Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 26.09.2017

Газетімізде бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан халқы Ассамблеясының Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған халықаралық форумның аясындағы Жезқазған мен Ұлытау өңіріндегі іс-шаралары үш күнге ұласты. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты бұл жоба ең алғашқы рет 2010 жылы Астана қаласында өткізілген болатын.

 

Содан бері еліміздің әр аймақтарында жарасымды жалғасын тауып, жалпы ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға, нәубет пен зобалаң жылдардың қасіретін бастан кешкен барша ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен татулығын нығайтуға, тарихи жадыны жаңғырта отырып, қиындықтан бірлесіп шығудың үлгі-өнегесін болашақ ұрпаққа жеткізуге айтарлықтай ықпалын тигізер айшықты шараға айналды. Форум шаралары аясындағы «Мәңгілік Ел: тарихи зерденің жасампаздық қуаты» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияның жұмысына облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов және Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары қатысты.

ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫН таразылап, бірлік пен ынтымақтастыққа ұйыстыруды көздеген алқалы жиынның Қарағанды аймағында өткізілуі де бекер емес. Тоталитарлық қоғамның сыңаржақ саясаты туралы ой қозғаған белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов: «Әлемнің кішкентай картасында Қазақстан үлкен түрме сияқты» деген екен. Сол айтқандайын, Арқа даласы да саяси-қуғын сүргінге ұшыраған жандардың азапты өмірін өткізген Қарлаг, АЛЖИР, Жезлаг, Степлаг сияқты лагерь бөлімшелерінің ордасына айналған еді. Бүгінгі кенді өңірдің өндірістік және әлеуметтік нысандарының көпшілігі сол бір зұлмат жылдарда тұтқындардың күшімен салынғаны белгілі. Бірыңғай мал шаруашылығымен ғана күнелткен Арқа жұртшылығы ашаршылық зардабын да көбірек тартты. Ал, дәстүрлі форумның Ұлытау жеріне келуі де келелі істің бірі. Елбасымыз атап айтқандай, Ұлытаудың орны бөлек. Үш жүздің басын қосып, халқымызды бірлік пен берекеге ұйыстырған қасиетті мекен бұл.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбатында тереңге тартар тарихымыздың тағылымды тұстары кеңінен  қозғалғанын білеміз. «Мәңгілік Ел» идеясы да осы тарихи әңгіме барысындағы зерделі оймен өзектесе өрбіп, өмірге келді.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен бірге жасасып, нығайып келе жатқан Қазақстан халқының Ассамблеясы ел бірлігін сақтауға елеулі үлесін қосып келеді. Соған орай, тұрақтылықты ту ететін шаралардың кеңінен өткізілуі де қисынды. Халықаралық деңгейдегі осы форум да соның бір айқын дәлелі десе болады. Жезқазған бизнес және көлік колледжіндегі «Қоғамдық келісім» кеңесі залында басталған тату-тәтті, болашағы біртұтас ұлт төңірегіндегі ұлағатты ой кеңінен өрбіп, үш күн бойындағы алқалы жиынның негізгі өзегіне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.Прокопенко тізгінін қолға ұстаған «Қоғамдық келісім» кеңесінің кеңейтілген отырысында академик, философия ғылымдарының докторы Қ.Қазкенов «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асырудағы негізгі факторлар қатарында Қоғамдық кеңестің алар орнына тоқталса, Қостанай облысы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы облысы Алакөл ауданының Қоғамдық келісім кеңестерінің іс­-тәжірибелері туралы олардың жетекшілері  С.Богатырев, Л.Шик, И.Әбдіхалықов, Е.Кинцель, К.Власенко ой бөліссе, солардың қатарында ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, Жезқазған қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы    Б. Алтынбеков те атқарылып жатқан айшықты істерін ортаға салды. «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясы мен «Мың бала» жобасына қатысушылардың Ұлытау, Жезқазған жеріндегі келелі кездесулері, «Мәңгілік мұра – шуақты шаңырақ» атты дөңгелек үстел мәжілістерінің маңызына тоқталды. Кеңес жанында «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Ол әжелер өнегесін үлгі етіп, ұлттық тәрбиенің мәйегін жастар бойына сіңіруде айтарлықтай шараларға ұйтқы болуда. Халық көкейіндегі пікірлерді билікке жеткізіп, бұқарамен байланыс орныға түсуде. Жалпы, Қоғамдық кеңес мәжілісінде республикамыздың барлық өңірлерінен қатысқан оның өкілдері өзара жан-жақты тәжірибе алмасты. Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық ме­кемесінің директоры Н.Калашникова мамандарды оқыту және әдістемелік семинарлардың тиімділігін атап айта еліп, «Теңдессіз сый» акциясы шеңберінде Жезқазған Қоғамдық кеңесінің кітапханасына тарихи құнды кітаптарды сыйға тартты.

ФОРУМНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ Ұлытау  сапарына ұласты. Құр­метті қонақтарды аудан басшылары мен жұртшылық өкілдері қалыптасқан дәстүр бойынша Ел бірлігі мен тұтастығы монументінің жанынан шашуын шашып, дәм-тұзын ұсынып қошеметпен қарсы алды. Аудан әкімі Х.Омаров тарих тағылымын таразылаған форумға қатысушылардың қасиетті мекенге табан тіреуі үлкен мәнге ие екенін атап өтті. Ұлт ұясы – Ұлытау ұлағаты жайлы әңгіме өрбіді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы алғашқы рет қасиетті жерге келіп, ел бірлігі мен тұтастығы жөнінде тағылымды ой қозғап, соны айғақтайтын еңселі ескерткіш қою жөнінде аманат қалдырған болатын. Қонақтар сол сапарда қойылған белгітасты аялай сипап, Елбасы аманатына орай 2005 жылы бой көтерген Ел бірлігі ескерткішіне тәу етті. Ескерткіш жанында суретке түсті. Бұл жер Ұлытаудың қасиетті қақпасы іспетті. Олай-бұлай өткен жан соқпай кетпейді.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ:

– Елбасының 2014 жылғы кезекті сапары кезінде Ұлытау төрінен ұлт тарихы және еліміздің бүгіні мен болашағы туралы терең әңгіме қозғауы халықтың көкейіне қонды. Ол кезде мен «Егемен Қазақстанның» басшысы едім. Айналдырған біржарым ай ішінде осы тақырыпқа қаншама мақала келіп түсті. Жариялап үлгермей жаттық. Кейін аудан әкімінің демеушілігімен осы мақалаларды жинақтап, «Ұлт ұясындағы ұлағат» деген кітап шығарылды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Тілеген САДЫҚОВ:

– Ұлытаудың қойнауы тұнған тарих. Оны көне заманнан бізге жеткен ескерткіштер де айғақтап тұр. Едігенің, Тоқтамыстың жорық жолдары жатыр, Шыңғыс хан мен Жошы хан дәуірінің іздері де осында. Қазақ хандарын ақ киізге салып көтеріп, ел бірлігіне ұйысып, дұшпандарына соққы беру үшін бәтуаласып, бас қосқан қасиетті жер. Бүгінгі сапарда Хан ордасында болып, тарихи ескерткіштерді көрсек оған көзіміз жете түседі.

Осындай үлкен әсер құшағында ой кешкен қонақтар Ұлытаудағы «Таңбалы тас» саябағына атбасын тіреді. Осы жерде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Парламент депутаттары, сондай-ақ, әр облыстан келген делегаттар белгіленген алаңдарға аққайың көшеттерін отырғызды. Осы саябақта Таңбалы Нұрадағы қазақ руларының таңбасы қашалған тастың көшірмесі қойылған. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің рухына арналған ескерткіш-тақта бар. Одан әрі «Еске алу» акциясы Алаш арыстарының аллеясында жалғасты. Мұнда Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Сейілбек Жанайдаров, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов сынды айтулы арыстардың мүсіндері орнатылыпты. Ассамблея мүшелері бес арыстың басына гүлшоқтарын қойды. Аудан имамы құран бағыштады.

