Жаңашыл жастар байқауы - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы» халықаралық  көрмесіне орай ұйымдастырылған жастардың «Сарыарқа болашағы» байқауы сәрсенбі күні өз мәресіне жетті. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба оқушылар мен студенттердің техникалық әлеуетін арттырып, ғылыми шығармашылығын жетілдіруді көздейді.

Байқауға медицина, химия, энергетика, экология, ІТ-технологиялар, көлік және коммуникация салаларын қамтыған барлығы 67 жоба ұсынылған. Жас дарындар облыс әкімі Н.Әбдібеков пен қонақтарға жұмыстарын таныстырып, мақсаты мен маңызына тоқталды.  Аймақ басшысы олардың барлығын аса қызығушылықпен тамашалап шықты.

– Байқауға қатысқандарыңның өзі аймақтың дамуына қосқан үлестерің,– деді облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков. – Осындай талантты жастардың өсіп келе жатқаны бізді қуантады. Мұндағы әр жобаның мәні зор. Оларды болашақта жүзеге асырып, облыстың, еліміздің игілігі үшін пайдалануға болады. Алдағы уақытта ғылымға бет бұрған жастардың қатары бұдан да артады деп сенемін.

Үздік шыққандарды «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сы, «Сары-Арқа» технопаркі, облыс­тың кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, өнеркәсіп және индустрия­лық-инновациялық даму, білім басқар­маларының өкілдерінен құрал­ған қазылар алқасы анықтады. Жеңімпаздарды әр жобаның әлеуметтік маңызы мен тиімділігіне мән берген қазылар жүз жүйріктің ішінен үш аталым бойынша іріктеді.    

«Оқушылар мен колледждердің 1-2 курс студенттері арасында үздік техникалық инновациялық жоба» аталымында үшінші орынды «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары Нұржан Әбдікен мен Саян Бәкіров иеленді. Осы аталымда екінші орынға табан тіреген Шахтинск қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы мектептің оқушысы Байбек Байдилдин болды. Ал бірінші орын Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық коледжінің студенттері Юрий Шульга, Дмитрий Шульга және Дмитрий Копышевтың қанжығасына байланды.

«Оқушылар мен колледждердің 1-2 курс студенттері арасында үздік жаратылыстану-гуманитарлық инновациялық жоба» аталымында «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Темірлан Кәрімбаев үздік үштіктен көрінді. Екінші жүлделі орын осы мектептің тағы бір оқушысы Вероника Крякушинаға бұйырды. Ал, бірінші орынды химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Элина Смағұлова мен Ольга Шутилина иеленді.

Ал, үшінші «Колледждердің 3-4 курс студенттері, жоғары оқу орындары студенттері және жас ғалымдар арасында үздік инновациялық жоба» аталымында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Айгерім Елемесова үшінші орынға ие болды. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті Анастасия Геринг аталмыш аталымда екінші орыннан көрінді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері Азамат Атамбаев пен Ерасыл Байжігіттің  жобасы үздік деп танылды.

Оза шапқандар арасында ғылыми жобаны бүгіннің өзінде қолға алғандары баршылық. Мәселен, Азамат Атамбаев пен Ерасыл Байжігіт «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінде жобаларын жүзеге асыруда. Олар алғаш болып сылдыршөптен экдистерон, яғни, адам ағзасына қуат беретін табиғи затты алуды жолға қойды. Оны тазарту технологиясы да белгіленіп, студенттер белсенді түрде жұмыс жасауда.    

Сонымен қатар, шара барысында ынталандыру сыйлықтары да табыс етілді.

«Әлеуметтік маңызы үшін» аталымында №38 мектептің оқушысы Ксения Губская марапатталды. Ол «облыс бойынша электрондық жолсерік» жобасын ұсынған болатын. «Мұнай-химия және энергетикадағы жаңа әдістер» аталымы бойынша «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Айым Иманбаеваның жобасы үздік деп танылды. Сондай-ақ, №101 мектеп-лицейінің оқушысы Дінмұхаммед Жақсыбаев «Экологиялық маңызы үшін» аталымының жеңімпазы атанды.

Барлық қатысушылар арнайы сертификаттарға ие болды. Ал, жеңіс тұғырынан көрінген жеткіншектерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ғылымға ден қойған жастарды қолдайтын игі бастама жыл сайын өрісін кеңейтеріне сенеміз.

 

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 344
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px