Аймақтағы туризм кластерін дамыту мәселесі бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында әңгіме тақырыбына айналды. Брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна АБЛАЕВА бұл бағытта қолға алынған жобаларға кеңінен тоқталды.
Татьяна Юрьевнаның айтуынша, туризм саласы айтарлықтай өркендеп келеді.
Бүгінде Қарағанды облысы туристер қызығушылығына ие өңірлердің біріне айналуда. Географиялық тұрғыдан қолайлы. Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан және облыс арқылы негізгі күрежолдар өтеді. Астанаға тиіп тұр. Бұдан бөлек, табиғи, тарихи ерекшеліктері туризмнің дамуына ықпал етуде. Бізде екі ірі ұлттық парк – Қарқаралы және Бұйратау парктері, 12 қорықша және 2700 тарихи-мәдени ескерткіш бар, – деді басқарма басшысы.
Жыл санап Қарағанды облысына отандық туристермен қатар, шетелдіктердің қызығушылығы артып келеді. Татьяна Юрьевнаның сөзіне сүйенсек, соңғы бес жылда туризм нысандарының қарасы 61 пайызға көбейіп, қазіргі таңда 280-ге жетті. Осы уақыт аралығында туристердің 30 пайызға артты. Өткен жылы Қарағанды өңірінде 260 мың адам болып қайтты. Ел бойынша облыс туристерге қызмет көрсетуден алғашқы үштікті тұйықтап тұр. Көрсетілген қызмет құны – 3,5 млрд. теңгені құрап, бес жылда 70 пайызға өсті.
Туризмді дамытуда нақты бағыттарға баса көңіл бөлінуде. Қарқаралы ауданында – экологиялық, археологиялық туризмге, Ұлытау ауданында – қажылық, этнографиялық, тарихи туризмге, Балқаш өңірінде – жағалау, экологиялық туризмге және Қарағанды қаласында – іскерлік және мәдени-танымдық туризмге жіті назар аударылуда.
Сондай-ақ, Қарағанды облысында шахталық туризмге қызығушылық баршылық. Мәслихатқа қатысқан «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының президенті Виталий Шуптардың айтуынша, аталған бағытты дамыту үшін кедергілер туындауда. Себебі, шахталардың барлығы жекеменшік қолда. Ол жерлерде саяхат жасау үшін қожайыннан рұқсат алудың өзі қиын шаруа. Сондықтан, қарағандылық турфирмалар келушілерді Қарағандыдағы кәсіптік-техникалық колледждің балансындағы оқу шахтасына апаруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта облыстық білім басқармасымен келіссөз жүргізілуде.
Туризм саласына инвесторлар тартуда қарқын бар. Биыл 14 нысан іске қосылады. Кейінгі екі жылда Ақтоғай ауданындағы Қызыларай мен Шабанбай би ауылдарында экологиялық туризмді өрістету жұмыстары жандануда. Виталий Шуптардың айтуынша, шетелдіктерге қазақтың дәстүрлі тұрмысы – таңсық. Олар ауылдың тіршілігіне араласып, жергілікті тұрғындардың тынысымен жақын танысқанды жөн көреді екен. Сондықтан, Виталий Шуптар аталған қос ауылда экологиялық туризмді дамытуға бел буыпты. Біріншіден, ауылдар облыс орталығына жақын. Екіншіден, табиғаты көркем. Үшіншіден, бұл ауылдарда қазақы тұрмыстың қаймағы бұзыла қоймаған. Келешекте аталған елді мекендерде қажетті инфрақұрылымдарды тұрғызу ойластырылуда.
Келесі жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесі облыстағы туризм кластерінің дамуына серпін береді деп күтілуде. Жергілікті туроператорлар «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясымен бірқатар меморандумдарға қол қойды. Аймақ бойынша өтетін алты туристік бағыт анықталды.
Журналистерді Қарқаралыға, Ұлытауға, Ақтоғайға баратын жол мәселесі қызықтырды. Татьяна Аблаева бұл жолдарды толық жөндеу мүмкіндігінің жоқтығын алға тартып, кейбір тұстары ғана жөнделетінін жеткізді.
Сондай-ақ, брифингте медициналық туризмді өркендету, шетелдік туристерге қатысты визалық қолдау мәселелері көрініс тапты.