«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында бүгінгі талапқа сай жаңа ойын алаңының ашылу салтанаты болды. «Тәу­елсіздігіміздің 25 жылдығына – 25 тарту» бастамасы аясында атқарылған игі істердің бірі екен бұл. Аудан орталығында бір орта мектеп, балабақша, спорт кешені құрылыстары жүргізілуде. Үш жылда 40 үй салыныпты, алда тағы 20 үй салынбақшы. Ауыл ардагерлері Шабаз Смайлов пен Жақия Садықов тілге тиек еткен осындай игі істерге орай, Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева экономикалық дағдарыс кезеңінде ауқымды жобаларды атқарып жатқан аудан әкімдігіне ризашылығын білдірді. Қонақтар одан әрі тарихи орындарды аралады. Хандар алаңында, «Ұлытау» музейінде, Хан алаңында болып тарихтың терең қойнауларына бойлай түсті.

ҮШІНШІ КҮННІҢ іс-шаралары «Мәңгілік Ел патриоттық актісі – азаматтық бірегейліктің кодексі» атты тарихи сабақтарынан басталды. Мұндай тағылымды дәрістер Ө.Байқоңыров атындағы ЖезУ-де және қаладағы барлық колледждерді қамтыды. Жезқазғандағы бастауыш мұғалімдері мен балабақша тәрбиеленушілерін даярлайтын ежелгі оқу орнының бірі – бүгінде гуманитарлық колледж аталады. Мамандық түрлерінің аясы да кеңіген. Қазірде мұнда 400 жас білім алуда. Бұл колледждегі сабақты республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы, тарих ғылымда­рының докторы Д.Базаров жүргізді. Тарих тағылымын таразылаған ол Кеңес үкіметі тарапынан қолдан жасалған 1920-1933 жылғы ашаршылық нәубетінің ащы шындықтары туралы әңгімеледі. Нақты дәйектерді келтірді. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған жандар мен Алаш зиялыларының асыл мұраттары туралы сыр шертті. Қазақ жеріне күштеп қоныс аудару саясатының зобалаңдарына тоқталды. Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырған бүгінгі Қазақстан азаматтарының болашағы біртұтас – Мәңгілік Ел жолында топтасып отырғанын студенттерге әсерлі жеткізді. Жер-жерден келген Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» аясындағы жалпыұлттық акциясына да белсене атсалысты. Жезқазғандағы М.Құлышева атындағы балалар үйіне барып, ақшалай және заттай көмек көрсетті. Сондай-ақ, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің жәдігерлерімен танысып, тарихи тақырыптағы көрмелерді тамашалады. «Ютария» инновациялық кәсіпорнында құрылған «Аналар кеңесінің» жұмысымен танысты.

МӘРТЕБЕЛІ ФОРУМ «Нұр Отан» партиясы қалалық ғимаратында өткен «Мәңгілік Ел: тарихи зерденің жасампаздық қуаты» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен түйінделді. Конференцияны ашып, жүргізген облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков халқымыздың басынан талай қайғылы да қасіретті жағдайдың өткенін, жазықсыз жапа шегіп, саяси қуғын-сүргін зобалаңы мен нәубет салдарынан шейіт болғандарды еске алып, рухына тағзым ететін тағылымды шараның өтіп отырғанын атап айтты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы бұл шоқтықты шара.

