Шаһар тазалығы – назарда - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ бастаған жұмыс тобы Қарағанды қаласын аралап, облыс орталығында жүргізіліп жатқан санитарлық тазалық жұмыстармен танысты.

 

Жұмыс тобы өз қызметін Кар­бышев көшесі бойындағы 5-ші көпқабатты үйдің ауласынан бастады. Мұнда облыс әкімінің бірінші орынбасары Қарағанды қаласы әкімінің, Қазыбек би және Октябрь аудандары әкімдерінің орынбасарларымен кездесіп, қала тазалығына қатысты атқарылып жат­қан жұмыс қорытындыларының есебін тыңдады. Көктем  мезгіліндегі екі айлық тазалық жұмыстары кезінде Қарағанды қаласының санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілді. 120 мың адам қатысқан 7300 ұжым 6 сенбілік пен 7 санитарлық бейсенбілік өткізді. Барлығы 781 аула тазаланып, 50 мыңнан аса ағаш түптері сыланды. 2 мыңнан аса ағаш отырғызылып, 58 заңсыз қоқыс алаңы жойылды. 450 қоқыс жәшігі алаңы жөнделіп, 2 мыңнан астамы тазаланды. Екі айлық тазалық жұмыстары барысында Қарағанды қаласынан 110 мың текше метр қоқыс шығарылып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі есеге артқан.

Көлік жолдары қызметін қамтамасыз ету шеңберінде 14000 жарық бағаналары, 8500 метр өтпежол, 8000 жол белгілері, 140 бағдаршам, 5500 метр қоршау жуылып, боялды. 15000 шаршы метр жердің шөбі күзелді. 257 автобус аялдамасы мен 28 су бұрқақ қайта қалпына келтірілді. 150 мыңнан аса гүл отырғызылып, 111 мың гектар саябақ және гүл бағы аумағы тазаланды.

Қарағанды қаласының сани­тарлық жағдайын жақсарту мақ­сатында атқарылып жатқан жұмыс­тар шеңберінде жергілікті полиция қызметімен ынтымақтастық нығай­тылды. Жыл басынан бері учаскелік ин­спекторлар абаттандыру ере­желерін бұзу фактілеріне сәйкес ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 505-ші бабы бойынша 4905 хаттама толтырған.

Санитарлық тазалық жұмыс­тарын жүргізу сараптамасы көрсет­кендей, заңсыз қоқыс алаңдары негізінен, жоспарлы немесе үнемі қоқыс шығарылмайтын жеке тұрғын-үй құрылыстарын салу кезінде пайда болады. Тұрғындар қоқыс шығаратын ұйымдармен келісім-шарт жасасудың ор­нына, қоқысты жақын арадағы алаңқайларға тастайды. Мәселен, 7-ші магистраль маңындағы саяжайларға апарар жол өткен 7-8 жыл көлемінде ірі заңсыз қоқыс алаңына айналған. Алайда, өткен айда бұл жерде тазалық жұмыстары жүргізіліп, барлық қоқыс әкетіліпті. Қоқыс орындарының үстіне топырақ төгіліп, арнайы көліктермен тегістелген. Мұндай мәселелерді шешу үшін Қарағанды қаласының әкімдігі Қарағанды облысы аумағын абаттандыру Ережелеріне тиісті өзгерістер енгізді. Бұдан былай барлық жеке және заңды тұлғалар ашық конкурста жеңіп шыққан ұйыммен келісім-шарт жасасуға міндеттеледі.

Жұмыс тобының соңғы межесі Кривогуз көшесіндегі 43-ші, 45-ші көпқабатты үйлердің ауласында түйінделді. Таза, әрі тартымды аулаға тап болдық. Тіпті, тұрғындардың бірі арнайы гүлзар бағын ұйымдастырып, гүлдердің сан-алуан түрін егеді екен. Облыс әкімінің бірінші орынбасары «Рассвет» пәтер иелері кооперативінің басшысына алғысын білдіріп, аула тазылығын ерекше атап өтті.

Аралау жұмыстары кезінде Асылбек Дүйсебаев қала әкіміне WНATS APP құрылғысы арқылы 8 778 623 81 76 нөмірі бойынша «жедел желі» жобасын іске қосу туралы тапсырма берді. Сөйтіп, тұрғындар енді облыс орта­лығындағы абаттандыру Ере­желерінің сақталмау фак­тіл­ерін суретке, бейнетаспаға түсіру, немесе, тікелей қоңырау шалу арқылы мәлімдей алады. Ал ком­муналдық қызметтер олқы­­лықтың орнын толтыру жұмыс­тарын жедел арада жүргізетін болады.

Облыс әкімінің бірінші орын­басары Қарағанды қаласының сани­тарлық жағдайына және абат­тандырылуына қадағалау жа­сауды күшейту туралы бірқатар тапсырмалар берді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 337
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px