Жаңа құраммен – жаңа белеске - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Жаңа құраммен – жаңа белеске
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»


Кеше VI шақырылған облыстық мәслихаттың І сессиясы өтіп, жаңа құрамдағы депутаттық корпус жұмысқа кірісті. Заңға сәйкес, сессия жұмысын облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара АЙМАҒАНБЕТОВ жүргізіп отырды. Алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясына облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ қатысты.

Құрылтай сессияның күн тәртібінде 20 наурызда өткен ҚР Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауының ресми қорытындысын нақтылау, облыстық мәслихат хатшысын сайлау, тұрақты комиссиялар құрамын бекіту секілді ұйымдық мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша об­лыстық сайлау комиссиясының төр­ағасы Ерқара Аймағанбетовтің сайлау қорытындылары туралы хабарламасы тыңдалды. Баян­дамашының мәлімдеуінше, Қара­ғанды облысындағы сайлауда ешқандай заң бұзушылық тіркелмей, жоғары деңгейде өткен. Электораттың зор белсенділігімен өткен сайлау барысын бақылаған халықаралық байқаушылар тарапынан да бірде-бір сын-ескертпе болған жоқ.
Сондай-ақ, облыстық мәс­лихаттың V шақырылымдағы хатшысы Нұрлан Дулатбековтің ҚР Мәжіліс депутаты болып сайлануына байланысты, бұл лауазымға жаңа құрам сенім білдірген депутат ұсынылуы керек болатын. Бұл мәселеге байланысты депутаттық корпусқа «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова партия фракция­сы отырысының шешімін таныстырды. Партия фракциясы депутат Рысқали Әбдікеровтің кандидатурасын облыстық мәслихат хатшысы лауазымына ұсынған. Фракция ұсынысы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, №41 Ақсу-Аюлы сайлау округінен сайланған депутат Рысқали Әбдікеров облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды.
Сонымен қатар, сессияда бес тұрақты комиссия құрылып, олар­дың төрағасы мен құрамы бекітілді.
Сессия жұмысына қатысып, мәслихаттың жаңа құрамын құт­тықтаған облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы:
– Барлықтарыңызды халық сеніміне ие болып, депутат болып сайлануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сайлау­шылар аманатына адал болып, аймағымыздың гүлденуі мен дамуына зор үлес қосатындықтарыңызға сенімдімін. Атқарушы билік пен өкілетті биліктің ортақ мүддесі – халық игілігі. Осы мақсатта бірлесе жұмыс атқарып, абырой биігінен көріне берейік, – деді.
Облыстық мәслихаттың ІІ сессиясының төрағасы болып депутат Серғазы Әдекенов сайланды.
Сонымен, жаңа құрам жаңа белестерге бастайтын серпінмен іске кірісті. Сәттілік!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 208
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px