Әзірлік барысы пысықталды - Саясат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Жақында Қарқаралыда облыс әкімінің орынбасары Андрей ЛЯПУНОВТЫҢ қатысуымен өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу жиындары өтті.

Жаттығу басталмас бұрын аудан әкімдігіндегі жиында аталмыш тақы­рыпта бірқатар мәселелер тал­қы­ланды. Оған аудан әкімі Халел Мақсұтов, облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев, облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бақтияр Санбаев, облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің басшысы Вадим Магамадов және Қарағанды, Теміртау, Ақтоғай, Жаңаарқа, Ұлытау, Қу орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылықтарының өкілдері қатысты.

Жиынды Х.Мақсұтов кіріспе сөзбен ашып, былтырғы жаз маусымындағы дала өрттері салдарынан жайылым, шабындықтарға көп зардап тигенін тілге тиек етіп, тілсіз жау саналатын қатерге дайын болудың өзектілігіне тоқталып өтті. Бұдан әрі жиынды А.Ляпунов жүргізіп, И.Күршімбаев, Б.Санбаев және Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Р.Төлепбаев хабарлама жасап, облыстағы өртке қарсы дайындық жұмыстарына егжей-тегжей тоқталып өтті. Отырысты облыс әкімінің орынбасары қорытындылап, бірқатар маңызды міндеттерді назарға қойып, тиісті тапсырмалар берді.

Бұдан соң, шара жаттығу алаң­дарына ойысты. Атап айтқанда, Қар­қаралы-Қарағанды жолы бағытын­дағы 9 шақырымда орналасқан жаттығу алаңында орман алқабына қаупін төндіріп отырған өрт ошағын сөндіру шаралары қолға алынды. Бұған облыстың төтенше жағдайлар департаменті мен ауданның төтенше жағдайлар бөлімі, Қарқаралы Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі мен №40 өрт сөндіру бөлімінің сарбаздары мен техникалары, сонымен қатар, ерікті жасақ күштері жұмылдырылды.

Келесі жаттығу алаңы орман алқабымен шектесіп тұрған №44 мектеп-интернаты жанында болды. Онда тұрғын үйлер мен мектеп интернатына орманнан тұтанған өрттің тигізер қаупін жою бойынша жаттығу өтті. Жоғарыда аталған күштер арқылы өрт ауыздықталып, интернат балалары №2 орта мектепке шоғырландырылды. Басшылар өрт сөндіру жұмыстарымен қоса, өрт ошағынан шығарылған адамдарды қабылдап алушы пункт – №2 орта мектептің дайындығын да бағдарлады.

Осы екі жаттығу алаңында да штабтар құрылып, облыс, аудан басшылары және төтенше жағдайлар бөлімдерінің жетекшілері жасалып жатқан жұмыс­тарды үйлестіріп, бақылауда ұстады.

 

 

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 340
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px