Зайырлы қоғамда исламға орын бар - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Зайырлы қоғамда исламға орын бар
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»
Елбасымыз Н.Назарбаев «Халқымыз Ислам татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екенін әрдайым өз ісімен көрсетіп келеді» деп қадап айтты. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы «Біз салт-дәстүріміз, бітім-болмысымыз Исламмен біте қайнасып, өркениетке қадам басқан қазақпыз» дейді.
Өркениетке тек қана зайырлы елдің қадам басатыны белгілі. Адами қасиеттердің тек зайырлы мемлекетте дамитыны тағы белгілі. Осыған қарамастан  асыл дінімізді зайырлы қоғамнан тыс қараушылық, дінді мемлекет­тен ғана емес, қоғамның өзінен бөліп алушылық, мемлекеттік және діни билікті екі бөліп қараушылық, тіпті, бірі-біріне қарсы қоюшылық сынды келең­сіздіктердің арамызда кездесіп қала­тыны жасырын емес. Оның артында белгілі бір топтың мүд­десі жатқаны сезіледі. Бүгінде мұсылман баласының ішінен мұсылман бала іздеушілік шық­ты. Таза мұсылман деген ұғым­дар пайда болды.
Сөз жоқ мемлекеттен бұрын дін пайда болған, сөз жоқ, мемлекеттен бұрын мәдениет, руханият пайда болған. Осы негізде рухани таным пайда болған. Мемлекетіміз сол таным жемісі.
Осыған байланыс­ты елі­­мізде кейінгі екі жыл бойы түсінік жұмыстары, ұлт­тық құн­ды­лықтарды діни негіз­­де насихаттау,  басқа да жұмыстар жүзеге асуда.  Үстіміз­дегі жылдың басын­да республикалық «Ислам және зайырлы қоғам» атты конференцияның өткені белгілі. Оның жаңғырығы ретінде Астана қаласында да осындай конференция өтті. Енді, міне, ондай конференция Қарағанды топырағында да өтті.
«Нұр Отан» партиясы об­лыстық филиалының ғимара­т­ында өткен конференция жұмысына облыстың имамдарымен бірге дінтанушылар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері де қатысты.
Оның жұмысын ҚМДБ Қара­ғанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа жүргізіп отырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан, Қара­ғанды облыстық дін істері бас­қар­масының басшысы Қ.Нұр­кенов, ҚарМУ-дің профессоры М.Әбдуов және басқалары құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстан діни басқармасы­ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа «Зайырлылық қоғам мен руханият танымы» деген тақырыпта салиқалы баяндама жасады.
– Көпшіліктің ішінде кейбір адам­дар «Мемлекет пен дін бөлінген, біз зайырлы елміз» деп жатжерлік ағымдардың проблемалары үшін көбіне дін мамандарын кінәлап жатады. Зайырлы болу деген сөз – мемлекеттің дін саласына мүлдем араласпауы дегенді білдірмейтіндігін бүгінгі қоғамда өмір сүріп отырған көзі қарақты баршамыз көкжиегі кең таныммен түсінуіміз қажет.
Бүгінде еліміз ұстанған дін танымымыздың бағыты дұрыстығын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та өз сөзінде айқындап берген. «Біз ежелден Ислам дінін, сүнниттік бағыттағы, ханафи мәзһабын ұстанған халықпыз» деген Елбасы сөзі баршамызға айқын бағыт болады. Иә, біз зайырлы елміз. Бірақ, зайырлылық – атеистік мемлекет дегенді білдірмейді. Ол – мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлы елде мемлекеттің билігі бірінші тұрады, яғни, діни билік мемлекеттік билікке бағынады деген мағынада қарау керек. «Дін мемлекеттен бөлінген» деген сөзді тікелей мағынасында қабылдамауымыз керек. Өйткені, Қазақстанның алпауыт батыс елдерінен өзгешелігі – біз дәстүрлі мем­лекетпіз. Ол дегеніміз – біздің топырағымызды ашып қарасақ, астынан бабаларымыздың ру­хы шығады, біздің тарихымыз, құндылықтарымыз, өр­ке­ниетіміз, мәдени плат­фор­­мамыздың бәрі осы топы­рақта жатыр. Ал, енді, бұл платформаның үстіне құрылған мемлекет өзінің мәдениеті мен дінінен қалай бөлек болып қалады? Ол осы танымды сақтау арқылы өзінің баяндылығын қамтамасыз етеді. Сол танымды зерттеу арқылы өзінің құндылықтарын қалыптастырып, дамытады. Сол негіздерге қамқорлық жасау арқылы өз келешегін жарқын етеді. Фарабидің, Платонның анықтамасы бойынша, кез келген мемлекеттің құрылуының басты мақсаты – сол құрушыларды бақытқа жеткізу. Сондықтан, «дін мемлекеттен бөлінген» дегенді біз биліктің дінге бейтарап қарауы деп қабылдамаймыз. Біз зайырлылықты мемлекеттік билік пен діни биліктің ажыратылуы деп түсіндіреміз және дін ешқашан саясатқа құрал болмайды деген мәселені негізге аламыз, – деді баяндамашы.
Елге ұсынылып жүрген зайырлылық концепциямыз қа­зақтың жүріп өткен тарихымен тығыз байланысты екендігін де естен шығармауымыз қажет. Зайырлы мемлекет – қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мем­лекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүм­кін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшы­лықпен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы.  Зайырлылық дегеніміз дін­сіздік емес, ол – гуманистік құндылықтарды, соның ішін­де адамның ар-ұждан және діни сенім бостандығын жү­зеге асыруды қолдайтын, дүние­танымдық еркіндікті, рухани саладағы ой-сананың көп­­түрлілігін мойындайтын, адам­гершілік-өнегелілік және құқықтық құндылықтарға негіз­­делген әмбебап жүйе. Сон­дықтан, діни таным да зайырлы дүниетанымның бір бөлігі болып табылады.
Конференциядан осындай тұжырым түйдік. Конференция соңы «Ислам және зайырлы қоғам» атты семинарға ұласты.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 128
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px