһардың Майқұдығындағы №95 мектеп-гимназияда орналасқан №134 сайлау учаскесі таңғы сағат 07.00-ден жұмысын бастады. Учаске ашылмай тұрып, елең-алаңнан кезек алған сайлаушылар қарасы қалың болды. Біз Алаштың Әнұраны шырқалған сайлау процесінің ашылу салтанатына қатыстық.
Бұл жерде алдыңғылардың бірі болып дауыс бергендерге тарту-таралғылар табысталды. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толып, ең алғаш рет таңдауын жасаған жастар, еңкейген жасына қарамастан таң бозынан сайлау учаскесіне келген Ұлы Отан соғысының ардагерлері түрлі сыйлықтарға ие болды. Мүгедектерге, өздігінен жүре алмайтын қарияларға сайлау комиссиясының өкілдері арнайы барып, барлығы 48 мекен-жайда болды.
Түскі сағат екі жарымға қарай бұл сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың белсенділігі 53 пайызды құрады. Сайлау комиссиясының хатшысы Ирина Вишнякованың айтуынша, азаматтардың белсенділігі жоғары. Сайлау учаскесіне қарасты аумақта тұратын 2324 адамның 1272-сі түске дейін дауыс беріп үлгерген.
♦ ♦ ♦
Қарағанды мемлекеттік медициналық уни­верситеті базасынан орын тепкен №12 сайлау учаскесінде иін тірескен кезек болмаса да, таңдау жасауға ниет білдірген тұрғындар қарасы баршылық екен. Біз барған уақытта (15.00) халықаралық байқаушы, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының бас директоры Валерий Федоров сайлау учаскесіне арнайы келді. Учаске жұмысымен танысып, сайлау науқанының көрсеткіштеріне көз жүгіртті.
Валерий ФЕДОРОВ:
– Жалпы, Қарағанды бойынша сайлау­шылар­дың белсенділігі өте жоғары екендігі байқалады. Мен барған учаскелерде таңер­теңнен қызу жұмыс жүргізілуде. Сайлау­шылардың легі – қалың. Бұл – қазақс­тан­дықтардың, оның ішінде, қарағанды­лық­тардың азаматтық ұстанымының, саяси көз­қарасының айқындығын білдіреді. Әр азамат ел ертеңі өзінің қолында екендігін нық сезінуінің жемісі.
Сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Приздің мәлімдеуінше, сайлау учаскесіндегі дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп отырыпты. Әзірлік шаралары барысында ОБСЕ байқаушылары – Мариет Поранук пен Грегойре Хойел арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толыпты.
Сағат 15.00-дің шамасында бұл сайлау учаскесіндегі сайлаушылар белсенділігі 52 пайызды межеледі. 1865 адамның 969-ы өз таңдауын жасап үлгерді.
Қаладағы қарт сайлаушылардың бірі осы учаскеде тіркелген екен. 101 жастағы Равиль Фатхутдинов Әлиханов көшесінде тұрады. Комиссия өкілдері ақсақалдың шаңырағына барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасапты. Және ескерткіш сыйлықтар табыс еткен.
Бұл күні сайлаушылар осы учаскеде денсаулығын бір тексеруге мүмкіндік алды. Университет мамандары келушілердің қысымы мен салмағын өлшеп, кеңестерін берді.
♦ ♦ ♦
Қарағанды медициналық колледжіндегі №44 сайлау учаскесінде өткен науқанға халық ерекше ықтиярлық танытты. Көріп, көзайым болғанымыздай, колледж ауласында музыкалық аппаратура орнатылып, әншілер әнін шырқап, бишілер биін билеп жатыр екен. Көтеріңкі көңіл күйдің лебі еседі.
Таңдау жасауға асыққан халық таң бозарғаннан толастамады. Аққан селдей ағылып келуде. Жүздерінде – шаттық, жүректерінде – сенім бар. Қалай айтсаң да, ертеңгі нұрлы күніне, жарқын болашағына таңдау жасап жатқандарын сезіп келеді. Өз еркімен таңдау жасап, өз дауысының мән-маңыздылығына сенеді. Асқақ арман мен мұзарт мұраттың ең биігі – сенім мен таңдау.
