Жауапкершілік – басты орында - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Жауапкершілік  – басты орында
Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»


Кеше Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында дәрі-дәрмектерді оңтайлы қолдану тақырыбын қаузаған республикалық дөңгелек үстел өтті.
«Нұр Отан» партиясының облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова шараға жиналғандарды қарсы алып, тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
– Бүгінгі таңда қоғамда бірқатар дәрілерді дәрігердің рецептінсіз бермеу тәртібі кеңінен талқылануда. Біздің партияның қабылдау бөліміне осы мәселелерге қатысты көптеген өтініштер түсуде. Осыған байланысты қоғамдық кеңес құрылып, мәселенің түйінін тарқатуға тырысты. Емханалардағы ұзын-сонар кезекті жойып, дәрігерлердің қызмет сапасын арттыру мақсатында облыста алғаш рет «Қарағанды облысының кешенді медициналық ақпараттық жүйесі» жобасы қолға алдынды. Онда рецептерді жазудың жаңа модулі енгізілген. Сол арқылы дәрігер рецептерді автоматты түрде жазып береді. Бұл дәрігер мен науқастың уақыт үнемдеуге сеп болады, – деді Қ.Оспанова.
Дәрі-дәрмекті бейберекет пайдаланудың зияны биыл енген «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында айтылуы тегін емес. Өздігінен емделу үнемі оң әсерін бермейді. Аурудың асқынуы, сол дәріге тәуелділік пен оның тиімділігінің жойылуы, аллергия секілді жағдайларға себеп болуы мүмкін. Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі жаһандық проблема деп қарап, қатаң шаралар қолдану қажеттігін айтуда.
Осы орайда облыстың барлық емханаларына енгізілген электронды «Кешенді медициналдық ақпараттық жүйе» кезектерді азайтып, медицина қызметкерлерінің қағазбастылығын қысқартып, жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Дәрігерге емхана сайты немесе терминалдар арқылы жазылуға жағдай жасайды. Аталмыш жүйеде дәрілік заттардың мемлекеттік тізімі жасақталып, онда енгізілген 7669 дәрінің атауы латын тіліне аударылған. Бұл өз кезегінде дәрінің саудадағы және халықаралық атауын сәйкестендіріп, кез келген дәріні оңай тауып алуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, облыстың ден­саулық сақтау басқармасы өткен жылдың күзінен бастап емха­налық қызмет көрсететін барлық медициналық ұйымдарда әлеуметтік дәріхана ашуды қолға алған болатын. Бүгінгі таңда ондай дәріханалардың саны әуелгі 25-тен 32-ге артты. Оның бесеуі облыс орталығында, қалғандары аймақтарда орналасқан. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Фазыл Копобаевтың айтуынша, әлеуметтік дәріханалардың санын жыл сайын 50-ге жеткізу жоспары бар.
Дөңгелек  үстелде  сөз  алғандар дәрігерлер арасында белгілі бір фармацевтикалық   компанияның сойылын  соғатындардың  барын  жасырмады.
– Медициналық қызметкерлер арасында дайын рецептілерді беріп, белгілі бір дәріханалардан ғана алуын ұсынатын фактілер бар. Фармацевтикалық компания­лар тарапынан түрлі сыйлықтар, техникалық құралдар тағы басқаларын алып, солардың өнімін өткізуге жағдай жасаған. Бұл медицина қызметкерлерінің өз ісіне салғырт, халық денсаулығына жауапкершілігінің төмендігін байқатады, – деді Медицина және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айжамал Батыралиева.
Қоғамдық кеңес бастамасымен енгізілген электрондық емхана жүйесі алдағы уақытта осы келеңсіздіктерді жойып, медициналық қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді деген ойдамыз.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 434
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px