ҚХА төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Ералы ТОҒЖАНОВ:

– Халқымыз үшін Тәуелсіздіктен асқан қасиетті ештеңе жоқ. Біз осы жылдар ішінде тарих ақтаңдақтарының бетін ашудамыз. Өткенімізді еске алып, жастардың жадында жаңғыртуда бұл күннің маңызы зор. Күштеп ұжымдастырудың зардаптары елдегі аштыққа алып келгені белгілі. Қазақстанда 1921-1922 жылдардағы аштықта 1 млн. аса, 1931-1933 жылдарда  2 млн. адам қырылды. Қазақ зиялылары күштеп ұжымдастыруға өз наразылықтарын білдіріп, отырықшылыққа эволюциялық жолмен бағыттауды жөн көрді. Сол бір сүреңсіз кезеңде халықтың көптеген бас көтерулері болды. Аштық пен қуғын-сүргіннен бас сауғалап 1 млн. астам адам елден тыс жерлерге кетуге мәжбүр болған. Соның 600 мыңы қайтып ортаға оралмады. Кеңестік жүйенің зорлық-зомбылығынан Қазақстанда  103 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы  атылған екен. Қазақ халқының азаттығы жолында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев сынды елін сүйген қаншама азаматтар басын бәйгеге тікті. Сондай-ақ, негізсіз жазалау шаралары тұтастай халыққа қарсы қолданылып, олар туып-өскен жерінен күштеп көшірілді. Сол жылдарда біздің елімізге 1 млн. 200 мың өзге ұлт өкілдері күшпен қоныс аударылып, қазақ халқының қамқорлығы мен мейірбандығы арқасында аман қалды.

Өткенімізді айту – болашақты пайымдау үшін керек. Осы жайында кеңінен сөз қозғаған ҚХА төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов зұлмат лагерлерінде болғандардың ұрпақтары да қазақ халқының жақсылығын ұмытпай еске алып, іздеп келіп жүретініне жүрек тебірентерлік бірнеше мысалдар келтірді. Ассамблея талайлы тағдыр иелерінің талайын кездестіруге ұйтқы болыпты. Олардың қазақ халқына деген алғыстары шексіз.

Конференцияда сөз кезегін алған Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттық тобының төрағасы С.Әбдірахманов, Президент мұрағаты директорының орынбасары Қ.Әлімғазинов, Парламент Мәжілісінің депутаты, профессор Н.Дулатбеков, қуғын-сүргін зардабына ұшырағандардың ұрпақтары-Жапониядан И.Такахаше, Румыния университетінің ғалымы Д.Либонь және тағы басқалары  зұлмат-зобалаңды бірге тартқан халықтың бауырмалдығы, достығы туралы айта келіп, береке-бірлікті сақтауға шақырды. Осы тұрғыда конференция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына форумға қатысушылардың үндеуін қабылдады. Айта кетсек болады, 2011 жылы кезекті осындай форум эстафетасын ҚарЛАГ-тың құрылуының 80 жылдығымен тұспа-тұс келуіне орай  Долинка музейі қабылдап алған екен.  Долинка кентіндегі саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу музейі бұл жолы «Халық трагедиясы ұмытылмайды» тақырыбында осы шараға арнайы құжаттық-экспонаттық көрме әзірлеп әкеліпті. Қасіретті күндер дерегі мол екен.

Ауқымды шараны ұйымдастырушылар форум қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Онда ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.Прокопенко, Қарағанды облысы ҚХА хатшылығының басшысы Е.Құ­сайын, Жезқазған қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, ҚХА облыстағы ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Б.Алтынбеков «Өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлдыр» деген аталы сөзді алға тарта келіп, дәстүрлі форумды өткізудің мән-маңызына назар аударды. Бұл шара халқымызды бірлікке, тұтастыққа ұйыстырып, мұндай зұлматты заманның қайталанбауын ескертеді. Жас ұрпақты тарих тағылымынан сабақ алуға үндейді. Тарихтың ашылмаған әлі ақтаңдақ беттері де жоқ емес. Халықаралық жоба аясында бұл бағыттағы ізгі істердің аясы да  жыл сайын кеңейе берері сөзсіз.

Амандық РАХҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Ғ.Әбдіғаппарова.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 506
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1181
count 88x31px