Аталған учаскеде 1591 адам тіркелген екен. Түс ауа ат басын бұрғанымыздың өзінде 1100 тұрғын дауыс беріп үлгерген. Соның арасында алпысқа жуық мүгедектер мен жүріп-тұруы қиын қарттар да бар екен. Сайлау комиссиясының төрағасы Әмина Кенбаеваның айтуынша, комиссия мүшелері аталған тұрғындардың үйлерін аралап, дауыстарын жинаған. Жалпы, сайлау жұмыстарына дайындық тыңғылықты жүргізілген. Әлгінде айтқан сөзімнің куәсі дерсіз, қарағандылықтар ерекше белсенділік танытты. Жеті адамнан құралған комиссия мүшелері мен бес байқаушы сайлаудың заңдылығын қадағалауда.
Ал, сайлаудың әлемдік стандарттарға сай өтуіне Польша Республикасының Белосток қаласындағы жоғары экономика мектебінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, халықаралық байқаушы Александр Прокопюк бақылау жасады.
Александр ПРОКОПЮК:
– Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Мен басшылық жасайтын жоғары экономикалық мектепте қазақстандық студенттер бар. Сондықтан, сіздердің елдеріңізді көруге құмартқанымды жасырмаймын. Ұшақтан түскенімде алдымен, Қазақстандағы табиғат, сәулет сұлулығынан бөлек, сіздердің елдеріңіздегі мәдениеттіліктің жоғарылығын байқадым. Ал, бүгінгі сайлаудан асқан мәдениеттілік пен әдептілік көрдім. Барлық еуропалық талаптар сақталған.
Жезқазған
Еліміздің барлық жерлеріндегідей, өткен жексенбі күні Жезқазған қаласындағы 33 сайлау учаскесі де маңызды саяси науқанның дүбіріне бөленді. Қала тұрғындары өз таңдауларын жасау үшін тұрғылықты жерлері бойынша бекітілген учаскелерге қарай ағылды.
Дауыс беру сәті еліміздің Әнұранымен салтанатты түрде ашылды. Науқанды ұйым­дастырушылардың бұл айтулы күнге мере­кедегідей дайындалғаны көрініп тұр. Қай учаскеге келсеңіз де, көңілді музыка әуені қарсы алып, көңілді тербете түседі. Ыстық шай, тәтті тоқаштарын ұсынған сауда-саттық та ұтымды ұйымдастырылған.
Халықтар достығы мен мәдениеті үйінің кең фойесіне орналасқан №476 сайлау учаскесіне бас сұққан едік. Келушілерде толас жоқ. Комиссия төрағасы Нұржәмила Аманованың айтуынша, халық белсенділік танытуда. Дауыс беру басталған таңертеңгі жетінің өзінде біршама адам жиналған.
Театрда орналасқан №460 сайлау учас­кесінде де осындай жағдай аңғарылады. Мұнда 2400 сайлаушы тізімделген екен. Комиссия төрағасы Қалдыбай Қадірсізов: «Сағат түскі 12-де сайлаушылардың 50 пайызы өз дауысын беріп үлгерді. Жүре алмайтын 29 адамға бюллетеньдерін үйлеріне апарып, дауыс беруіне мүмкіндік жасаймыз», – дейді.
Сайлаудың заң талаптарына сай, әділ өтуін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған байқаушылар жіті қадағалады. Сонымен қатар, сайлауды байқау миссиясы бойынша ЕҚЫҰ-ның байқаушылары да қатысты. Жезқазғанға осы мақсатпен келген халықаралық байқаушылар – Петер Бесселман мен Маргарет Статеман дауыс берудің ашылуынан жабылуына дейінгі барлық үдерістерді көріп, өздерінің оң пікірін білдіріпті. Сайлаушылардың 79,42 пайызы қатысып, өз таңдауын жасады.
Балқаш
Жексенбі күні мысшылар шаһарының тұп-тұнық таңын әр сайлау учаскесінде асқақтаған әуен тербеп тұрды. №617 сайлау учаскесінде сағат жетіде еліміздің Әнұраны ойналып, бірден қырыққа тарта адам дауыс беріп, өз таңдауын жасады.
