ЖҰМЫС БАР ЖЕРДЕ – НӘТИЖЕ БАР - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

ЖҰМЫС БАР ЖЕРДЕ – НӘТИЖЕ БАР
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»


Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс­тар жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Онда мына мәселелер талқыланды:
Білім беру мекемелеріндегі «Дінтану» пәнін оқытуды ұйым­дас­тыру мен әдісі туралы.
Діни жағдай және Шахтинск, Саран қалаларының діни бір­лестіктермен байланыс жөніндегі кеңесінің жұмыстары туралы.
Бірінші мәселе бойынша об­лыстық білім басқармасының басшысы А.Аймағанбетов баяндады.
Еліміздегі діни ахуалды сауы­қ­тыру, жас ұрпақты имандылық жолына тәрбиелеу мақсатында 2009 жылдан бастап дінтану негіздері пәнінің мектептердің тоғызыншы сыныбына енгізілгені белгілі. Бүгінгі таңда бұл пән облысымыздың барлық мектептерінде, атап айтқанда, 468 мектебінде оқытылады. Оған 16900 оқушы тартылған. Аптасына бір рет оқытылатын пән оқу жылында 34 сағатты құрайды. Маман немесе қайта мамандандырылған 557 ұстаз дәріс оқиды. Алғашқыда бәрі ойдағыдай бола қоймаған. Әсіресе, дінтанушы маман кадр­лар жетіспейді. Бір табан болса да осы пәнге жақын ғой деп дәріс оқу тарихшыларға жүктеледі. Мұндай жағдайда түпкілікті нәтиженің қандай болатыны түсінікті болса керек. Сондықтан, алғашқы күннен бастап мамандар біліктілігін жетілдіру бойынша көптеген жұмыс жүргізілген. Соның нәтижесінде, дінтанушы кадрлар тапшылығы саябырлаған.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отырады. Биылғы жылғы оның сомасы 22 млн. теңгені құрайды. Осы соманың дені жаңа оқу құралын алуға жұмсалатын болады. Ондай қажеттілік 15516 дана болмақшы.
Баяндамашының айтысы бойынша діни сенім-нанымға байланысты облыс оқушыларының арасында оқыс оқиғалар орын алмаған.
Екінші мәселе бойынша алғаш болып сөзді Саран қаласының әкімі А. Шкарупа алған. Баяндамашы келтіргендей мұнда сегіз діни бірлестік, бес филиал жұмыс істейді. Бұрынғыдай емес, қазір жұмыстың адрестік түрі кеңінен өріс алуда. Мұның өзі жұмыс сапасын айтарлықтай арттыра түседі. Тұрғындармен басқосу, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру күткендегідей нәтиже беріп жүр. Жыл басынан бері осындай екі дөңгелек үстел, бірнеше семинар ұйымдастырылған. Лаң­кестікке қатысты бейнефильм көрсету де ұмытылмаған. Әсіресе, «Адасқандар» спектаклінің көрсе­тілімі көпшілікке ой салды. Қалалық бірлестіктің ақпарат тобы өз жұмысын күн өткен сайын жандандыра түсуде. Соның нәтижесінде, діни ахуал қалыпты жағдайда.
Не нәрсенің болса да ақыры қаржыға келіп тіреледі емес пе? Биылғы бюджеттен бөлінген сома 600 мың теңгені құраған екен. Облыс әкімі бұл соманы арттыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Шахтинск қаласы әкімі С.Аймақов атап көрсеткендей бұл өңірдегі діни ахуал басқа жерлерге қарағанда күрделірек. Өйткені өңірде жабық мекемелер баршылық. Мұнда заңды жүзде тіркелген 19 діни бірлестік жұмыс істейді. Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Көпшілік жұмыстар бір жүйеге түсірілген. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың жариялылығы ойдағыдай. Қалалық «Шахтинский вестник» газетінде діни ахуалды сауықтыру бағытындағы мақалалар жиі жарияланады. Сәрсенбі күндері имамдар жабық мекемелерде болып, уағыз оқиды. Өңірдегі діни ахуал қалыпты.
Отырысты қорытындылаған Нұрмұхамбет Қанапияұлы жүйелі түрде әрекет етудің арқасында өңірдегі діни ахуалдың толық бақылауда дамып отырғандығын тілге тиек етті. Конфессияаралық ынтымақтастықты күшейту, ел азаматтарының діни сауаттылығын арттыру мен жалған діни ағымдар ықпалынан қорғау, радикалды діни идеологияның таралуына қарсы тұрудың маңыздылығын атап өтіп, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарымен кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының пәрменділігін арттыру мәселесін назарда ұстауды тапсырды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 136
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px