Сырлы тарихтан – нұрлы таңға - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Сырлы тарихтан – нұрлы таңға
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ жұмыс сапарымен Нұра ауданында болды. Аймақ басшысы ауданға қарасты бірнеше елді мекенге ат басын бұрып, тыныс-тіршілігін бақылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше басымдық беріледі. Облыс басшысының жұмыс сапары да осы мақсатты көздеген-ді.
Сапар дәстүрлі соңғы қоңырау салтанатына тұспа-тұс келді. Осыған орай, Нұрмұхамбет Қанапияұлы Щербаковское елді мекеніндегі орта мектепке соғып, білім ордасындағы мерекелік іс-шараның ортасында болды. Жас түлектерге ақ жол тіледі. «Бұл – мектеп ұстаздары мен мектеп қабырғасында жүрген 188 шәкірт үшін үлкен мақтаныш»,– дейді ауыл тұрғындары.
Әрине, мектепті аяқтап, үлкен өмірге жолдама алған түлектер үшін бұл күннің мәні тіптен ерекше. Щербаковское орта мектебі биыл 14 түлекке қанат қақтырды. Олар аймақ басшысының құттықтауын бар ынта-жігерлерімен тыңдады. Алтын ұясында жүріп меңгерген өнерлерін ортаға салып, би биледі, ән де салды.
– Менің білуімше, бұл – жарты ғасырдан аса уақыт бойы жас буынды білім нәрімен сусындатып келе жатқан мектеп тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Біз бүгін өте толқып тұрмыз. Тура біздің соңғы қоңырауға облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өзі қатысып, біздің қуанышымызды бөлісті. Сыныптастарыма алдағы сыннан – Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтуге тілектестік білдірді. Аймақ басшысына алғысымыз шексіз – дейді мектеп түлегі, оқу озаты Нұрым Зекен.
Иә, 54 жылдық тарихы бар мектепте биылғы соңғы қоңырау салтанаты ерекше өтті.
Ақылбек Тоқабаев басқарып отыр­ған білім ұясының жетістіктері мол, жоспары айқын. Мәселен, 188 оқушының арасынан 40 бала биылғы оқу жылын үздік тәмамдады. Бұл ретте, мектеп ұстаздарының да еңбегі зор екендігі мәлім. Осындағы 39 мұғалімнің қатарында 10 жоғары санатты ұстаз бар екен. Бұл да Щербаковское ауылындағы білім беру жүйесінің жүйелі жолға қойылғанын айғақтаса керек.
Ауылдағы сауықтыру орталығы, Мәдениет үйі және дәрігерлік амбулаторияны да аймақ басшысы аралап көрді.
Негізі, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің Нұра ауданына жұ­мыс сапары «Қайнар» ЖШС-нің ахуалымен танысудан басталды. Мұнда қазір көктемгі егіс науқаны қызу жүргізілуде. Асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарының барысы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады.
Серіктестік жұмысының негізгі бағыты – дәнді-дақылдар егу мен мал шаруашылығын дамыту. Осы жылы 35 мың гектар жерге бидай, арпа және сұлы егу көзделіп отыр. Бұл шаруашылық 2014 жылы «Мүйізді ірі қараның «Әулиекөл» тұқымын асылдандырушы» деген статусына ие болған еді. Қазіргі күні кәсіпорында 1070 ірі қара болса, соның арасында 725 сиыр бар.
Облыс әкімі «Отқанжар» ЖШС-не қарасты қожалық жұмысын да барып көрді. Қазір мұнда «Қарғалы» тұқымды 11321 қой, 346 жылқы және 101 сиыр бар. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 119328 гектар жер де – осы кәсіпорын еншісінде. Биыл 3 мың гектардан астам жерге дәнді-дақылдар егу жоспарланған.
Ал, Изенді селолық округінде Нұрмұхамбет Қанапияұлы бюд­жеттік орталықтың тынысын бақылады. Сондай-ақ, Құланөтпес өзені бойындағы көпірді жөндеу жұмыстарының барысын да бақылап көрді.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Баршын селосында түйін­делді. Облыс әкімі бұл ауылда учаскелік ауруханада, полиция пунктінің бұрынғы ғимаратында және орта мектепте болып, елмен кездесті.
Ауылдың және ауданның өзекті мәселелерін талқылаған жиын ауқымды өрбіді.
Мәселен, Баршын ауылын аудан орталығымен қосатын 150 шақырым жол сын көтермейді. Талай көлікті тоздырады, жолау­шының жүйкесін жейді. Бұған қоса, Құланөтпес өзенінің үстінен өтетін жалғыз көпір істен шыққан. Өткен жылы көктемгі су тасқыны салдарынан шайылып кеткен.  Аудан халқы аудан орталығына Астана немесе Қарағанды қаласы арқылы қатынайды.  
Міне, осы жолдың бәрін өз көзімен көрген облыс әкімі көпірдің құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды об­лыстың автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы  А.Санау­баровқа қатаң тапсырды.
«Жол азабын тартқан білер». Теңіз төңірегі тұрғындарының, еңбектеген бала мен еңкейген қариялардың атынан Сізге айтар алғысымыз шексіз. Бұл – біз үшін өте қуанышты күн. Өйткені, облыс басшысының біз жүріп жүрген жолмен жүріп келуі – бірінші рет.
Жақында тағайындалған аудан әкімі Ниқанбай Иманғалиұлы барлық ауылдарымызды аралап үлгерді. Соңынан мекеме және бөлім басшылары да келіп, қордаланған мәселелерді қарады. Көңіліміз қуанышқа толды. Еңсеміз көтерілдір» Жиынға қатысқан тұр­ғындардың сөзі осылай өрбіді.
– Теңіз төңірегі – киелі жер. Біздің жеріміз тарихи ескерткіштерге толы. Сіздің осы қасиетті жерге басқан қадамыңызды жақсылыққа жорып, жағдайымыз әрі қарай жақсара түседі деп сенеміз. Еліңіз, халқыңыз үшін аттаған әр қадамыңыз сәтті болсын, – деді актив жиынына қатысқан «Талдысай» серіктестігінің дирек­торы Рыспай Жүсіпов.
Бұған қоса, ауыл ақсақалы Балғабек Нұрғалиев облыс басшысына ақ батасын беріп, игі бастамаларына сәттілік тіледі.
Р.S. Бір қуантарлығы, билік пен бұқараның арасында ашық әңгіме өрбіді. Мүдде – ортақ, мақсат – айқын. Сырлы тарихы бар Нұра ауданының таңы нұрлы екендігіне бек сендік. Облыс әкімінің жұмыс сапарынан осындай ой түйдік.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 416
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px