– Болашақ үшін дауыс беруге келген сайлаушылардың биылғы белсенділігі ерекше. Міне, көріп тұрсыздар, халық үздіксіз келіп жатыр. Депутаттыққа кандидаттардың, партиялардың сенімді өкілдері, бақылаушылар осы учаскеде сайлау науқанының ұйымшылдықпен өтіп жатқандығын тілге тиек етуде. Өздігінен келе алмаған сайлаушыларға жылжымалы сайлау жәшігін алып, арнайы бөлінген дауыс жинаушылар әрқайсының үйіне жеке-жеке барып, азаматтық борыштарын өткеруге мүмкіндік туғызады, – дейді №617 сайлау комиссиясының төрағасы Жұмабек Нысанғалиев.
– Мәңгілік елдің болашағы – жастар ғой. Маған бойында алаулаған жастық жалыны бар бозбала мен бойжеткендердің дауыс берудегі белсенділігі қатты ұнады. Еліңді өркендет, экономиканы дамыта біл, өз үлесіңді қос, жас өскін! Біздің тілек осы, – деді ардагер ұстаз, «Нұр Отан» партиясының байқаушысы Сәткен Сламбеков.
Өзі дауыс берген сайлау учаскесінде Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин халыққа игі тілегін жеткізді. Қаладағы бар сайлау учаскелерінде дауыс беру ұйымшылдықпен өткізіліп, ел дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан Балқаш қаласының тұрғындары лайықты таңдауын жасады.
Ақтоғай
Ақтоғайлықтар сайлауға бір кісідей қатысты. ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлауы күні әркімнің жүрек қалауына жүгінді. Әуелеген музыка әуені халықтың көтеріңкі көңіл-күйімен ұштасып жатты. Ақтоғай ауданының орталығына орналасқан №№674, 673, 675, 672 сайлау учаскелерінде сағат таңғы жетіден бастап дауыс беру қызу басталып кетті. Әнұран асқақтап, салтанатты шара сәтімен жалғаса берді.
– Өз өмірімде қаншама рет дауыс беріп, саяси науқанның қызу ортасында жүрдім, – дейді қарт сайлаушы О.Рахымбеков, – Ал, егемен еліміздің тұсындағы сайлаудың тарихи ерекшелігі, саяси мәні өзгеше. Ата-балалар аңсап кеткен тәуелсіздіктің баянды болуы – әрбір саяси науқанның ойдағыдай өтуіне тікелей байланысты болмақ. «Мәңгілік Ел» тұжырымы – бабалар арманы. Бүгінгі ұрпақтың бақытына сол бабалар арманын жүзеге асыру міндеті бұйырыпты. Немерем үшін, елімнің болашағы үшін дауыс беріп тұрмын.
Бұдан кейін қарт сайлаушылар – Т.Толымбекова, Р.Сейітова, Х.Көкенов егемен еліміздің елдігін айқындайтын саяси мәні бар іс-шараның ойдағыдай сәтті өтуіне игі тілегін білдірді.
Жастықтың оты мұндайда жалындап тұрады. Осы күні ақтоғайлық жас сайлаушылар – Рамазан Совет, Бейбарыс Қаламан, Гүлсая Өмірәлі тұңғыш рет дауыс беріп, өз өмірінің бақытты кезеңін басынан өткізді. Отандық рухта тәрбиеленіп, егемен елдің өсіп өркендеуіне, болашағына өз үлесін қосатын жастардың да ой-пікірлері алдыңғы толқын – қарт сайлаушылар пікірімен ұштасып жатты. Қарт және жас сайлаушыларға сыйлықтар берілді. Ақтоғайлықтар сайлауға қатысуда белсенділік танытты.  
Ақсу-Аюлы
Әрбір саяси додада белсенділік танытатын Шет ауданының халқы қазақ елінің экономикалық, әлеуметтік дамуында лайықты қолтаңбаларын қалдырып келеді. Жексенбі күні қыс ызғары әлі кете қоймаса да, адамдардың жүзінде шаттық ойнады. Ақсу-Аюлы селосындағы №515 сайлау учаскесінде күмбірлеген күй адамның көңіл-күйін асқақтатты. Мұнда таңғы сағат жетіден бастап дауыс беру ұйымшылдықпен басталған екен. Шет ауданының Құрметті азаматы Т.Тәттібаев өз тілегін жеткізді.
– Біз көпті көрдік. «Тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткердік. Тәуелсіздіктің тірегі болып, мына саяси науқанда өз таңдауыңды жасау – азаматтық борышың. Елдің ынтымағы, бірлігі, татулығы осындайда байқалады. Менің пайымдауымша, халықтың белсенділігі көңіл қуантады. Алғашқы беттен-ақ, топ-тобымен келіп, дауыс беруде. Жарқын болашағымыз жастардың қолында ғой. Менің де немерем алғаш рет дауыс беріп тұр, – деді ақсақал.  «Иә, мен де атама еріп, перзенттік парызымды өтеп тұрмын. Колледжде оқимын, студентпін. Ер жеттім, есейдім, көңілім тасып тұр. Елімнің гүлденуі үшін атаммен бірге дауыс бердім. Бұл күн менің өмірімдегі өшпейтін тәтті кезең болып табылады», – дейді ақсақалдың немересі, жас сайлаушы Л.Тәттібаева.
– «Мәңгілік Ел» идеясы сонау ықылым заманнан басталған. Ата-бабаларымыздың қасық қаны қалғанша мына кең байтақ даланы қорғап қалуы тегіннен-тегін емес. Олай болса, саяси науқанның ел болашағымен ұштасып жатқандығын – отандық рухтың қайнар бастауы деп ұққан жөн. Небір жақсы бастамалар, ел тілегін қолдаған саналы пікірлер Парламенттен бастау алады, – дейді байқаушы С.Кенжебаев. Сондай-ақ, «Құрмет» орденінің иегері, қарт сайлаушы Боранбай Жұмкин де жұртшылыққа игі тілегін жеткізді.
Шет ауданының тұрғындары сайлау кезінде белсенділік танытты. Ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады.  
Қарқаралы
Таңғы сағат жетіде Қарқаралы қаласындағы №308 сайлау учаскесінде айбынды Әнұраны­мыз айтылып, ресми түрде есігі айқара ашылды. Осы кезден бастап өз таңдауларын жасауға асыққан сайлаушылардың қарасы толастамады. 1667 сайлаушы тіркелген учаскеде іссапарға кеткен 18 адам арнайы рұқсаттама қағазы арқылы өзге өңірлерде, денсаулығына байланысты 7 адам үйде дауыс берген.
Елінің бірлігі мен берекесін, жерінің тыныштығын тілейтін тілеуқор ата-әжелеріміз де бұл саяси науқаннан тыс қалмайық деген ниетпен немерелерін жетектеп келіп жатты. Халқының қамын ойлайтын, әлеуметтік әлеуеті мен экономикасын еңселендіруге өзінің сүбелі үлесін қосады деп үкілі үміт артқан партиялар мен жекелей азаматтарға халық өз таңдауларын жасады. Осындай маңызды шарадан шет қалмаған «Күміс алқа» иегері, ақ халатты абзал жан Гүлжан Көпжасарова да келіп, көңілі түскеніне өз дауысын берді.
– Мен алдымен елімнің ертеңі, балаларым­ның жарқын болашағы үшін сайлауға қатысуды мақсат еттім. Өзім сайлаған партия мен дауыс берген үміткер депутат болса, мен секілді адамдардың үмітін ақтайды деп сенемін, – дейді көпбалалы ана.
Сондай-ақ, қызу жұмыс жүріп жатқан сайлау учаскесіне шетелдік байқаушылар – Елена Баландина (Ресей), Адриан Лонут (Румыния) бас сұғып, науқанның жұмыс барысымен ыждаһатты түрде танысты.
Ауданда 37962 адам тұрса, оның 21687-сі – кәмелет жасқа толған сайлаушылар. 49 сайлау учаскесінің тыңғылықты жұмысының нәтижесінде басым дені дауыс берді.
Ерсін МҰСАБЕКОВ,
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Нұрқанат ҚАНАФИН,
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
Амандық РАХҰЛЫ,
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,
Сағыныш ӘБІЛОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 250
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px